Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2013 в 13:39, курсовая работа
Тақырып өзектілігі. Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде талай-талай белестерді бағындырды. Ол халықаралық қатынастан бастап, елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени салаларының барынша қарқынмен дамуы арқылы көзге түседі. Бұл еліміздің рухани бай болуының, білімділігінің, байсалдылығы мен сабырлығының арқасында келіп жатқан үлкен жетістік. Қазақ халқы тарихтың талай соқпақтарынан өтсе де, небір қилы заманды басынан кешсе де ұлттық құндылығын бағалаған халық. Оның айғағы тіліміздің, дініміз бен діліміздің, ұлттық құндылықтарымыз бен өнеріміздің өлмей, атадан балаға мұра болып, қазіргі өркениетті күнге жетуі десек артық айтқандық емес. Соның ішінде ұлттық өнердің ажырамас бөлігіне айналған қазақ биінің орны ерекше.
Ән-би ансамблі өзінің қалыптасу жолын жаңа, тың ізденістермен бастаған болатын. Бұл кезең қазақ елінің эстетикалық принциптерін қалыптастыру кезеңі болды. Жас ансамбль осы жұмысқа білек сыбана кіріскен бірден-бір шығармашылық ұжым ретінде таныла бастады. Қазақ билерін жасаудың негізі - халықтың көркем шығармашылық өнері екенін түсінген ансамбль басшыларының алдында үлкен міндеттер тұрды.
Жоғарыда айтылғандай, жаңа заман көркемөнері шығармашылығының жаңа ерекшелігі ретінде үлкен өнер ұжымы құрылды. Негізгі мақсат - өз еліміздің бет пердесіне айналған, өз өнерін паш ететін ұжымды қалыптастыру және халықтық-сахналық билерді көрермен қауымға етене жақындату болды. Сондықтан ән-би ансамблінің репертуарынан алуан халықтардың ән-билері орын алды. Л.Чернышева қазақ сахнасында өзіне дейін қойылған халық билерінің лексикасын байыта отырып, жаңа билер қоюмен қатар тың тақырыптарға да билер қойды. Дәлірек айтқанда Л.Чернышева ансамбльдің шығармалық мүмкіндігін толық пайдалана отырып, кең ауқымды үлкен-үлкен вокалды-хореографиялық композициялар қойды.
«Алатау баурайында», «Тыңдағы той» атты музыкалы-хореографиялық композицияларда ауыл және қырман тойының көркі суреттелген. Бұл композицияларға ансамбль мүшелері түгел қатысып, қыздардың әсем лирикалық, жігіттердің шапшаң да ширақ билерінен және жұптаса биленетін көпшілік биден құралған болса, «Саяхатта» композициясында тек қана жігіттер өнер көрсеткен. «Көкпар», «Қазақша күрес», «Жігіттер» биінен және халық әні «Ай қабақтан» түзілген бұл композиция шын мәнінде ансамбльдің шығармашылық шыңына айналды, сонымен қатар ансамбльдің репертуарында жоғарыда көрсетілген үлкен-үлкен вокалды-хореографиялық композициялармен қатар «Киіз басу», «Айжан қыз», «Шашу», «Ата толғауы», «Шолпы», «Қос алқа», «Сылқыма» қойылымдары өзіндік өрнектерімен ерекшеленген билер болды.
Ансамбль өзінің алдына қойған мақсатын орындауда жер шарының түкпір-түкпірінде гастрольдік сапарда болып, қазақ өнерімен дүниежүзі халықтарын таныстырды. Әр концерт қазақ ән-би өнерімен таныстыру деңгейінде ғана өткен жоқ. Онда қазақ халқын ұлт ретінде танытып, халықпен халықты жақындата түсті. Қазақ деген халықтың өнеріне бас идірді. Өзінің жарты ғасырдан артық шығармашылық жолы бар осы “Қазақ ССР-нің Мемлекеттік ән-би ансамблі” қазақ музыка мәдениетінің ірі өнер ошағы бола отырып, ұлттық хореография өнерінің талай майталман орындаушыларын тәрбиелегені белгілі. Қазақстан хореография өнерін соның ішінде ұлттық биді насихаттау ансамбль мақсаттарының негізі болды. Л.Д.Чернышеваның сіңірген еңбегі айрықша зор екенін қазақ биін зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен көруге болады.
Л.Чернышеваның шығармашылық бағыт-бағдарын жалғастырып келе жатқан З.Райбаев, Е.Рахмадиевтың «Қызыл отау» атты музыкалық шығармасына «Қыз ұзату» хореографиялық композициясын қойды. Елімізге өз шығармашылық ерекшелігімен белгілі болған балетмейстер З.Райбаев осы ансамбльді 1971-1972, 1974-1978, 1984-1994 жылдар аралықтарында басқарған.
Еліміздің білімді де білгір режиссер-хореографы З.Райбаев ансамбльді жаңа шығармашылық белеске көтерді. Одақ көлемінде белгілі балетмейстерлер шақырылып жаңа билер қойыла бастады. З.Райбаев сол кезден бастап Қазақстанда жеке би ансамблін құрсам деген ойын министрлікке білдірді.
Бұл келелі ой тек 1989 жылы іске асты. Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1989 жылдың 20-ақпандағы №70 қаулысымен ән-би ансамблі Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі болып қайта құрылды. Бұл уақытта Қазақстанда «Алтынай» би ансамблі табысты еңбек етіп жүрген болатын.
«Алтынай» ансамблі шығармашылығын ұлттық бидің кең қанат жаюына бағыттаған болса, «Салтанат» би ансамблінің шығармашылығы дүниежүзі халықтарының биін орындауға бағытталған. Ең бастысы ансамбльдің сол кездегі алдыңғы қатарлы ансамбльдердің деңгейінен кем түспейтін, жан-жақты дайындығы бар хореография өнерін шебер меңгерген ұжым болып қалыптасуы болды. З.Райбаевтың басқарған уақытында ансамбль өзінің кәсіби деңгейінің жоғары екендігін көрермен қауымға көрсете білді. Себебі әрбір биді қойғанда оның ұлттық-психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, бишілердің сахнадағы қозғалыстарының ұсақ-түйектеріне дейін зейін қою З. Райбаевтың кәсіби ерекшелігін көрсетеді. Соның дәлелі ретінде мыналарды айтуымызға болады: Халық қаһарманы композитор Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» шығармасына балетмейстер З.Райбаев қойған қыздардың лирикалық биі Қазақстан және Одақ көлеміндегі барлық үлкен концерттерде биленетін. Аталмыш бидің болмысынан халықтың мінез-құлқын еркін аңғаруға болады. Мұндағы би қимылдары қазақ халқының дала төсінде еркін өскен халықтың табиғатпен үндесіп жатқан дархандығын көрсетеді. Ал, оның жаңаша замануи бағытта өңделіп сахнаға шығарылуы өз көрермендерін табуына көп септігін тигізді. Жалпы, қазақ би өнерін жаңа заман талаптарына лайықтап, сахналық көріністер жасауға З. Райбаевтың қосқан үлесі зор деп айтуымызға болады. Дарынды балетмейстердің қойған билеріндегі негізгі көрініс қазақ халқының ұлттық болмысы мен мінез-құлқынан нақты мәліметтер беретіндігін де айта кетуге болады. Себебі, З. Райбаев өз еңбектерінде би өнерінің алға қойған жалпы мақсаты халықтық ерекшеліктерді кейінгі ұрпаққа жеткізу екендігін атап көрсетеді және де сол мақсатты өз жұмысында берік қағида ретінде ұстанады. Қойылатын бидің негізгі философиялық болмысын көрерменге дәлме дәл жеткізуде балетмейстрдің шеберлігі ерекше көрініс табады десек артық болмас.
Халық күйлерінің негізінде қойылған Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, балетмейстер Л.Смолянскийдің «Шопандар демалысы» биі де жігіттердің орындауындағы әзіл-қалжыңға негізделген би. Қолдарына таяқ ұстаған жігіттер шапшаң да екпінді қимылмен сахнада билей жөнеледі. Орындаушылардың бір-бірінің алдында өз ерекшеліктерін көрсетуде балетмейстер әр орындаушыға өз кейіпкерінің мінез-құлқын ашуда жігіттердің алуан түрлі қимылдарын қолдана отырып қол жеткізген. Олардың биінде күні бойғы ауыр еңбектен кейін бір жерге жиналып ойын-сауық құрған шопандар өмірінен елес береді.
Осындай ерекше қарқынмен дамып, халықтың асыл қазынасы болып саналатын би өнерін өз деңгейіне жеткізе орындаушы қатарын тағы бір би тобы толықтыра түсті. Ол 1955 жылы Л.Д. Чернышеваның басшылығымен өмірге келген ҚазССР-нің ән-би ансамблінің қайтадан мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі болып құрылуы. Бұл ансамблдің тізгінін 1994 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Г.Орымбаева қолына алған болатын. Еліміздің экономикалық дағдарысты басынан кешкен сол кезеңдерде, өз бағыт-бағдарын ұстап қалған бірден бір шығармашылық ұжым осы «Салтанат» би ансамблі еді.
Бұл би ұжымының алғашқы шығармашылығы жөнінде Т.О. Ізім өзінің «Өркені өскен би өнері» деген еңбегінде «Ансамбльдің репертуары өзіндік көркемдік сипат алып, вокалды-хореграфиялық және драмалық өнердің синтездік түрде дамуын шығармашылық бағыты етіп ұстанды» деп нақты атап көрсетеді [10, 122 б.].
ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ би өнерінде айтарлықтар өзгерістер болғандығын жоғарыда атап көрсеттік. Ол өзгерістер кәсіби тұрғыдағы «Қазақ ССР-нің Мемлекеттік ән би ансамлінің» одан кейін мемлекеттік «Салтанат» би ансамбльдерінің құрылуы. Бұл өнер ұжымдары халықтың ұлттық биін негізге ала отырып, заманауи тұрғыдан вокалды-хореграфиялық және драмалық қалыпта дамытты. Әсіресе, бұл өзгерістерді мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің шығармашылық жұмыстарынан көруге болады.
Аталмыш өнер ұжымының табысты еңбектері жайлы профессор Т.О Ізім өз еңбегінде «Mіне, ансамбльдің біз саралаған жылдарында еңбек еткен өнерпаздардың барлығы да дерлік ұлттық өнеріміздің төрінде өзіндік орнын алған ірі шығармашылық ұжымдардың бірі болып танылуына ықпал жасады және соның жолында еңбек етті», - деп көрсетті [11, 57 б.]. Бүгінде іргесі бекіп, Қазақстанның кәсіби би өнерінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан «Салтанат» би ансамблінің бастауы болған, би өнерінің қара шаңырағына айналған «Мемлекеттік ән-би ансамблі» бүгінде тамырын терең жайып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ансамбліне айналды.
Көрермен қауымның жоғарғы эстетикалық талап-талғамынан шығып жүрген ансамбльдер өзінің көркемдік-идеялық мазмұнының байлығымен бірге сан жағынан да өсіп көбейіп келе жатқаны белгілі.
Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі қазақ би өнерінің кәсіби келбетінің қалыптасып, сахналық мәдениетінің өсуіне, елімізде би өнерінің шыңдала түсу кезеңіне мол үлес қосты.
50 жылдан астам шығармашылық жолы бар мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі қазақ музыка мәдениетінің ірі ошағы бола отырып, ұлттық хореография өнерінің талай майталман орындаушыларын тәрбиелегеніне көз жеткіздік. Билерді сахналауда халық көркемөнерінің ықпалы ансамбльдің шығармашылық бағыт-бағдарын анықтайды. Қазақстан хореография өнерін соның ішінде ұлттық биді насихаттау ансамбль мақсаттарының негізі болды. «Салтанат» би ансамблінің шығарашылығы халық биінің дамуындағы кезеңдерінің біріне айналды.
Ал, 1969 жылы құрылған Мемлекеттік «Гүлдер» атты жастар эстрада ансамблі республикада би өнерінің дамуында жаңа леп әкелген ұжым болды. «Гүлдер» ансамблі туралы ғалым Т.О. Ізім «Өркені өскен би өнері» атты еңбегінде «...ансамбль қазақ эстрадасының негізін қалап, жол бастаушы өнер ұжымы болды. Ансамбль құрамына енген бишілер тобы жаңа би қойылымдарын жастық жалынды толық жігерлілікпен орындау арқылы көрерменін тәнті қылған бірден-бір өнер ұжымы»,-деп бағалайды [10, 123 б.].
Бишілерді басқарған Д.Б. Қиякованың осы орайда жаңа жол тауып, би өнеріне жаңа үрдіс енгізгенін бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді. Оның осы ансамбльге арнап қойған «Домбра», «Кесте» тағы басқа билері көрермендер көңілінің төрінен орын алған шығармалар. Жастығымен сахнаның көркіне айналған алғашқы орындаушылар өз шеберліктерімен таңдай қақтырған. Қазақ биінің эстрадалық үлгісін қалыптастырған Д.Б. Қияқова бидің рухани қажеттілігін дәлелдеген балетмейстрлердің бірі болды.
Ал, 1985 жылы Алматы облыстық филармониясы жанынан «Алтынай» фольклорлық би ансамблінің құрылуы осы кезеңнің бір жаңалығы болды. Ансамбль қазақтың ежелгі билерін қалпына келтіріп, сахналауды шығармашылық бағыты ретінде жұмыс жүргізген ұжым.
Би ансамблінің болмысы, оның шығармашылық жұмысы балетмейстер өнерінің деңгейіне тікелей байланысты екені белгілі. Осыны түсінген филармония басшылығы еліміздің белгілі өнер қайраткерлері Ш.Жиенқұлованы, Д.Әбіровті шақырып ел мұрасына айналған билерін ансамбль репертуарына енгізу арқылы жас өнер ұжымының сахналық шеберлігінің өсуіне ерекше ықпал етті. Бұл ансамбльдің үлкен өнер ұжымы санатына қосылуына аянбай еңбек еткен жанның бірі Мәскеу қаласындағы МХАТ-тың жанындағы К.С.Станиславский және В.И. Нимирович-Данченко атындағы театр училищесінің оқытушы-балетмейстері О.В Всеволодская-Голушкевич.
Ендеше бүгінде іргесі бекіп, Қазақстанның кәсіби би өнерінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан «Салтанат», «Алтынай», «Гүлдер» Мемлекеттік ансамбльдерінен осы өнердің ғажап үлгісін көріп, одан нәр алған би ұжымдары бүгінде тамырын терең жайып, көп салалы, кең өрісті өнер ошақтарына айналып отыр. Көрермен қауымның жоғарғы эстетикалық талап-талғамына жауап беретін ансамбльдер өзінің көркемдік-идеялық мазмұнының байлығы мен бірге сан жағынан да өсіп, көбейіп келе жатқаны белгілі.
«Фольклорлық және халықтық-сахналық билердің хореографиялық негізін әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан би тілі құрайды. Хореографиялық өнердің әлемдік дамуының жоғарғы баспалдағы болып табылатын классикалық бидің өзі халықтың пластикалық би тілі негізінде туған, эстетикалық жағынан өңделген, мамандарды оқыту үшін жүйеге түсірілген билердің мазмұны мен бейнелерін ашып көрсету үшін балет өнері қайраткерлерінің шығармашылық қиялы мен қанықтырылып, техникалық жағынан байытылған.
Жалпыға белгілі осы шындықты ескере келе, бірінші қазақ сахналық билерінің қимылдарын байыту үшін, оларды ары қарай дамыту үшін, ұлттық ерекшеліктерін баса көрсету үшін халықтың хореография тарихынан қарапайым білімінің болуы, халық билерінің мазмұны мен аттарын және оларды орындаушылардың аты-жөнін білу жеткіліксіз болды. Дегенмен, бағалы этнографиялық сипаттамалар және ертеден келе жатқан қазақ халық билерін орындаушыларды көрген адамдардың әсерлі әңгімелері көркем ойға қозғау салып, қажетті хореографиялық құралдарды іздестіруде мол мәліметтер береді. Мұның өзі халықтық билердегі қимылдарды және оның орындалу сипатын оқып үйренуді қажет етті» - деген қазақ би өнерін зерттеуші Д.Әбіров «Қазақ би тарихы» атты еңбегінде [12,98 б.]. Яғни, ғалым өзі жасаған жұмыстарының нәтижесінде қазақ халық билерінің көптеген қимылдарын анықтаған. Олардың кейбір қимылдарына тоқтала кетсек:
Ырғақты қадам - иықты көтеру және түсіру, тізені шұғыл бүгу;
Тепең жорға - жорға аттың селкілдетпесіз жай жүрісі;
Шоқаң жорға - жорға аттың шоқырағы;
Шабыс - шабу;
Ытқыма - секіру (әр түрлі формада);
Айдаһарша иірілу - оралған жылан;
Тебінгі - атты тебіну;
Сүйіртпе - аяғын сүйрету.
Осы аталып отырған би элементтерінің барлығы да қазақ биінің өзгелерден айырмашылығы мен ерекшеліктерін айқындай түсетін элементтер екендігі даусыз. Оған дәлел ретінде мыналарды айтуымызға болады, Москвадағы Үлкен театрда өткен Бірінші бүкілодақтық халық билерінің фистивалінде «Насыбайшы» биін билеген қазақ халық бишілерінің бірі Ысқақ Быжыбаевтың шеберлігі жайында атақты балет тарихшысы, театртанушы Ю.Сломинский таңдана: «...мимикасы бай аса дарынды өз сезімін әзілмен суреттейтін керемет орындаушы. Міне, ол рахат сезімге ұйи отырып, насыбайдың бір шөкімін алып иіскейді, міне, ол түшкіргісі келеді: денесі ширатылып, көздері сығыраяды, бет-әлпеті тыжыраяды. Әйтеуір ол рахаттанған күйде түшкіреді, бір, екі үш рет - әр түшкіргенде секіріп және алға қарай ұшып түседі. Ешқандай натурализмсіз, бәрі көркем де нәзік, шеберлігіне таң қаласың»,-деп жазды [13, 68 б. ].