Әдебиет тарихынзерттегенде мәселені

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Февраля 2013 в 07:13, реферат

Краткое описание

Әдебиет – халықтың рухани қазынасының алтын қоймасы. Сол қойманы сақтай білген, сол қазынаны рухани қажетіне қарай орынды жарата білген халықтың ғана ұлт ретінде, халық ретінде болашағы бар. Сондықтан да сол әдебиетті төкпей-шашпай, жүйелеп, зерттеп, қай жерде не бар, ол бізге несімен қымбат деген сауалдарға уақтылы жауап беріп отыру барлық уақытта да күн тәртібінен түспейді.
Әдебиеттің өткені мен бүгінгісін замана талабына сай саралап, бұл мәселені шешіп отыратын – әдебиеттану ғылымы. Соның ішінде бар әдебиетке иелік жасап, шашау шығармай жинап, рет-ретімен жүйеге түсіріп, қай нәрсенің қай жерде, қандай қасиеті бар екендігін қапысыз саралап, дәуір тынысына орай оқырманның рухани қажеттілігін қанағаттандыруға қалтқысыз қызмет етуге тиіс – әдебиеттің тарихы.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Дандай Ыскак енбеги.docx

— 114.94 Кб (Скачать документ)

Бұлардың барлығын ежіктеп айтып жатқандағы мақсат: түркі халықтарының дербес ортақ  әдебиет тарихын жасаудың бүгінгі  әлеуметтік-мәдени өмір, ғылымның дамуы  ұсынып отырған маңызды мәселе; осы  салада жүргізіліп келген ғылыми ізденістер болғанымен де оларда түрлі себептермен  орын алған қателіктерді  тез арада жойып, түркі халықтарының әлемдік әдеби дамуға қосқан тарихи үлесінің аса қомақты екендігіне көзді жеткізе түсу.

Әдебиет тарихының  негізгі зерттеу нысаны – өткен   дәуірлердің көркем әдебиеті, сол әдебиетті жасаушылар. Әдебиет тарихында белгілі бір дәуірдің ғылыми негізді әдеби көрінісі жасалуы тиіс. Ал әдебиеттің өткен жолдарына көз жіберсек, тарихтың терең тылсымдарынан мен мұндалаған не бір ұлылар үн қатады. Олардың кейбіреулері Алатаудың биік шыңдарындай, алыстан мұнартып, тарихтың биік жоталарына, асуларына айналса, енді біреулері арқаның жосылып жатқан таусылмайтын жота-шоқыларындай,  қасына жақындамасаң, сырын аша бермейді.

Біз әдетте әдебиеттің өткені жайлы сөз болғанда, Абайға дейінгі әдебиет, Абайдан кейінгі  әдебиет деген сияқты межелеуді  жиі қолданамыз. Жетпісінші жылдарға дейін қазақ әдебиетінің тарихы «Бұқар жыраудан басталады» деп келгеніміз бар. Оның қай кез екені он сегізінші  ғасыр делініп,  осы тіркестің соңынан  анықталып отырды. Мұндай жағдай әдебиет тарихтарында жиі кездеседі. Мысалы, орыс әдебиетін зерттеушілер оны Пушкинге дейінгі және кейінгі деп, үлкен екі кезеңге бөледі.

Әдебиетті жасаушы  өнер иелері болғандықтан да тарихты  жазғанда, олардың әрқайсысының көркемдік  дамуға қосқан үлесі барынша әділ бағалануы аса маңызды. Әдебиет  тарихын жазу дегеніміз, іс жүзінде  сол кездерде жасаған үлкенді-кішілі ақын-жазушылардың шығармаларын жан-жақты  қарастырып, ғылыми тұрғыдан талдап,  тарихтың таразысына салып таразылануы, әрқайсысының өзіне лайықты орнының анықталуы да деген сөз.

Белгілі бір дәуір  әдебиетін тұтастай көруге әдетте шолу көмектеседі. Әдебиет тарихшысы  ең алдымен, өзі зерттеп отырған  дәуірдің әдеби, мәдени, әлеуметтік  панорамасын жасап алып, содан кейін барып, сол кездің әдебиетін шолып, оның үлкенді-кішілі өкілдерін көркемдік дамуға қосқан үлестеріне қарай орын орнына қояды; әдебиеттің аса ірі өкілдерінің шығармашылық жетістіктерін жан-жақты көрсету мақсатымен оларға жеке шығармашылық портреттер арнайды.

Әдебиет тарихын  жазғанда,  көбіне ақын-жазушылардың өмірбаяндық деректері мен шығармаларының мазмұнын таныстырумен шектеліп жүргендей. Дұрыс. Әсіресе, көне дәуірлерде жасалынған әдебиет жайлы деректердің аздығы, олардың бізге жеткен әдеби мұраларының бүгінгі көркемдік талдауларға көне бермейтіндігі де амалсыздан осылай етуге мәжбүр етеді. Десек те әрбір зерттеуші өзінің әдебиет жайлы жазып отырғанын әрдәйім есте ұстап отырғаны жөн.

Әдебиет қайраткерлеріне  арналған шығармашылық портреттерде сол  кездің қоғамдық-тарихи жағдайы, мәдени, әдеби өмірде болып жатқан өзгерістері   аясында дарын иесінің өзіндік шығармашылық қолтаңбасы, әдеби дамуға қосқан үлесі, қоғамдық өмірде алатын орны, бағалануы сияқты сауалдарға жауаптар берілуі қажет. Ғылыми негізді әдебиет тарихы бұларға қоса оның шығармашылығына, көркемдік танымына айтарлықтай әсер еткен өмірбаяндық оқиғаларға да мән беріп, қоғамның, өмірдің жазушылық болмысқа әсерін анықтайды; сөйтіп, суреткердің көркемдік әлемінің табиғатын бар болмысымен аша түсуді басты назарда ұстайды.

Әдебиет тарихын  жасау – теориялық жағынан  аса күрделі, көлемі жағынан ауқымды  іс. Бұл іс әдеби, ғылыми дайындығының үстіне қоғамдық ғылымдардың жетістіктерімен  де жан-жақты қарулануды қажет етеді. Әдебиет тарихын зерттеуші ғалым  ең алдымен, жақсы тарихшы болуы  керек; тарихи зерттеулердің негізгі  заңдылықтарына, табыстарына арқа сүйеп  отырмаса, таза әдеби зерттеулердің  жемісті болуы екіталай. Басқасын былай қойғанда, ең негізгі мәселе саналатын  әдебиет тарихын дәуірлерге бөлудің өзі тарихи кезеңдермен тікелей байланысты.

Кеңес өкіметінің алғашқы  жылдарындағы ауыр саяси жағдай қазақ  әдебиетінің ұлттық дамуын біраз  уақытқа тежеді. Отызыншы жылдардағы бесжылдықтар науқаны әдебиетке  де қозғау салды. Отыз жеті мен елу  үштің арасында барынша асқынған жеке адамға табынушылық салдарынан қазақ әдебиеті де орны толмас зардап шекті. Елуінші жылдардың орта шенінен  басталған саяси жылымық қазақ  әдебиетінің де дами түсуіне біршама  мүмкіндіктер туғызды. Демек, әдебиеттің даму дәуірлері көбіне қоғамдық-саяси  даму тарихымен  сәйкес келіп отырады екен. Мұнан шығатын қорытынды әдебиетті кезеңдерге бөлгенде, азаматтық тарихтың дәуірлерге бөлінуі барлық уақытта ескеріліп отыруы тиіс.

Бұл деген тарихтың дәуірлерін сол күйінде әдебиеттің тарихына әкеліп қондыра салу деген  сөз емес. Керісінше. Әдебиет қоғамдық өмірдің аясында, белгілі бір  тарихи кезеңде өмір сүргенімен, оның да өнер ретінде өзіндік даму ерекшеліктері  бар. Мысалы, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысы мен жиырмасыншы  ғасырдың бас кезінде отаршылдық саясаттың асқына түсуі халықтың жаппай наразылығын туғызып, ұлттық сана-сезімнің оянуына алып келді. Қоғамдық өмірдегі ауыртпалықтар ұлт  зиялыларын ұлт-азаттық күресті бастауға мәжбүр етті. Осы кезде бұрындары мүлгіп келген әдебиет те «оянып», қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» туды (Абай, Мағжан, т. б.). Демек, бұл кездің әдебиетін тарихтың дайын дәуірлеу қалыптарына салуға келмейтіндігі көрініп тұр.  Мұндай кезде әдебиетті дәуірлерге бөлудің үшінші түрі яғни, көркемдік даму ұстанымы басшылыққа алынуы тиіс.

Тағы бір мәселе есте болғаны жөн: әдеби дәуірлердің  арасында қатып қалған «шегара» жоқ, ол «шегараның» өзі де жылжымалы. Әдеби дәуірлердің ара жігі уақытпен межеленетін болса, сол уақыттар кейде ондаған жылдарға дейін  ары-бері жылжып тұратын жағдайлар  жиі кездеседі. Өйткені әдебиет  те – бір-бірімен тұтасып, ұласып жатқан жанды құбылыс. Сондықтан  да бір-бірімен жалғасып жатқанды бірден кесіп тастауға келе бермейтіндігі  тағы бар.

Осы тұрғыдан келгенде, қазақ әдебиетінің «шегарада  тұрған» қайсы бір ірі өкілдерін  дәуірлерге жатқызғанда, ойланатын  кейбір мәселелер бар. Мысалы, 2002 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің қысқаша  тарихында» (жалпы редакциясын басқарған  профессор Т. Кәкішұлы) Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытовты ХХ ғасыр  басындағы әдебиетке жатқызса, он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихының» 7- ші томында 20-30-жылдарға, яғни кеңес  әдебиетінің өкіліне жатқызыпты. Алғашқы еңбекте негізінен әдебиетті дәуірлеудің көркемдік-идеялық сыпаты басшылыққа алынса, екіншісінде тарихи-хронологияны ұстанғаны байқалады.

Біздіңше, Мағжан мен  Жүсіпбек – кеңес әдебиетіне дейінгі  ХХ ғасырдың басындағы әдебиеттің, яғни ұлт-азаттық бағытты ұстанған алашорда әдебиетінің көрнекті өкілдері. Өйткені бұлардың шығармашылықтары ғасыр басында ұлт-азаттық идеяны көтеріп шыққан А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Торайғыров сынды әдебиет алыптарымен  үндес. Оның үстіне бұларды танытқан атақты шығармалары кеңестік кезеңде  емес, сол дәуірде жазылды. Сондықтан  да бұларды Ахмет, Мыржақыптың тобымен  бірге атап, бір бағыттағы, бір  сипаттағы шығармашылықтарын бір  ыңғайда қарастырған жөн.

Рас, бұлар кеңес  өкіметі жылдарында да өмір сүрді; шығармашылықпен  айналысты. Бірақ та олар бұл кезде  үстемдік құрған социалистік реализм  әдісін толықтай қабылдай алмады. Сол  себепті де бұрынғыдай жарқын шығармалар өмірге келмеді. Біздіңше, кеңес әдебиетінің  тарихын Сәкен, Сәбиттерден бастаған жөн.

Әдебиет тарихын зерттеудің әдіснамалық  негізі –ғылыми ізденістердің дұрыс арнада жүруінің бірден-бір кепілі. Әдебиетті зерттеу барысында туындайтын түрлі  мәселелердің қалай шешілуі түптеп келгенде, ғылыми ізденістердің жалпы бағытын айқындайтын әдіснамаға байланысты.

Әдіснаманы екі  түрлі ыңғайда түсінуге болады. Оның біріншісі – бүкіл дүниетанымдық  ізденістерде басшылыққа алынатын негізгі  қағидалар, ғылыми бағыт. «Әдіснама-таным  мен өмірді өзгертудің, өмірге көзқарас ұстанымдарын таным процестерінде, рухани шығармашылықта және тәжірибеде қолданудың әдістері жайлы философиялық ілім» (Основы научных исследований. М., 1989, 54-бет).

Әдіснаманың философиялық сипаты айқын. Философия дегеніміз-көзқарас, тіршілік туралы түсініктердің ортақ  арнасы. Дүниетанымдық көзқарастардың осы уақытқа дейін негізінен  идеалистік және материалистік болып  екіге бөлініп келгені белгілі. Өмірді, сол өмірдің көркем бейнесі  саналатын көркем шығарманы танып  білуде жер бетінде тіршіліктің  пайда болуы, адамзат қоғамының  дамуы, тіршіліктің мәні туралы ілімнің  маңызы зор. Бүкіл қоғамдық ғылымдар  сияқты әдебиеттің тарихын зерттегенде де әлемнің материалдық тұтастығы және оның ылғи да даму үстінде болатындығы жайлы философиялық-ғылыми тұжырымдар басшылыққа алынып келеді.

Әдебиеттің тарихын  зерттегенде, әдіснамалық негізінің  дұрыс болуы көненің сарғайған  беттеріне айналған әдеби дәуірді  тұтастай қамтуға, әдеби құбылыстардың  пайда болу, даму себептерін, жолдарын анықтай түсуге алғышарттар жасайды. Ғылыми зерттеудің нәтижесі ғана емес, соған қол жеткізетін, бағытты  басқа жаққа бұрмай, оған тура алып баратын  жол да аса маңызды. Ғылыми негізді әдіснама әдебиетті зерттеу барысында шындыққа қарай жол көрсетіп отыратын сенімді бағдар (А. Я. Зись. Эстетика: идеология и методология. М., «Наука», 1984, 11-бет). Мәселенің барлығы айналып келгенде, осы тура бағытты, яғни әдіснамалық негізді дұрыс айқындап, шындыққа қол жеткізетін сара жолды дәл таба білуге келіп тіреледі. Сол себептен де әдіснамалық мәселелер ғылыми ізденістерде алдыңғы қатарға шығып, алдымен анықтап алуды талап етеді. Әдіснама дұрыс шешілмейінше, ғылымның мәселелері де дұрыс шешілмейді.

Әдебиеттің көркемдік  дамуы оның бейнелеу тәсілдерінің жетіле түсуінен көрінетін  болса, әдебиеттанудың да қалыптасу, жетілу барысында әдебиетті зерттеу әдіс-амалдары толыға түсті. Осы уақытқа дейінгі әдебиеттану ғылымының жетістіктері де, кемшіліктері де оның әдіснамалық негіздерінде жатыр. Әдебиетті зерттеудің әдіснамалық негіздерінің жетілмеуі, болмаса, көркемдік дамудың өзіндік ерекшеліктерінің ескерілмей, саясатқа байланған жалған теориялар басшылыққа алынуы сияқты кемшіліктерден әдебиетіміз де, оның ғылымы да айтарлықтай опық жеді.

Демек, әдіснаманың  дұрыс таңдалуы ғылыми ізденістердің  дұрыс арнада, көзқараста болып, оның барар бағытын, қол жеткізетін нәтижесін  алдын ала аңғартып тұрады. Мысалы, Батыс адамзат қоғамының көшбасшысы,  қоғамдық-экономикалық-рухани даму жағынан Шығыстан жоғары деген өздерінің отаршылдық пиғылдарын жүзеге асыруды ғылыми жағынан негіздеген еуроцентристік жалған ілім шығыс халықтарының тарихын, әдебиетін, мәдениетін зерттеу істеріне  қаншама зиян келтіріп, жалған теориялардың тууына жол ашты. Осы сияқты себептердің салдарынан түркі халықтарының ерте кездердегі тарихы, әлемдік өркениетке қосқан өзіндік үлесі сияқты мәселелер күні бүгінге дейін жеткілікті дәрежеде зерттелінбей, зерттелінгеннің өзінде де лайықты бағасын ала алмай келе жатыр. Түркі халықтарының бір кездерде дамыған, гүденген мәдениеті, әдебиеті болғандығы, олардың арасынан әлемдік ғылымның аса көрнекті қайраткерлері шыққандығы, тіпті түркілік озық мәдениеттің Батыстың өркениет жолымен дамуына айтарлықтай әсер еткендігі – күні бүгінге дейін мойындалмай келе жатқан шындық. Ал ежелгі түркілік әдебиеттің жайына келетін болсақ, бұл да парақталмаған кітап секілді, өз зерттеушілерін, оқырмандарын күтуде.

Кеңестік кезеңдегі  ғылымның әдіснамалық негізіне маркстік-лениндік таптық ілім алынып, оның басты қағидасы партиялық принцип әдебиетті  бағалаудың негізгі өлшеміне айналып, әрбір ұлттық мәдениетте екі түрлі  мәдениет болады деген жалған теория үстемдік құрған тұстарда қазақ әдебиеті мен оның ғылымы орны толмас зардап шекті. Біртұтас ұлтты таптық тұрғыдан екіге бөліп, байларының бізге керегі жоқ деп, халық жауы санаған, сондықтан  да оларды түп-тұқиянымен құрту керек  деп, оларға қарсы бітіспес күрес  ашып, тек кедейлерді ғана адам санатына қосып, солардың ғана сөзі сөйленген  заман да болған. Әдебиеттің басты  қасиеті – оның көркемдігі ескерілмей, тек қана идеялық жағына мән беріліп, коммунистік партиялық көзқарасқа сай келетіндігін, немесе келмейтіндігін анықтау болған уақыттарда әсіресе  әдебиеттің тарихын зерттеу саласында  ғылыми тоқырау болды.   Қазақ әдебиетінің өткен ғасырларда жасаған көрнекті өкілдері түгіл, тұтас бір дәуірлері, оны айтасыз, төңкеріске дейінгі  бүкіл ұлттық әдебиеттің тарихы халыққа жат саналып, жоққа шығарылды.

Тәуелсіз ел болып, тарихқа басқаша көзқараспен  қарап жатқанда, оны бұрынғы ескі зерттеу тәсілдері арқылы қарастыру  мүмкін еместігі өзінен-өзі түсінікті. Қазіргі қоғамдық ғылымдардың жетістігі, қоғамдық, ұлттық ғылыми сананың өсуі өткеннің әдеби мұраларын зерттеу  істеріне мүлдем жаңа міндеттер жүктеп отыр. Жаңа міндеттердің жаңаша зерттеу  әдістерін қажет  ететіні белгілі. Кезінде жасалынған осындай   ғылыми «жетістіктерді»  дұрыс әдіснамалық негізге сүйене отырып, бүгінгі күннің биігі, ұлттық, түркілік, жалпыадамзаттық  мүдделер тұрғысынан зерделеп, бағалап, орын-орнына  қою – әдебиеттану ғылымының бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған зәру мәселе.

Әдіснаманың екінші мағынасы белгілі бір ғылым саласына қатысты ұғынылады. Бұл жерде  ол  жалпы әдіснаманың құрамдас бір бөлігі ретінде сол саланың өзіндік ерекшеліктеріне орай нақтылы жағдайда көрінеді.   Бұл турасында белгілі ғалым А. Быков «Жеке ғылымдық әдіснама жоқ. Бір ғана әдіснама бар. Ол – философия, логика. Өйткені, философия мен логика ғана болмыс пен ойлаудың жалпыға ортақ заңдылықтарын зерттейді. Жеке ғылымдық әдістер – жалпы әдістің, жалпы әдіснаманың нақтылануы. Жеке ғылымдық принциптер мен теория әдіснамалық жүйе құра алмайды» (А. Быков. К вопросу о системе методологии методов в диалектической логике. Кітапта: «Диалектика и логика научного мышления». М., 1966, 322-бет)-деп жазады.

Әдебиеттану ғылымының  да ұзақ жылдар бойғы дамуы барысында  қалыптасқан, ғылыми жағынан жетіліп, сыннан өткен өзіндік әдіснамасы бар. Әдеби зерттеулердің әдіснамасы дегеніміз, әдебиеттанудың, қоғамдық  ғылымдардың жетістіктеріне сүйене отырып, әдебиетті зерттегенде қолданылатын әдістер мен ғылыми ізденістердің негізгі бағдарын белгілеп, басшылыққа алып отыратын негізгі ұстанымдардың жиынтығы.   Әдебиеттің өткен дәуірлеріне үңіліп, тарихтың тереңіне сүңгіп, ерте кездерде жасалынған әдеби мұраларды ғылыми айналымға салғанда, зерттеудің дұрыс жолда жүруін қамтамасыз ететін, шамшырақтай жарқырап, алды көрсетіп отыратын – осы әдіснама. Әдіснамалық тұғыры мықты болмаса, ғылыми жұмыстың жемісті болуы күмәнді.

Информация о работе Әдебиет тарихынзерттегенде мәселені