Әдебиет тарихынзерттегенде мәселені

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Февраля 2013 в 07:13, реферат

Краткое описание

Әдебиет – халықтың рухани қазынасының алтын қоймасы. Сол қойманы сақтай білген, сол қазынаны рухани қажетіне қарай орынды жарата білген халықтың ғана ұлт ретінде, халық ретінде болашағы бар. Сондықтан да сол әдебиетті төкпей-шашпай, жүйелеп, зерттеп, қай жерде не бар, ол бізге несімен қымбат деген сауалдарға уақтылы жауап беріп отыру барлық уақытта да күн тәртібінен түспейді.
Әдебиеттің өткені мен бүгінгісін замана талабына сай саралап, бұл мәселені шешіп отыратын – әдебиеттану ғылымы. Соның ішінде бар әдебиетке иелік жасап, шашау шығармай жинап, рет-ретімен жүйеге түсіріп, қай нәрсенің қай жерде, қандай қасиеті бар екендігін қапысыз саралап, дәуір тынысына орай оқырманның рухани қажеттілігін қанағаттандыруға қалтқысыз қызмет етуге тиіс – әдебиеттің тарихы.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Дандай Ыскак енбеги.docx

— 114.94 Кб (Скачать документ)

Шынайы әдебиет  тарихын жасауда басшылыққа алынып отыратын тарихшылдық, шыншылдық ұстанымдарымен бірге зерттеудің ғылыми сыпатта  жүруі, бағалаудың халықтық тұрғыдан болуы, өмірмен тығыз байланыста болып, қоғам қажеттілігін өтеуі де  да маңызды. Ең бастысы қарастырылып отырған дәуірдің әдебиеті көркемдік тұрғыдан бағаланып, ұлттық, одан қалды әлемдік әдеби дамуға қандай жаңалықтар әкелді, рухани қазынаға нендей үлес қосты деген сауалдарға жауаптар ізделінеді. Ғалым зерттеп отырған нысанына орай қандай пікір білдірсе де ғылымның бұрынғы-соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, айтылуы тиіс. Сонымен бірге ғылымның ғылым үшін ғана емес, халықтың өзін-өзі тарихи тұрғыдан  тануы, рухани азық қажеттілігін өтеуі де ылғи ескеріліп, ұлттық мүддеге қызмет етуі міндет.

Өмірді ғылыми тұрғыдан танып білудің философиялық принциптеріне  сүйеніп, тұтас бір жүйеге айналған жекелеген ғылым салаларының  тәсілдерін сол ғылымның әдістері деп  айтамыз                       (А. С. Бушмин. Методологические вопросы литературоведческих исследовании. Ленинград, 1969, 13-бет). Әдіснама ұстанымдар мен әдістерден тұрады. Жекелеген әдістерді әдіснаманың нақтылы жағдайларда тәжірибеде қолданылуы деп ұққан жөн. Ал зерттеу барысында қандай әдістің қолданылу қажет екендігін анықтайтын, таңдауға көмектесетін – әдіснама, оның ұстанымдары. Зерттеу әдісі – әдіснаманың әдебиетті тану барысында қолданатын құралы, қаруы. Қаруы мықтының  атқарған жұмысының нәтижелі болары да хақ.

Әдіс дегеніміз – «танымның одан әрі дами түсуіне қызмет ететін, танылған заңдылықтардың негізінде жасалынған ережелер»                   (Ю. Борев. Роль литературной критики в художественном процессе. М., 1979, 37-бет), «субьектінің қолындағы обьектімен жұмыс істеу құралы» (Г. Гегель. Наука логики. 3 том , М., 1972, 291-бет). Әдістерді іштей шартты  түрде барлық ғылым салаларына ортақ (бақылау, салыстыру, талдау, жинақтау, тәжірибе жасау, т. б.) және бір ғана ғылым саласында қолданылатын деп,  екіге  жіктеуге болады.

Әдіске қойылатын  басты талап –ол зерттеу нысанына сай келіп, оның табиғатын ашып бере алатындай болуы керек. Ғалым  еңбегінің нәтижелі болуы алға қойған мақсатына орай зерттеп отырған  әдеби нысанының табиғатын аша  алатын әдісті дұрыс таңдай алуына, дұрыс пайдалана білуіне байланысты. Демек, әдебиеттің өткен жолдарын зерттеуде   ең алдымен, алға дұрыс мақсаттар қоя біліп, оны орындау үшін дұрыс бағытты, оған барар жол мен қалай, немен жету керектігін анықтап алудың маңызы зор. Зерттеу барысында әдіснамалық негіз бен қолданылатын әдістердің дұрыс қолданылуы шешуші рөл атқарады.

Әдебиеттің шынайы тарихын өткеннің рухани мұрасының  табиғатын аша алатын зерттеу  әдістерінсіз танып білу мүмкін емес. Сондықтан да әдебиет тарихын  зерттеушіден алдымен, әдебиеттану  ғылымының зерттеу әдіс-амалдарын  игеру, оны қажетіне қарай қолдана  білу талап етіледі. Әдебиетті зерттеуші  қолына қандай әдіс-қару алады –  көп нәрсе соған байланысты.

Көркем әдебиеттің негізгі екі – әлеуметтік және көркемдік жағы бар. Осыған орай қоғамдық өмірдің әлеуметтік мәселелерін  зерттеудің, сол сияқты әдебиеттің көркемдік қырларын ашудың өзіндік  тәсілдері бар. Осылайша екі түрлі  бағытта қолданылатын зерттеу әдістерін  бір жерге басын қосып, әдебиетті  талдауға қолданғанда туындайтын қиындықтар зерттеушіден жан-жақты білімдарлықты, шеберлікті, тапқырлықты қажет етеді.

Әдебиетте адамзат  қоғамының әлеуметтік өмірі сөз  өнерімен көркемделіп, көрініс табады. Әдебиеттану ғылымының басты  мұраты осы қоғамдық өмір әдебиетте  қалайша, қаншалықты көркем көрініс  тапты, адамдардың бақытты өмір сүруіне  септігін тигізер қандай идеялар  көтерілді деген сауалдарға жауап  іздеу болса, әдебиеттің тарихын  жасағанда, осы проблемалар алдыңғы  қатарға шығады. Жалпы әдебиеттану  ғылымы әдебиетті әлеуметтік, көркемдік  қырлары бір-бірінен ажырамастай  кірігіп, біртұтас әдебиет әлеміне  айналып кеткен көркем шығарманы  біртұтас нысан ретінде қарауға  тиіс.

Өмір қаншалықты шексіз болса, оны көркем бейнелеу амалдары да соншалықты шексіз. Талант неғұрлым тегеурінді болса, оның шығармаларында қоғамдық өмірдің болмысы да соғұрлым тереңірек көрініс береді. Әдебиеттің тарихы белгілі бір дәуірдің әдебиеті сол кезеңнің әлеуметтік-рухани мәселелерін қаншалықты көтере білді, оларды қандай көркемдік тәсілдермен жеткізді, көркемдік дамуға нендей үлес қосты деген сауалдарға жауап іздейді.

Жалпы көркем әдебиеттің сөз өнері ретінде тілдік, қоғамдық өмірдің бейнесі ретіндегі әлеуметтік және өнер туындысы ретінде көркемдік  қырлары бар.  Зерттеушіні алға қойған мақсатына орай, ақын-жазушының оны ерекшелендіріп, осындай биікке көтеріп тұрған, әдебиетке жаңалық әкелген, немесе көркемдік дамуға үлес болып қосылған қырлары ғана қызықтыруы мүмкін. Сол себепті де кейде оның әлеуметтік жақтары, енді бірде көркемдік қырлары алға шығып, оған көбірек мән беріліп, талданылып жатады.

Әдебиеттің теориясы, сыны көбіне шығарманың көркемдік қасиеттеріне үңілсе, әдебиеттің тарихы оның жүріп  өткен жолдарының әлеуметтік-қоғамдық жағдайларына көбірек көңіл аударып, әдебиеттің осылай даму себептерін ашуға  ұмтылады. Бұл әдебиеттің тарихы көркемдік  мәселелерді назардан тыс қалдырады  деген сөз емес, керісінше, әдебиеттің өміріндегі қоғамдық-әлеуметтік факторларды  аша отырып, оның көркемдік дамуға еткен әсерін анықтай түсуді алдына басты міндет етіп қояды.

Зерттеушінің бұл  жолмен жүруіне тарихи поэтика көмектеседі. Тарихи поэтиканы негізінен өмірді көркемдік тұрғыдан бейнелеу әдістері мен құралдарының даму жолдары, олардың  қоғамдық-эстетикалық қызметі, әдеби  жаңалықтардың тарихи тағдыры  қызықтыратын болса, әдебиеттің тарихы поэтикалық шығармашылықтың тарихын қоғамдық өмір дамуымен, ұлттық әдебиеттің, оның жекелеген қайраткерлерінің тағдырымен тығыз байланыста қарастырады (М. Б. Храпченко. Художественное творчество. Действительность. Человек. М., 1976). Демек, тарихи поэтика шын мәніндегі көркемдік дамудың тарихын жасауға көмектесіп, жағдай жасап отырады екен.

Тәжірибеде әдебиетті  зерттеудің ғылыми ұстанымдары жеке дара қолданылмайды десе де болғандай. Өйткені сан қырлы бөліктерден, байланыстардан, құбылыстардан тұратын  өмірді тұтас күйінде көркем бейнелеу қаншалықты күрделі болса, көркемдік  құралдардың көмегімен біртұтас дүниеге айналған  өнер туындысын талдау да соншалықты қиындықтар туғызады. Сан қырлы әдебиетті дұрыс бағытта танып-білуді қамтамасыз етуге  бір ғана ұстанымның шамасы жете бермейді де, көркем туындының сан сыпатты табиғатын аша түсетін зерттеу ұстанымдары таңдап алынып, тұтастай кешенді (комплексті) түрде қолданылады.

Әдебиетші ғалым  зерттеу нысанын, ізденістерінің бағытын  ғылыми ұстанымдар арқылы айқындап алған  соң, келесі кезең өзінің алға қойған мақсатына қол жеткізетін талдау тәсілдерін таңдауға кіріседі. Ол біреу, бірнешеу, не  кешенді (комплексті) болуы да мүмкін. Зерттеу барысында қандай әдістің, болмаса әдістердің қолданылатыны алға қойған мақсатқа, қарастырылып отырған әдеби нысанның сыпатына орай анықталады.

Қазіргі әдебиеттану  ғылымы әдебиет тарихын зерттеу  әдістері жағынан да біршама жетістіктерге  жеткен. Солардың ішінде әдеби дәуірді  тани түсуге тарихи-типологиялық тұрғыдан келу өзінің жемісті жол екендігін  көрсетіп жүр.

Әдебиеттің тарихын  жасау – оның жүріп өткен жолдарын, әдеби құбылыстарын сол кездердің  әлеуметтік-тарихи жағдайы аясында, қоғамдық оқиғаларымен тығыз байланыста қарастыру деген сөз. Өйткені, әдебиет  дегеніміз – белгілі бір қоғамдық өмірдің, дәуірдің тұтастай алғандағы  көркем бейнесі. Әлеуметтік өмірдің  зәру проблемалары сол дәуірдің әдебиетінде  қаншалықты көрініс тапқандығын, уақыт  талабына, ұлттық, халықтық мүдделерге қаншалықты жауап беріп, қызмет ете  алғандығын анықтау әдебиет тарихшысының алдында тұрады. Мұның өзі зерттеушіден бүкіл қоғамдық ғылымдардың жетістіктерімен, оның ішінде зерттеу әдістерімен  де толық қарулануды қажет етеді. Етіп қана қоймайды, талап етеді.

Әдебиет жекелеген  қаламгерлерден тұрады. Шын мәніндегі  әрбір талантты қаламгер – өзгеге ұқсамайтын қайталанбас өнер иесі ретінде  әдеби құбылыс. Сонымен бірге  әдебиеттің ірі өкілдерін, белгілі  бір дәуірдің, ұлттың әдебиетін басқалармен  іштей байланыстырып тұратын, сырт көзге онша байқала бермейтін  ұқсастықтар да болады. Барлық әдебиеттерде кездесетін ортақ ұқсастықтар олардың  өзгеге ұқсамайтын өнерпаздық қолтаңбасы мен ұлттық ерекшеліктерді жоққа  шығармайды. Мұндай жағдай  екі түрлі себептерден болуы мүмкін.  Оның біріншісі әдебиет өмір сүріп отырған қоғамдық-мәдени ортаның ұсастығынан болса, екіншісі – әдеби байланыстардың әсері. Әдеби ортақ қасиеттер бір ағымдағы қаламгерлерді, ұлттық әдебиет, одан қалды ұлттық әдебиеттерден тұратын әлемдік әдебиет өкілдерін жұмыр жердегі бүкіл адамзаттың бақытты өмір сүруі үшін күресінде бір-бірімен жақындастырып, ізгілікті істерге жұмылдыра түседі. Міне, осындағы қоғамдық дамудың бірдейлігінен  пайда болған әдебиеттегі ұқсастықтарды типологиялық тұрғыдан зерттеу қажеттілігі туындайды.

Көркем әдебиетің  бірнеше құрылымдық қатпарлары бар. Оның ең сыртында әлеуметтік, ең ішкі жақтарында көркемдік  қатпарлары орналасқан. Бірінсіз бірі жоқ. Бұлар бір-біріне алғышарттар жасап,  біртұтас өмір сүруді қамтамасыз етеді. Әдеби шығарманың көркемдік қасиеттерін бағалау  алдымен, оның «сыртындағы» әлеуметтік қырларын анықтаудан бастау алады. Сондықтан да белгілі бір туындыны, қаламгерді, әдеби дәуірді бағалау сол дәуірдің қоғамдық-саяси өміріне экскурстан басталады. Өйткені, қаламгер де – қоғам мүшесі. Суреткер де қоғамда болып жатқан оқиғалардан тыс қала алмайтыны сияқты бұлардың да оның  шығармашылығына әсері болмай қоймайды.

Жалпы, әдебиеттің дамуы  қоғамдағы саяси-әлеуметтік ахуалға  тікелей байланысты.  Өмірге келген әрбір шығарманы қоғамда жүріп жатқан түрлі әлеуметтік процестердің тікелей салдары десе де болғандай. Сондықтан да әдебиетті зерттеу осы әдебиетті өмірге әкелген, оның осындай болуына әсер еткен қоғамдық-әлеуметтік жағдайларға алдымен назар аударады. Әдебиеттің әлеуметтік қырларын ашуға типологиялық зерттеулер көмектеседі. Әдебиетті типологялық тұрғыдан зерттеу  көркемдік дамудағы ортақ ағымдарды, ұқсастықтарды анықтауды мақсат тұтады. Нақтылай түссек, ұлттық әдебиеттердегі, одан қалды әлемдік әдебиеттегі қоғамдық дамудың салдарынан туындаған ортақ сарындарды, олардың көркем туындыдағы көріністерін зерттейді. Жеке қаламгерге келгенде, оның шығармашылығына өз дәуірінің әсерін, өзіне дейінгі және басқа да әдебиеттермен ұқсас болу себептерін  ашады.

Зерттеуші  әдебиеттің көркемдік қыр-сырларын  аша түсу үшін оның осылай болу себептеріне үңіледі. Әдеби шығарма туылмастан бұрын оның жазылуына, жазылғанда да дәл осылай шығуына тікелей әсер еткен саяси-әлеуметтік, тұрмыстық факторларды анықтау көркемдік әлемінің ішіне кіргізер кілт іспеттес. Себепсіз салдар болмайды. Әдебиетті әдебиет қылған да,  қудалап құлдыратқан да –заманы, сол қоғамда жүріп жататын түрлі саяси жағдайлар. Осындай  мағлұматтардың  барлығы  да – зерттеліп отырған әдебиеттің,  әдеби дәуірдің қыр-сырларын аша түсуде әдебиет тарихшысы  үшін аса құнды деректер.

Әдебиетті, әдебиеттің тарихын типологиялық зерттеуге  қарсылар да бар. Неміс ғалымы В. Кайзер «Сөз өнері» атты кітабында әдебиет  ғылымы көркем шығарманы зерттеуі керек, ал «әдебиеттің ішінен» тысқарының  барлығы да, атап айтқанда, жазушының өмірбаяны, тұлғасы, жасы, араласқан адамдары, өмір сүрген ортасы сияқтылар әдебиеттанудан тыс мәселелер деп біледі. Сол сияқты әдебиеттің таза көркемдік құрылысын анықтауды басты міндет санайтын «структурализм», көркем шығарманы жаңа түр санап, оны формалық жағынан ғана қарастыратын «формализм», жазу атаулының барлығын «таңба» ғана деп білетін «семиотика» секілді әдебиеттанудағы ғылыми ағымдар типологиялық тұрғыдан зерттеуді онша мойындай бермейді.

Мұндай пікірлердің  дұрыс жағы да, дұрыс емесі де бар.  Дұрыс емесі – типологияны жоққа шығарып, әдебиетті тек қана көркемдік тұрғыдан, онда  да менің ғана тәсіліммен зертте деп, көркем әдебиеттің әлеуметтік сыпатын елемеуі. Дұрысы – әдебиет зерттеушілерін типологиялық зерттеулермен тым әуестене бермей, басқа да әдістердің бар екендігіне назар аудару.

Біздіңше, қоғамдық өмір аса күрделі болса, сол өмір шындығының көркем бейнесі саналатын  көркем әдебиет те соншалықты күрделі. Оны бір ғана зерттеу тәсілімен  зерттеп, көркем шығарма ретіндегі  қасиеттерін ашып беру мүмкін емес. Қоғамдық өмірдің түрлі жақтарын сандаған ғылым салалары зерттейді. Сондықтан да әдебиетте көрініс  тапқан әлеуметтік өмірдің түрлі  жақтарының қалайша бейнеленгенін  анықтауға типологиялық зерттеу  көмекке келеді.

Типологиялық зерттеулердің  аясы өте кең. Ол жекелеген қалам  иелерінің шығармашылықтарындағы  ұқсастықтардан бастап әлемдік әдебиеттегі  ортақ сарындарға дейін қамтиды. Әдебиеттер арасындағы ұқсастықтардың тарихи дамудың бірдейлілігінен, не әдеби-мәдени қарым-қатынастардың    әсерінен екендігін анықтап, осылай болудың жалпыға ортақ заңдылықтарын аша түсуге талпыныс жасайды.

Сонымен типологиялық тұрғыдан зерттеу әдебиеттердің  арасындағы ұқсастықтарды көркем шығарманың құрылысы, идеясы, образ, сюжет, стиль, әдеби жанр,  әдеби ағым, әдеби бағыт, әдеби дәуір, әдеби процесс, ұлттық әдебиет деңгейлерінде қарастырып, олардың ортақ заңдылықтарын ашуға көмектеседі. Яғни, қоғамдық ортаның әдебиетке тікелей әсерлерін, көркемдіктің қыр-сырларын әлеуметтік жағынан келіп ашуға ұмтылады.

Типологиялық зерттеулердің  дұрыс бағытта жүруіне  дүниетанымдық көзқарас ерекше рөл атқарады. Зерттеушінің білім деңгейінің, өмірлік тәжірибесінің мол болуы, зерттеу әдістерін меңгеріп, оларды орынды қолдана білуі  типологиялық ізденістердің жемісті болуының бірден бір шарты.

Әдебиет тарихын  зерттегенде, негізгі міндет – стиль, ағым, бағыт, әдеби мектептерге назар  аударып, сол дәуірдің әдеби өміріндегі басты тенденцияларды анықтау болса, мұны жалаң күйінде емес, тарихи тұрғыдан, сол кездің саяси-әлеметтік  өмірі аясында танып білуге көмектесетін әдістер бар. Әдебиет тарихын  зерттеуде қолданылып жүрген зерттеу  әдістері төмендегідей:

1). Биографиялық. Бұл  әдіс бойынша, әдеби туынды  оның авторының өмірбаянымен  байланыста, өмір жолының тікелей  нәтижесі ретінде қарастырылады.

2). Мәдени-тарихи  әдіс әдебиетті зерттеп отырған  дәуірдің мәдени-тарихи жағдайымен  тығыз байланыста, сол дәуірдің  жемісі, бір көрінісі тұрғысынан  қарастыруды талап етеді.

Информация о работе Әдебиет тарихынзерттегенде мәселені