Қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2013 в 13:39, курсовая работа

Краткое описание

Тақырып өзектілігі. Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде талай-талай белестерді бағындырды. Ол халықаралық қатынастан бастап, елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени салаларының барынша қарқынмен дамуы арқылы көзге түседі. Бұл еліміздің рухани бай болуының, білімділігінің, байсалдылығы мен сабырлығының арқасында келіп жатқан үлкен жетістік. Қазақ халқы тарихтың талай соқпақтарынан өтсе де, небір қилы заманды басынан кешсе де ұлттық құндылығын бағалаған халық. Оның айғағы тіліміздің, дініміз бен діліміздің, ұлттық құндылықтарымыз бен өнеріміздің өлмей, атадан балаға мұра болып, қазіргі өркениетті күнге жетуі десек артық айтқандық емес. Соның ішінде ұлттық өнердің ажырамас бөлігіне айналған қазақ биінің орны ерекше.

Прикрепленные файлы: 1 файл

МАГИСТ.ДИССЕР..doc

— 6.34 Мб (Скачать документ)

Зерттеуші ғалым Т.О.Ізім: «Қазіргі заманда, қазақ халқының дәстүрлі би шығармашылығының қайта өркендеуінде Ә.Ысмайлов, Ш.Жиенқұлова, Д.Әбіров, О.Всеволодская-Голушкевич сынды аға ұрпақтың еңбегі орасан зор болды. Олар ұмыт бола бастаған би түрлерін, әр түрлі қимыл-әрекеттерімен жалпы қазақ халық биіне ғана тән пластикасын қалпына келтіріп, артына мұра етіп қалдырды»,-деген [11, 27 б.].

Ия, ендігі кезекте бүгінгі күнге дейін мұра болып келген билерді келесі ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.3 Композициялық қойылымдардағы қимыл әрекеттердің

қолданысы

 

Өнердің қай түрі болмасын, халықтың жан жүрегінен шығатын ізгі тілегінің өлмес хаты, ұлт мәдениеті мен өнерінде елеулі із қалдыратын тарихы.

Соның ішінде театр өнері қашанда халықтың жарқын болашаққа ұмтылған асқақ ой-арманы мен тілектерін айшықтап бере алған, сахна арқылы сан алуан кейіптегі образдар галереясын сомдап, бейнелі өнердің көрсеткен қасиетті ордасы.

Сол өнердің бірі  би өнері. Кезінде Шара апа қазақ биіндегі қимылдардың негізін қалап, кітап бетіне енгізіп кеткен. Би құдіреті оған бала жастан дарыған, сондықтан әкесі Баймолда қызының бойынан алғырлық қасиетін байқап, қытай бишісін жалдап би өнерінің алғашқы нышандарын үйретеді. Шара небәрі он алты жасында атақты биші атанады. Ол әлем халықтарынан: үндінің, өзбектің, испанның, сығанның, әзербайжанның, грузиннің, жапонның, корейдің, монғолдың ән-билерін орындаған. Әр ұлттың тілін ғана үйренбей, костюм кию мәнерін, жүрісін, дауыс ырғағын да шебер меңгерген. Міне, Шара апамыздың даралығы осында! Тәжірибелі педагог, талапшыл ұстаз, мейірбан тәлімгер бола білген Шара ұзақ жылдар қазақ ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі, Алматы хореография училищесінің басшысы болып таланты бишілерді тәрбиелеп өсірді. Шара апамыздың қазақ би өнеріне қосқан елеулі еңбектері ескерілмей қалмайды. Қытайдағы қазақ қандастарымыздың арқасында шекара асып келген «Қаражорға» деп аталынып жүрген буын биі елімізге келгелі көптеген пікірлер айтылып жүргені рас. Қандай қарама-қарсы қайшылықтар болса да, «Қаражорға» ұлттық би, дәлірек айтқанда, қазағына қайта оралған би. Неге десеңіз, «Қаражорға» Шыңжаңның Алтай өлкесінде шоғырлана қоныстанған қазақтың Керей руының биі. Оны әуел баста «Бақсы биі» деп атаған көрінеді. «Қаражорға» биінің Гиннес кітабына енуі, қазақ қандастарымыздың үлкен қуанышына айналды. Себебі «Қаражорға» адам денесіндегі барлық сүйек пен бұлшық еттерді қозғалысқа түсіретін көрінеді. Қазақтың халық биі “Қаражорға” Еуропа, азиядағы қазақтар шоғырлана қоныстанған аумақтарға кеңінен таралған. Қазақ халқының биінде көшпенділер тұрмысының әр түрлі ерекшеліктері сіңіріліп, ой-сезімі, қуанышы мен қайғысы бейнеленген. Демек, «Қаражорға» шаман заманындағы тайпалардан, түркі одағын басып, қазаққа жеткен көне би. «Қаражорға» биiнiң шығу тарихы тым ерте заманды меңзейдi. Ежелгi Ғұн, Үйсiн, Қаңлы, Найман-Керей хандықтары тұсында атты әскерлер ұзақ жорықтарда жүргенде үзiлiстерде алқа-қотан тұра қалып, жаппай би билейтiнi, ол бидiң «Жылқы биi» деп аталатыны жөнiнде ертедегi қытай жазбаларында кездеседі. «Қаражорға» биiн Қазақстанға алғаш әкелiп таныстырған Арыстан ақсақал: «Қаражорға» -- ұлтымыздың таза болмысын бейнелейтiн төл өнерiмiз»,-деген болатын.

Қазақ биінде орындалатын әр қимылдың алатын орны және өзіндік мағыналары бар. Атап айтқанда «Қошқар мүйіз», «Кереге көз», «Сыйлық», «Үлкен сыйлық», «Қызғалдақ», «Білезік», «Бота мойын», «Айна», «Сәндену» тағы басқа қимылдар қыздардың орындауында кездеседі. Әр қимылды бидің мағынасына қарай би қойылымдарында қолданып отырған (образға, сюжетке байланысты). Жоғарыда айтылған қимылдарды қыздың сұлулығын, нәзіктігін, еркелігін табиғатпен байланыстырып қолдануға болатындығын көріп жүрміз.

Қазақ биінің әр қимылы терең мәнді әрі ішкі психологиялық эстетикалық мағынасы бар, онда халықтың көркем бейнелі образдық ойы, оның ежелден дүниеге көзқарасы, дүниетанымы білінеді. Халықтың шексіз қиялы шексіз далада пайда болған. Би қимылдары да ақындар жырлаған қазақтың кең даласындай байсалды да қанатты.

Қазақ биінің дәстүрлі қимылдарының тарихи қалыптасуында, жазғы жайлауға көшу, киіз басу сияқты ұжымдық еңбектің маңызы зор болып табылады. Осындай ұжымдық еңбек арқылы көпшіліктің көз алдында неше алуан қимылдар туындап, эстетикалық және әсемдік көркемөнерге айналып жатты.

Ортақ талаптардан басқа (би билеу, музыканы есту қабілеті, секіріс, серпінділік, аяқтың алқымы, айналымдылық, қадам, үйлесімділік және тағы басқалары) қазақ биін орындаудағы ерекшеліктер: қол пластикасына - саусақ, шынтақ, иық пен дене пластикасы және иілімділігі, аяқ қимылдары техникасы (майда қадамдар, жатық башпайда ұсақ секірістер («атшабыс»), эмоциялық айқын мәнерлілік пен ұлттық ерекшелігі және тағы басқа талаптар қойылады.

Қалай айтсақ та би - қазақ өнерінің ажырамас бір бөлігі, қайнар көзі, қара қазаны десек, би өнерін зерттеп жүрген ғалымдардың еңбегіне сүйенуге тура келеді, онда «Қазақ халқының ұлттық мұрасының бірі - би өнері. Сонау біздің заманымызға дейінгі 2 мыңжылдықтан бұрын пайда болып, (Қаратау бөктеріндегі петроглифтерде билеп жатқан адамдардың суреттері) осы заманымызға дейін дамып, әр кезеңі көркемдік танудың қажетті буыны болып қалыптасты»,-деп жазады [27, 17 б. ].

Көптеген қағида түріндегі ежелгі билер көп тарихи себептермен қазіргі қоғамға жетпей қалған. Бірақ, ертедегі билердің сюжеттік тақырыбы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған дәстүрлі қимылдары халық жадында сақталып қалған. Қазақ халқы би үйлесімділігінің идеалдары мен дәстүрлерін өз рухани құндылықтарының қатарына қосып, ғасырлар бойымен алып өтті.

Қазақ халқының би өнері халықтың поэтикалық, музыкалық шығармашылығымен, фольклормен тығыз байланыста қалыптасып дамыды.

Ишарамен, ыммен (мимика) айту әдісін, халықтың дәстүрлері мен салттарын кең қолдана отырып, хореографиялық қимылдың алғашқы элементтерін пайдаланып, жастарға мінез-құлықтың нақты мөлшерін үйретеді. Мысалы: «Қазақстан хореографиясының тарихы» атты кітапта «Тәжім» қимылына толықтай тоқталып өткен. Қызды ұзатуға байланысты салттың тәлімдік үлгісі мол. Музыкамен, қалыңдық өзі қосыла билейтін қимыл-әрекеттер «Қыз таныстыру», «Сынау», «Жар жар», «Қоштасу», «Беташар»  тәрізді би қойылымдарында салт-дәстүрді көрсету үшін қызығылықты-ақ. Бұл дәстүрлердің әрқайсысының өзінің орындалу уақыты, өз мақсаты бар және ақыл айту, тәрбиелеу, тілек тілеу тәрізді тағылымы мол дәстүрлерді көрсетеді. Қыз ұзату салты, өз кезегінде, өмірінің жаңа кезеңін бастаған қыздың белгілі бір әлеуметтік мәртебесін білдіреді.

Осы әдемі қимылдардан кейін қалыңдық міндетті түрде белгілі бір адамның алдына келіп иіледі. «Тәжім ету-халық санасына өте әсер ететін сипаттардың көрсеткіші. Ұлттық тәжім ету қоғамның моральдық қалпын бейнелейтін мінез-құлық мөлшерлерінің барлық этикасын өзіне жинақтаған»,-деп көрсетілген «Кочевники-эстетика» атты ғылыми жинақта [28, 42 б.].

Бұл тәжім ету қимылы кішіпейілділікті, келісуді, кешіруді де білдіре алады. Жас келін күйеуінің туған туысқандарын қалай сыйлап, құрмет тұтпақ керек: осы жай әсіресе мол айтылады. Ауылдағы анасы үлкен ағаны, жасы кіші ініні, үйге түскен қонақты көргенде келін қандай болуға тиіс.

Міне жас келінге осының бәрі тағылым түрінде айтылады. «Беташарды» айтушы ақын, жыршы ауық-ауық сөзін бөліп, жас келінше иіліп сәлем беріп, тағзым етеді.

Салт-дәстүр тұрғысынан қарағанда, мұнда би қимылы жоқ. Бірақ қалыңдық жасауға тиісті осы жалғыз иілудің өзінде ғалымдар кейінгі ұрпаққа тәрбие береліктей қорытынды жасайды.

Еліміздің барлық аймақтарында осы, «Қалыңдық», «Сыңсу», «Қоштасу» билері ансамбльдер мен оқу орындарының репертуарынан кездеседі. Қимылы, әуені, киім үлгілері, өзге болғанымен мағыналары бір. Тәжім етіу - ұяң мінез, қимастықты білдіреді. Қазақ биінің қай қимылы болмасын, қарап отырсаңыз тұрмыс-тіршіліктен, табиғаттан, өмірден алынған. Мысалы, қыздардың қимылында көп кездесетін «Білезік», «Қос алқа», «Қызғалдақ», «Қайнар бұлақ», «Жалын», «Тұмар», «Айна», «Бұраң бел» т.б. би қимылдарында өзіндік мағына бар.

Қыздардың қарапайым қолына таққан білезігінен тұратын биді көрсетуге болады. Тек осы қос қолға таққан білезікті насихаттап, білезік арқылы әртүрлі қимылдар жасауға болатынын анықтауға болады. Жалт-жұлт еткен білезікті және алқа, сырға, шолпы т.б әшекей бұйымдарды мәдениетті түрде, өз ережесімен сахнада би тілінде қолдану әдісі композициялық қойылымдарда орын алып отыр. Бұл балетмейстердің үлкен тапқырлығы, шеберлігін қажет етеді. Әрине музыка ырғағымен, сол әшекейлерді би тілімен насихаттауда сахна төрінде киім үлгісі де биге лайық болуы шарт. Қазақтың қол қимылдарын жасау, орындау барысында жеткілікті түрде нақтылық қажет. Қазақ биінің қол қимылдарында, сонымен қатар, «Толқын», «Орама толқын», «Шынтақ толқын», «Орама», «Орама өрнек», «Жалын», «Бидай боз», «Қосшынтақ», «Беташар» тағы да басқа өрнектер түрінде болып келуінің өзі басқа халықтардың қол қимылдарынан ерекшеленетін өзгешелігі деп санаған жөн. Сонымен қатар, «Бүктелме», «Ырғақты қадам», «Айдаһар иірілу» және тағы өзге дене қимылдарының атаулары бар. Дегенмен, аталған қол және дене қимылдары мән-мағынасын жоғалтпастан, заман ағымына еріп, құбылып отыруы мүмкін. Біртуар талант, қазақ биінің Падишасы - Шара Жиенқұлова апамыздың сөзімен айтсақ: «Исскустваның басқа түрлеріндей хореография өнері де диалектикалық құбылыс сияқты, үнемі өзгеріп, дамып отырады» [29, 137 б.].

Кейде тек биге ғана мән беріп, сол биді орындау барысындағы киген киімдеріне немесе қос бұрым тақпай  киелі сахна төріне немқұрайлы шыға салатын бишілердің қателікке бой алдырып жатқандығын да айта кеткен жөн.

Мемлекетімізде төрт-бес жылда бір өтетін Шара Жиенқұлова атындағы би байқауы болып тұрады. 2012 жылы Қазақстанның халық әртісі, қазақ биінің падишасы Ш.Жиенқұлованың 100 жылдық мерейтойын атап, Ел ордасы Астанада байқау өткізілді. Төрт жылдың ішінде жаңадан құрылған ансамбльдерді және жаңа билер, жаңа идеялар, жаңаша киім үлгілерін байқадық. Бұл әрине біздер үшін үлкен қуаныш, жетістік. Қазақ биінің дамуы, мәдениетіміздің дамуына қосқан үлесі зор.

Дей тұрғанмен, осылай төрт құбыламыз түгел, сауатты білімді қуған заманда кейбір ансамбльдердің жоғарыда айтып өткен қателіктерге бой алдырғанын да көзбен көрдік. Сахна төрінде айналып жүрген бишілердің қимылы өзара бір-бірімен келісім таба білуі, бұл бидің жоғары деңгейде қойылғаны. Тәжірибе жинақтау барысында егер, бидегі қолданылатын қимылдар, өзеннің ағымы сияқты өзара байланысын тауып жатса, бишінің де тез жаттап алуына ықпал ететіндігін аңғардық. Басқа қимылдан, келесі келіспейтін қимылға көшіп жатқан жағдайда бишіге де, биге де кері әсерін тигізеді.

Композициялық қойылымдардағы қимыл әрекеттердің қолданысын дұрыс әрі сауатты, би тақырыбына сай қолдану қажет. Ол үшін балетмейстердің біліктілігі мен білімі, күш-жігері іс-қимылдардың орнын жете түсінуі тиіс.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Т.Ш. Бақтыбаев «Қазақ биі - ұлт болашағы» атты еңбегінде сәлем, тұмарша, шаңырақ, ұршық, толқын, сәндену, табақ тарту, оймақ, жебе, ши орау, айна, ожау, тақия, ақ жаулық, буын, білезік, малдас құру, шабандоздық сынды би қимылдарын өлеңмен өрнектей келе былай дейді: «Би - эстетикалық құрал, ол сөзсіз дене сұлулығына тәрбиелейді. Әрі халық билерінің өздеріне тән ерекшеліктері би қойылымдарында, іс - қимылдарында көрініп тұруы керек. Би өнері қазақ халқы үшін тәрбие құралы, мәдениет жаршысы, тіптен қазақ тарихы десек те болады»,-деп жазды [29, 102 б.].

Бір қарағанда көріп отырған көрерменге білінбегенімен, кейін келе-келе сол қимылдың өзгеше қимылдарға өзгеруі мүмкін.

Әрине билерді, композициялық қойылымдарды, яғни дайын болған дүниені көріп, талқылау оңай. Дегенмен «Көш жүре түзіледі» десекте егемендік алғанымызға 20 жыл толды. Киелі үкіміздің орнына шет елден келген мамықтан жасалған дүниелерді немесе ұлттық нақыштағы ою-өрнектеріміздің орнына көзбояушылық жылтыр-жылтыр дүниелерді жабыстыруымыз біздер үшін үлкен сын.

Жоғарыда айтып өткендей Шара Жиенқұлованың 100-жылдық мерейтойына арналған байқауда алдына жан салмай өнер көрсеткен, ешқандай қателіктерге бой алдырмаған Оңтүстік Қазақстан облысының филармониясы жанынан ашылған «Қазына» би ансамблін мақтан етуге тұрарлық. Олай дейтін себебіміз нағыз ұлттық нақышта билерін орындап, қимыл қозғалыстары яғни лексикасы бір-бірімен үндесіп жатқаны, киімдерін жылтыратпай-ақ этникалық тұрғыда көрсетіп, әділ қазылар алқасымен көрермендерді бір қуантып тастағаны рас.

Куә болған көрермендердің өзі де әділ-қазылардың шешімін күтпей-ақ жеңісті осы ансамбльден күткенін жасыра алмаймыз. Бұл әрине ансамбльдің жетекшісі Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, педагогика ғылымының кандидаты Зәуре Бекембайқызы Әжібекованың үлкен жемісі. Елімізде осындай балетмейстерлер көбейіп жатса онда бұл мемлекетіміздің хореографтары үшін үлкен мақтаныш.

Балетмейстер биді қояр алдында әуелі өзіне ұнаған әуенді тауып алып, содан кейін ол әуен нені көрсетіп, нені айтқысы келетінін ажыратып алған жөн немесе бірінші композициялық тақырыпты ойлап тауып, сол композицияға сәйкес әуендерді құрастырып (компановка) жасауға болады. Әрине бұл жерде балетмейстерден үлкен сауаттылықты талап етері сөзсіз. Композицияның тақырыбы мен әуені және би  қимылдары бір-бірімен келісіп жатса, онда сол еңбектің зая кетпегенін көреміз. Көбінесе композициялық қойылымдарда қол-аяқ қимылдарын бірінен соң бірін қолдана берудіңде қажеті жоқ екенін ескерген жөн.

Өнер иесі өзінің ішкі сезімін бимен бейнелеу арқылы айтпақ ойын ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар көңіл күйін, дене пластикасының бар мүмкіншілігін пайдалану арқылы өзін қоршаған ортаның болмысын білдіреді.

Бізге дейін көптеген вокалды-хореографиялық композициялардың қойылғаны жөнінде жазба деректерге сүйеніп анықтауға болады. «Алатау қойнауында», «Тыңдағы той» атты музыкалы-хореографиялық композицияларда ауыл және қырман тойының көркі сүреттелген. «Бұл композиция қыздардың әсем лирикалық, жігіттердің шапшаң да ширақ билерінен және жұптаса биленетін көпшілік биден құралған»,-деп жазады зерттеуші ғалым Т.О.Ізім [11, 26 б.]. Сондай-ақ «Саяхатта», «Көкпар», «Қазақша күрес»,  және халық әні «Ай қабақтан» түзілген композициялық қойылымдар шын мәнінде сол кездегі би өнерінің шығармашылық шыңына айналған. Сол кездегі деп айтып отырған уақытымыз 1955 жылы құрылған Қазақ ССР-нің мемлекеттік ән-би (қазіргі «Салтанат» би ансамбілі) ансамблінің репетруарына енгізілген қойылымдар болатын. Осы композицияларды қойған ансамбльдің жетекшісі Л.Чернышева театрландырылған қойылымдары режиссерлік шешімдерімен де ерекшеленген. Мысалы, композитор Б.Байқадамов жасаған халық ән-күйі әуеніне «Саяхатта» атты композиция қойған.

Тұлпар тұяғының дауысы, шаңдатқан дүрбелең шабысы естіліп, өз құрбыларынан көкпарды тартып алып, қатарластарының алдында озып келе жатқан шабандоздың артынан, оның қолындағы көкпарды тартып алмаққа, атойлап шапқан бір топ жігіт сахна төріне қиқулай шығады. Қазақтың ұлттық ойынын дәріптеген аталмыш көріністі көріп отырып, көптеген өнер сүйер қауым тақымын қысып отырғандай болды.

Жазба деректерді оқып отырсаңыз, бұл көрініс халықтың тұрмысы мен оның ән мен күйге кенелген сәтін сүреттейтінін елестетуге болады. Бұл қойылымдар қазір сахнада орындалмайтындықтан, біздер тек ғалымдардың жазып кеткен еңбектерінен ғана көре аламыз. «Қазақ  ССР-нің мемлекеттік ән-би ансамблінің» алғашқы репертуарындағы композициялық қойылымдары көрермендердің ойынан шығып, шет елдерге де көрсетіліп, үлкен табыстарға ие болып үлгерген.

Информация о работе Қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы