Топонимдердегі түр-түс атауларының семантикасы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 04 Июня 2015 в 00:01, дипломная работа

Краткое описание

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ тіл білімінде соңғы жылдары қорғалған, ономастиканы жаңа бағытта зерттеу, аталым теориясының негіздерін зерделеуге қатысты мынадай еңбектерді атауға болады: Г.Б. Мадиеваның «Имя собственное в контексте познания» (2005), Б. М. Тілеубердиевтің «Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық негіздері» (2006), Қ.Ж. Айдарбекованың «Қазақ терминологиялық аталымының ономасиологиялық аспектісі» (2009) атты докторлық диссертациялары. Бұл жұмыстарда қазақ ономастикасы мен терминологиялық аталым теориясының бірқатар іргелі проблемалары қарастырылып, оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Г.Мадиева Қазақстан ономастикалық ғылымында қалыптасқан ғылыми-теориялық пайымдауларды жүйелеп, реттестіріп, зерттеу аспектілеріне жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, зерттеуші алғашқы болып қазіргі ономастикалық жүйенің метадиалектісі мен концептуалды-терминологиялық аппаратын, қазіргі Қазақстанның ономастикалық кеңістігіндегі онимдік бірліктерді леммалау проблемасын алғаш рет зерделеп, жүйелеп, тереңдете қарастыру арқылы, бірқатар тың теориялық нәтижелерге қол жеткізді.

Содержание

Кіріспе.......................................................................................... 4
І тарау. Қазақ тіліндегі түр-түс атауларының семантикасы ......... 6
І.1 Түр-түс атауларының зерттелу жайы ....................................... 6
І.2 Түр-түстің символикалық табиғаты .........................................
10
ІІ тарау. Топонимдердегі түр-түс атауларының семантикасы ...... 31
ІІ.1 Қазақ топонимдеріндегі түр-түс атауларының мағыналық ерекшелігі ....................................................................................
31
ІІ.2 Түр-түс атауларына қатысты топонимдердің психолингвистикалық сипаты ..................................................
34
ІІ.3 Батыс Қазақстан облысындағы түр-түс атауларымен келген жер-су атаулары .........................................................................
38
Қорытынды ............................................................................... 49
Пайдаланылған әдебиеттер .................................................... 52

Прикрепленные файлы: 1 файл

топоним тус.doc

— 543.00 Кб (Скачать документ)

 

Кесте 4 – Көк түсіне байланысты ұғымдық белгінің түрлері

 

 

 

 

Көк

Байлықтың белгісі: көк тонды, көк етікті, т.б.

Құдіреттілік күштілік белгісі: жеті қат көк, көк түркілер, көк бөрі, заңғар көк, көк болат, көк темір, т.б.

Жастық, махаббат белгісі: көгілдір сезім, көк сағым, көк көгершін, көгілдір аспан,  т.б.

Ойсыздық, сенімсіздік белгісі: көк долы, көк мылжың, көк жалқау, көк ми, көк бет, көк айыл,  т.б.


     

 

Түр-түс ұғымдарын саралап, зерделей түскенде, топтастырғанда ұғатынымыз көк түс ұлттық менталитетімізді айқындауға зор септігін тигізері анық. Әсіресе көк түс – тазалық, пәктік белгісі десек, оның өзі құдіретті күш иесі, Тәңірімен, байланыста ұғынылып отыр. Байқасақ, көк сөзіне қатысты тілдік, белгілік мағыналарында жағымсыз ұғымнан гөрі, ұнамдылық белгісі басым екен.

Қазақ ұғымында көк – тыныштық пен бірліктің, берекенің белгісі. Ол аспанмен, тәңірмен қуатталады. Сондықтан ол мықтылықты, жеңімпаздықты, рухы жоғарылықты, үстемдікті, паңдықты білдіреді. Соған сай көк түрік, көк ту, көк бөрі, көк төбе, көк сауыт, көк найза, көк сүңгі, көк болат, көк мылтық, көк қаршыға т.с.с. тіркестер бар. Түркі халықтары төтемі – көк бөрі. Көктің келесі бір білдіретін мағынасы – романтика, сезім, нәзік үміт, махаббат, жақсылық, жылылық, жан жақындығы, тілек бірлігі: көгілдір сезім, көк теңіз, көгілдір көл, көк көгершін, көк сағым, көк терек, көк аспан, көк бұлт, көк күйме, Көк жорға, т.с.с. Көк сумен де байланыстырылады. Салқындықты, қарапайымдылықты, ойлылық, ойсыздықты, зиялылықты, әр түрлі реңкінде сенімділікті, тұрақтылықты, іскерлікті, ізгілікті, тереңдікті, аяқталуды білдіруі мүмкін: көк есек, көк ми – су ми, көк ет, көк жалқау, көк көйлек, көк айыл, көк бет, көк мылжың, көк долы, т.б.

Көк сөзінің көкшіл, көгірек деген түстік мағыналарына орнығуы адам танымы арқылы танылған зат пен құбылыстардың танымдық құрылымы арқылы берілетін бейненің ортақ сипатымен байланысты. Аспанды көк деп атап, көк тәңірге табынған, көк бөрінің ұрпағы саналған түркі тектес халықтардың танымында аспанның түсі барлық осы түстес белгілерге атау ретінде берілген. Неге аспан деп аталынбаған деген сұраққа «аспан» сөзінің өзі таза түркілік емес, әрі қолдану уақыты да кейін енген деуге болады. Көк сөзі – түркі тектес халықтарға ортақ сөз. Заттық мәндегі көк (аспан) пен түр-түс атауы көкті синкретикалық түбір деп қарастырып жүр.  Аспан мағынасындағы көк сөзі мен онымен түстес нәрселердің салыстырмалы түрде көк аталуы әбден мүмкін. Көне түркі тілдерінде «көк» сөзінің бір мағынасы «тамыр», «көкяң» қазіргі түркі тілдерінде «тамырлас» ұғымын береді. Бұл «көкең» туыстық атауымен  де байланысты. Мұндай мағына «көгі жақсы», «көгі жаман» тіркестерінде сақталған. Бұлар көне жазба ескерткіштерінде де кездеседі. М.Қашқаридың еңбегіндегі «көгің кім» тіркесінің аудармасы  «шыққан тегің қандай» дегенді білдіреді.

Көк сөзінің тілдік таңба ретіндегі мағынасы: «Ашық аспан тәрізді түс». Ал символ ретінде көк сөзі басқа семантикалық мәнде көрінеді. Ә.Марғұлан көк түс – көкке табынудың, аспанның символы екендігін атап көрсетеді. Қазақ ұғымында көк түс – ең таза, киелі, қасиетті түс. Көк түс – аспанға берілген, оның тәңірлік сипаты болған.

Бастапқыда оттың, күннің түсіне қатысты қабылданған келесі бір қасиетті түс белгісі – Қызыл сөзі. Табиғи құбылыстарға байланысты туындаған қызыл сөзімен тіркестегі қызыл іңір, қызыл арай, қызыл су тіркестері күнге қатысты алынғандығын түсіндіреді. Бұлардан да тыс тілімізде қалыптасқан басқа да тіркестегі (қызылға қатысты) күрделі аталымдар түске қатысты тілдік белгілерді айқындайды. Жалпы қызыл түс о баста күннің, оттың түсіне байланысты қабылданған  қасиетті түс болып саналады. Тілдік деректер қызыл сөзінің «әшекей» мағынасында да қолданылатындығын көрсетеді: Осы тарыға семірген қырғауылдар әр жерден қарқылдап, қызыл тағынған қыздай бой көрсетеді (А.Тоқ.). Бұл сөйлемде қызыл сөзінің әшекей ұғымында жұмсалып тұрғандығы байқалады. Мұндағы қызыл сөзінің арғы негізінде қымбат  түсті металл жатқанын байқау қиын емес. Қазақтар арасында қызыл орамал – тұрмысқа шықпаған қыздың белгісі болып саналған. Қызыл орамалы немесе қызыл киінген қызы бар үйді қызыл үй деп атау дағдысы да болған. Оны жергілікті тіл ерекшеліктерінен кездестіреміз: қызыл үй (Қостанай обл.) – қызы бар үй. Қызыл сөзінің «жас», «жаңа туған» деген де мәні бар екенін тіліміздегі қызыл шақа, қызыл қарын жас бала т.б. тіркестерімен қатар, тұрмыстық  салт-дәстүрлер көрінісінде ерекше дәлелденеді. Қызыл қарын жас бала – ес біліп, етек жаппаған, буыны қатпаған, ер жетпеген бала. Қызыл шақа – шыр етіп жаңа туған бала, құс балапаны. Қазақ әдеті бойынша  жаңа туған ботасы бар үйге қызыл жалау байлаған. Мұны көргендер атпен, көлікпен қатты жүріп келмеген. Қатты келсе, бота шошып, өліп қалады деп ойлаған. Бұл жердегі жалау түсі «жас нәресте, балапан, әлі қатаймаған кезі» деген мәнді білдіреді. Сондай-ақ, шешек ауруымен жас бала ауырса, сол үйдің шаңырағынан қызыл жалау шығарып қою, үйдің ішіне қызыл мата ұстап, қызылдап қою әдеті болған, бұның бәрі мифологиялық, діни, астрологиялық т.б. наным-сенімге байланысты болса керек. Ақын-жазушылар шығармаларынан қызыл түсінің қолданылу аясының кеңдігін байқаймыз. Бір ғана Ж.Баласағұн шығармаларын алып қарағанымызда, қызыл түсінің бірнеше ауыспалы мағынасын анықтадық. Қызыл түс – қуаныш символы. Кісінің жүзінің қызылдығы оның тұрмысынан хабар береді және тазалықтың, байлықтың символы ретінде қызмет атқарып, адамның көңіл-күйінен хабар береді. Қызыл түс – сұлулық символы: Әппақ еті, жүзі қызыл шырайлы, Сәмбі талдай бал денесі былайғы. Қызыл – жастық шақ белгісі ретінде беріле отырып,сарғаю сары түсті кәрілікке қарсы қойылады,қызыл-сары бинарлық (жастық-кәрілік) түр-түс оппозициясының түзілгендігін көреміз. Демек, қызыл жастық семантикалық филиациясы «өмір» семасымен байланыста алынады. Қызыл түс – соғыс, өлім бейнесін береді. Мысалы: Ат, қаруы қып-қызыл қан болады, Қызыл жүзі жап-жасыл боп оңады – жолдарынан қып-қызыл қан болған қатыгездік бейнесін көреміз. Содан барып қан – соғыс – өлім семантикалық филиациясы құрылады. Қызыл түс – өткірлік белгісі. Сөйлеуде, поэзияда сөздің шебер қолданысында қызыл түс тура мағынасында емес, ауыспалы мағынада қолданылуы жиі кездеседі: Ғұмырыңды қысқартатын – қызыл тіл, Есен болғың келсе, тірлік құнын біл. Қорыта айтқанда, қызыл түс жастықтың, әдемілік, сұлулық, өткірліктің символы болумен қатар, қатыгездіктің, ашудың белгісін беретін тұстары да бар екен.

 

 Кесте  5 –  Қызыл түсінің  мағыналық топтары

 

 

 

 

Қызыл

Әдемілік, сұлулық белгісі: қызыл толқын, қызыл шырайлы, қызыл жүз, қызыл ажар,  т.б.

Қатігездік белгісі: қызыл найза, қызыл қан, қызыл көз, қызылбас,

Өткірлік белгісі: қызыл тіл, қызыл сөз, қызыл ер, т.б.

Жастық белгісі: қызыл шақа, қызыл қарын, қызыл сирақ, т.б.


 

Адам өмірінің анықтаушы факторы күн мен түн, жарық пен түнек. Түн әрекет тоқтауына, тылсым тыныштыққа, күн әрекет, өмір, қызу тірлікке жағдай жасайды. Осыған орай түстер әуелі 2 топқа ажыратылады: 1. Қара, қаракөк (түн); 2. Ақ, ашық сары (күн). Қара, қаракөк тыныштық, мүлгіген құпиялы. Ақ, сары – үміт, белсендлік. Осы түстер адам басқара алмайтын оған әсер ететін факторларды көрсетеді де, іштен реттегіш түстер ретінде сипатталады. Түстер де іштей бинарлы жұп құрайды.

«Ақ-қара» жұбы бар мен жоқ, тірі мен өлі, жақсы мен жаман символы. Түстердің психологиялық қырынан зерттеген Р.Фрумкина «Негізгі түстер» ұғымының өзі тілді қолданушының санасында сұрақ тудырмайды: ол спектрдің үздіксіз екендігі жөнінде ештеңе де ойламайды. Тілді қолданушылар ақ-қара түстерінің бір-біріне түс бойынша емес, жарықтың бар немесе жоқ болуына орай қарама-қарсылыққа ие екендігін байқамайды да», - деп жазады [Фрумкина Р.М. Цвет, смысл, сходство. М., 1984, 31].

Бұл жерде ең бастысы қарапайым таным иесі үшін түс емес, жарық болғандығын ескеру керек. Ақ-күн (толық жарық түсу) қара-түн (жарық өшу) арқауы арқылы көп мән жасалған, осы ретте түс – екіншілік кезекте тұрады. Символ мағынасы – қарапайым әсерлердің мәндік жарқыншағы. Олар таңба-белгілерден ажырай алмайтыны сияқты өзі қабылдаған мәнінен де бөлектене алмайды. Символ мағынасы ерекше мән ұшқынымен көмкерілген және ол сана деңгейінде жасалған. Символ ойлауға дейінгі болғанмен, ақыл-еске дейінгі емес. Сондықтан қара символы да әуелде жарық пен түсті бақылай алмау себебінен жасалмаған, физикалық табиғи құбылысты белгілі деңгейде танып, бірақ басқара алмау себебінен пайда болған.

Қытай философиясының қарсылықты жұп құрайтын «ци» арқылы әрекет ететін дүниенің негізгі бес тармағы 5 элемент принципі де адамзат танымынан алыс кетпейді. Ал түркі халқы үшін дүние тетігі бинарлы қатынастағы 2 жұп – төрт элементтен құрылмақ. Оның ядросы күн мен түн, не ақ пен қара (қызыл-жасыл), стихиясы – от, су, жер, көк – тәңір.

Қоңыр. Халқымыздың жанына жақын түстердің бірі – қоңыр түсі. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» қоңыр түсіне байланысты тура және ауыспалы сөздер тізбегі берілген, мысалы: қоңыр, қоңыр ала, қоңыр аю, қоңыр ән, қоңыр бел, қоңыр дауыс, қоңыр жел, қоңыр жүз, қоңыр көлеңке, қоңыр күз, қоңыр қаз, қоңыр леп, қоңыр салқын, қоңыр тарту, қоңыр үн». Қоңыр – жер түсі, тірлік, өмір бейнесі. Қазақ нанымында бұл түс ерекше орын иеленеді. Қоңыр– алдымен қауіпсіздік, тыныштық, мамыражай тірлік белгісі. Қоңыр сөзі түстік мағынадан басқа мынадай: қоңыр күй, қоңыр дауыс, қоңыр күз, қоңыр жел, қоңыр әңгіме, қоңыр қабақ, қоңыр тірлік, қоңыр сөз, қоңыр самал, қоңыр дала, қоңыр салқын, қоңыр кеш, қойдай қоңыр, майда қоңыр сияқты тіркестермен келіп, әртүрлі құбылыстың небір жанға жайлы, құлаққа жағымды, жүрек тебірентетін нәзік те әсем сәттерін, өмір, тіршіліктің жайбарақат, мамыражай, кейде тіпті жұпыны да сыпайы қалпын суреттейтін ерекшеліктері көзге түседі. Мысалы: қоңыр кеш, қоңыр үн, қоңыр үй, қоңыр көлеңке, қоңыр төбе, қоңырқай көз, т.б.

«Қоңыр» сөзінің қазіргі қолданыстағы биік, жай, бос, салқын, бірқалыпты, баяу, жұтаң, момын, кем т.б. мағыналары ертедегі мәндерімен сыбайласатыны даусыз. Түрік сөздігінде «қоңыр үн» көмейден шығатын үн деп түсіндірілген [10, 487]. «Оғлан үні қоңрады – Баланың дауысы қоңырланды», яғни бала балиғатқа жеткенде дауысы өзгерді, дауысы қоңырланды [10, 535]. Көріп отырғанымыздай, қоңыр үн, қоңыр дауыс ер адамға тән, ер баланың белгілі бір даму кезеңіне сай пайда болатын, ән салғанда кәсіби әншілікті қажет етпейтін (қоңырлатып ән салды) дауыс, үн. «Шұбар, тарғыл» сөздері де үн, дауыс сөздерімен тіркесетіні және жағымсыз мән тудыруы кездейсоқтық емес.

Қоңыр, сондай-ақ, жердің түсі. Жер халықтың тіршілік орны ретінде қазақ елінің танымында ерекше жағымды мәнге ие.

Ол уақыттарда қоңыр ғана тіршілігі бар біздердей кісілер шайды құрт, ірімшік, сарысумен ішкен (Ө.Қанахин).

Бұл сөйлемде қоңыр арқылы берілген ақпаратты түсінуге ыңғайлы етіп былай құруға болады: 1.1. Ол кісілердің тұрмысы қарапайым, жұтаң.  1.2. Қоңыр ғана тіршілік қазақ үшін орташа, бірақ ортадан төмен емес, бай да емес; 1.3. Ол кісілердің тұрмысы бұрын орташа деңгейде болған, немесе тұрмысына қанағаттанбаған; 1.4. Ол кісілердің тұрмысы жақсы, өздері қанағаттанады; 1.5. Ол уақыттарда тұрмысы олардын гөрі жақсырақ (қоңыр емес) басқалар да болған.

Үйдегілердің көңілді дауыстары жарқын-жарқын шығады: міне, мынау майда қоңыр үн иесі – Тамыз қарт (М.Сүндетов).

Қоңыр жағымды әсер тудырады. Қоңыр үн – жағымды үн, оның иесі де сабырлы, жайдары, ақылды болмағы шарт. Жақсы көрмейтін адамға жақсы қасиетті таңу сирек құбылыс. Жамандығы басым адамға шұар, тарғыл, қытымыр үн тән. Осымен де қатысты Тамыз қарт қоңыр дауыс, қоңыр үн иесі ретінде автор танымында көрініс береді.

Қазақ халқы көңілсіз, сұрғылт, суықтықты бейнелеу үшін сұр мен күрең сөздерін көп қолданады. Бұның соны үлгілерін ақын-жазушылар шығармаларынан көптеп келтіруге болады. М.Мақатаевта «күрең күз», «күрең күн», «күн бүгін тұрып алды күреңітіп», «Қош енді, қош бол, күрең күз, күрең мұң саған жібердім», «күрең өмір» секілді тіркестер молынан кездессе, «қоңыр» жайлы мезгіл, орын, зат ретінде қолданылады. Қазақ халқы көңілсіз, сұрғылт, суықтықты бейнелеу үшін сұр мен күрең сөздерін көп қолданады. Бұның соны үлгілерін ақын-жазушылар шығармаларынан көптеп келтіруге болады. М.Мақатаевта «күрең күз», «күрең күн», «күн бүгін тұрып алды күреңітіп», «Қош енді, қош бол, күрең күз, күрең мұң саған жібердім», «күрең өмір» секілді тіркестер молынан кездессе, «қоңыр» жайлы мезгіл, орын, зат ретінде қолданылады.

Ақын С.Мәуленов тілін зерттеуші А.Бекбосынова өлең жолдарындарындағы түр-түс мағыналары туралы былай дейді: «...Көру теңеулерінде қара түс молшылық, байлық ұғымында қолданылған. Қызыл түсті қолдану арқылы ақын өзі жүріп өткен майдан көрінісінен хабар берсе, бірде қызыл түс белгі ретінде қолданылып, сұлулықты, әсемдікті әспеттеуге де жұмсалған. Ақын өлеңдерінде саны жағынан өте көп кездесетін теңеулердің келесі семантикалық тобына сезім-күй теңеулерін жатқыздық. Сезім-күй теңеулерінде дүниенің тілдік бейнесі түр-түстерден де көрінеді. Әсіресе ақын түр-түстердің ішінен қызыл, ақ, қара түстерді белсенді қолданған. Енді бірде ақын қызыл түске ерекше мән береді. Ақын танымындағы қызыл сөзінің ұғымы мынадай:

             Алматының күзін көр,

      Жазынан сұлу күзі  бар.

      Қарақат, өрік, жүзімдер,

      Алмадай қызыл жүзі бар. 

                                 /“Алматының жазын көр”/.

Ақын Алматының табиғатына сүйсінеді, оны жазынан да сұлу күзі қызықтырады. Күз – жыл мезгілінің ең бір сұлу кезеңі. Ақын танымындағы күз жалпықолданыстағы қоңыр күз, сары ала күз, алтын күз емес, алмадай қызыл жүзі бар күз. Дүниенің тілдік бейнесіндегі қызыл сөзінің мағыналық спектрі өте кең, ақын қолданысындағы қызыл әдемі, әсем ұғымын білдіріп тұр» [11, 11].

І.Жансүгіров поэзиясындағы түр-түске қатысты тілдік  бірліктердің танымдық сипаты туралы Е.Касеновтың зерттеу жұмысынан кездестіре аламыз. Ол былай дейді: «Ақын поэзиясында көрініс тапқан (ақ, сары, қара, көк, қоңыр, қызыл, жасыл, сұр) түр-түс атауларына қатысты тіркестер халықтың мыңдаған жылдар бойы жинақтаған танымы мен білімін тануға септігін тигізеді. І.Жансүгіров поэзиясында ақ түс «ақ сүт», «ақ орда», «ақ отау», «ақ шаш» символдық мағынасында келіп, халықтың осы түр-түс атауы жөніндегі танымын білдіреді. Ақын өлеңдеріндегі «қара жер», «қара шаш», «қара көз», «қара қазан» тіркестері белгілі бір символдық мәнде танылса, көк түр-түс атауы өзінің негізгі мағынасынан басқа ауыспалы, символдық мағынада – аспан, тәңір деген мәнде ұғынылады. Ақын туындыларында көк түр-түс атауына қатысты жағымды, жағымсыз мән беретін «көк темір»,  «көк болат», «көк жиек», «көк жара», «көк түндік», «көк шалғын», «көк орман», «көк езу», «көк сақал», «көк бөрі», «көк айыл», «көк жұлын», «көк тоқты», «көк ешкі» т.б. тіркестер орын алған. Ақынның «қызыл» түр-түс атауына байланысты қолданылған «қызыл тулы», «қызыл жаға», «қып-қызыл тамшы қан» сөз тіркестері таптық мәнге ие болған. Ақын поэзиясындағы «жасыл қыр», «жасыл жолақ кілемдей», «жасыл жайлау», «жасыл дала», «жасыл ағаш», «жасыл шу», «жасыл аспан», «жасыл су», «жасыл желек» тіркестері өздері тіркесіп тұрған сөздердің түсін емес, жас, жаңадан көктеп келе жатқанын білдіріп, ақын танымына сай образдық мәнге ие болуымен ерекшеленеді.

Ақын поэзиясында қолданыс тапқан қоңыр түр-түс атауымен байланысты «қоңыр түн», «қоңыр жаз», «қоңыр кеш», «қоңыр салқын», «қоңырқай күз», «қоңыр кеш», «қоп-қоңыр аспан», «қоңыр дала», «қоңыр дөң» тіркестері жанға жайлы, бірқалыпты мағынасын берсе, «қоңыр сарын», «қоңыр салқын леп», «қоңыр самал», «қоңыр жел», «қоңыр күй» тіркестері бірқалыпты, баяу, салқын ұғымын береді.

І.Жансүгіров поэзиясында сары түр-түс атауы бірде өзінің түстік мағынасында берілсе, бірде образды, символдық мағыналарында жұмсалады. Ақын қолданысындағы «сарғайтып, сарылтып» тіркестері нағыз, анық  уайым мен ұзақ шыдаммен шын күту мағынасын берсе, «сары ауру» тіркесі сақталған, әдеткі деген семасын білдіреді. «Сұр» түр-түс атауына қатысты тілдік бірліктер ақын поэзиясында жиі қолданылмайтын лексемалардың бірі болып табылады. Ол бірде өзінің түстік мағынасында берілсе, бірде символдық мағынада танылған. Жалпы, ақын поэзиясы тіліндегі түр мен түс атаулары және оған қатысты тілдік бірліктер өзінің когнитивтік семантикасына сәйкес ғаламның этникалық тілдік бейнесін көрсетуде айрықша мазмұнға ие [12, 23].

Информация о работе Топонимдердегі түр-түс атауларының семантикасы