Қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2013 в 13:39, курсовая работа

Краткое описание

Тақырып өзектілігі. Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде талай-талай белестерді бағындырды. Ол халықаралық қатынастан бастап, елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени салаларының барынша қарқынмен дамуы арқылы көзге түседі. Бұл еліміздің рухани бай болуының, білімділігінің, байсалдылығы мен сабырлығының арқасында келіп жатқан үлкен жетістік. Қазақ халқы тарихтың талай соқпақтарынан өтсе де, небір қилы заманды басынан кешсе де ұлттық құндылығын бағалаған халық. Оның айғағы тіліміздің, дініміз бен діліміздің, ұлттық құндылықтарымыз бен өнеріміздің өлмей, атадан балаға мұра болып, қазіргі өркениетті күнге жетуі десек артық айтқандық емес. Соның ішінде ұлттық өнердің ажырамас бөлігіне айналған қазақ биінің орны ерекше.

Прикрепленные файлы: 1 файл

МАГИСТ.ДИССЕР..doc

— 6.34 Мб (Скачать документ)

2003 ж. - Ағымбаев Еркебұлан Мүлікұлының өзінің қажырлы еңбегі ескеріліп, Қазакстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен және «Меценаты столетия» қорының «Честь и польза» төс белгісімен марапатталды;

2004 ж. - Қытайда халықаралық «Достық»  фестивалінде театр «Алтын мүсін» иегері атанды;

2006 ж. - Халықаралық «Қосалқа» халық би фестивалінің дипломымен марапатталды;

2006 ж. - Қ.Е.Ағымбаева Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды;

2007 ж. - Халықаралық «Шабыт» халық би фестивалінің дипломымен марапатталды;

2007 ж. - Астана қаласының Мәдениет департаменті бастығы С.Абдрахманов мырзаның дипломымен марапатталды;

2008 ж. - Worldfestival Parad Brunssum фестиваль сертификатымен марапатталды (Голландия, Еуропа);

2008 ж. - Интернационалдық фольклорлық фестиваль дипломымен марапатталды- (Warffum Нидерланды);

2009 ж. - «Наз» театры Астана күніне орай өткен мерекеде белсенділік танытқан үшін Астана қаласының әкімі И.Н.Тасмағамбетов мырзаның «Алғыс хатымен» марапатталды;

2010 ж. - театр Астана қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды;

2010 ж. - ҚР Египет Араб Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісінің Египет Араб республикасы арасындағы ынтымақтастығын дамытуға қоскан үлесі үшін «Наз» мемлекеттік би театрының ұжымына алғыс білдіреді;

2011 ж. - ҚР тәуелсіздігіне 20-жыл толуына орай, Е.М Ағымбаев және Қ.Е.Ағымбаева ерен еңбектері үшін құрмет медалімен марапатталды.

Қазіргі таңда ұжымның репертуар қорында алпысқа жуық хореографиялық қойылымдар, оның ішінде қырықтан астам қазақ билері мен көптеген әлем халықтарының билері бар.

Театр қоржынында Француз композиторы Морис Равельдің «Болеро» атты әйгілі шығармасына қойылған би спектаклі және жасөспірімдерге арналған, жақсылық пен жамандықты ажырата білуді насихаттайтын «Ақ пен қара» қойылымдары бар. Сондай-ақ бір тұтас халықтың тарихи кезеңін көрсететін, қазақ халқының сонау ерте замандағы өмірінен бастап, бүгінгі таңдағы желбіреген көк туымызға қалай жеткендігін көрсететін «Тұйғындар» атты би спектаклі мен тәуелсіздігіміздің 20 жыл толуына орай қойылған «100 жылда бір жасайтын Алып тұлға» атанған Нұрғиса Тілендиевке арналған «Нұрғиса» атты би спектакльдері театрдың репертуарынан ерекше орын алады. Себебі, бұндай би спектакльдері көптеген өнер шаңырақтарында енді ғана қолға алынып жатыр.

«Тұйғындар» атты бір сағаттық спектакльде қазақ халқының ерте замандағы өмірін көз алдыңызға елестете алған би өнеріне табынарыңыз хақ. Филармония музыканты Байдалы Рыспанбетовтың талғампаздықпен таңдап алған музыкалық шығармалары спектакльдің өн бойында сәтті қолданыс тапқан. Құрманғазы, Махамбет, Е.Брусиловский шығармаларымен қатар А.Жайымов пен М.Бердығұлов, Ә.Қазақбаев, Б.Рыспанбетовтердің өз шығармалары және халық күйлері мен әндері алынған. Әрі олар хореографиялық мәтінмен әсем үйлестік тапқан.

Тұйғын - көзге сирек түсетін, тек биікте самғайтын, қырағы әрі батыл, қасиетті құс екенін біреу білсе, біреу білмес. Ол батылдық пен батырлықтың, тектілік пен ептіліктің, қырағылық пен қайсарлықтың символы іспеттес.

Сахнаны көркемдеу шешімдерінде қолданылған тас мүсіндері мен көне Түркі Күлтегін, Орхон Енесей жазбалары тарих қойнауына жетелейді. Әр мүсін жанында әр түрлі кейіпте орналасқан жауынгер бейнелері де соның айғағы іспеттес. Қасқырдың ұлыған дауысы да спектакльдің мазмұнын аша түскендей. Ақ темір сауыт киінген батырлардың қайратты білегі, жігерлі жүрегі мен қайсар мінезі киім үлгілерімен үйлесіп, нағыз қазақ батырларының бейнесі анық берілген. Жай басып сахнаға шыққан абыздың әңгімесінің желісі халықтың өткен күндерінің бір тарихи кезеңі екеніне көрерменін сендіреді. Абыздың киім үлгісі, қолындағы аса таяғы ақсақалдың өмірлік тәжірибесінен сыр шерткендей болды.

Жайбырақат өмір кешіп жатқан халық. Ел ішіндегі осы көрініс қыз-жігіттердің әсем қимылды билеріне ұласты. Қыздардың жігіттерге наздана бұйырған «Соқыртеке», «Арқан тарту» ойындарының ойналуы сахнаны дүр сілкіндіріп тастады. «Соқыртеке» ойыны барысында балалық шаққа бір саяхат жасап қайтқандай әсерде боласың. Спектакльде балетмейстерлер Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтармен бірге ансамбль бишісі М.Айтмағамбетованың қойған ауыл көріністері сәтті шыққан біртұтас дүние. Қыз-жігіттермен бірге ауыл қарттары жас сәбилер образдары спектакльдің алдына қойған мақсат-міндеттерін аша түскен. Міне осы шат-шадырман өмірді ала құйын дауылдай «жау шапты» деген суыт хабар бұзды. Онда ақын:

«Дүрлігіп кенет бар ауыл,

Естіді суыт хабарды,

Аттылы жетті шаңдатып,

«Жау шапты!» деді даламды»,-деген жолдармен, жан қиналысын білдіреді [30, 1 б.]. Киелі қазақ даласын басып алуға, кең байтақ жерде өз билігін, үстемдігін жүргізуге дәмелі дұшпанның мысын басу үшін дүйім қауым болып аттанады. Жігіттер жасағының жауға аттанар кезін суреттеуде шындауыл аспабымен орындалатын көпшілік биі сәтті шыққан билердің бірі. Ал, жаумен шайқаста қылыш пен қалқан арқылы көрсетілген айлалы іс-әрекеті өзінің екпінді, шапшаңдығы арқылы шешімін тапқан. Осы сахналық іс-әрекетті меңгеруде жігіттер мен қыздардың көп еңбек еткені көрініп-ақ тұр.

Жеңіс қуанышын паш еткен домбырашы, халық қуанышы барлығы бір арнаға тоғысып көпшілік шаттық биіне ұласады. Сол сәтте ақынның:

«Сүйінші сұрап ел елден,

Аралап кетті аттылы,

Біз жеңдік халқым, тойла - деп

Жаңғырып жатты дала үні!»,-деген өлең шумақтары өнерпаздардың биіне көрік беріп, көтеріңкі көңіл күй сыйлағанын жасырып қалу мүмкін емес [31, 11 б.].

Бір қызығы осы спектакльді Ағымбаевтар алғаш сахнаға алып шыққан кезде қойылымды тамашалауға қоғам қайраткерлерін, ғалымдар мен өнер жанашырларын, жалпы айтқанда ешқандай қонақ шақырмапты. Бұл Ағымбаевтардың алғашқы қомақты туындысы болғандықтан, қонақ шақыруға олардың жүректері дауламаған екен. «Сырт көз сыншы» дегендей, пысып - қатып алмаққа бел буса керек. Сонда би өнерін жетік меңгерген ғалым, өнер жанашыры Тойған Ізім «Тұйғындар» атты жаңа туындының болатынын естіп, өз ықтиярымен Алматы қаласынан арнайы би спектаклін тамашалауға келген. Спектакльдің тұсау кесер койылымынан кейін ғалым Т.Ізім: «Мынау үлкен дүние, «Тұйғындар» би өнеріндегі үлкен жаңалық болды. Мазмұны мен айтар ойы ұлттық түрдегі осы би спектаклінің хореографиялық шешімі синтездік түрде болғаны спектакльдің көркемдік идеясын аша түсті. Қазақ халық биінің хореография өнерінің үлгілерін қолдана отырып жаңа түр алғаны музыкалық шығармалардың жаңаша әрленгендігі спектакльдің ерекшелігі. Осының барлығы драматургиялық тұтастыққа бағындырылған»,-деп жоғары баға беріп, үлкен өнер айдынына қанат қаққан жас балетмейстерлерге сәттілік тіледі. Бұл да бір қазақ тарихынан сыр шертетін тың туындылардың бірі әрі бірегейі екенін айта кеткен жөн. Себебі, сәтті шыққан бұл спектакльді көрермен жылы қабылдады. Әртістердің киім үлгілері тақырыпқа сай, көркем қимылдары музыка ырғағына сай, ал бет әлпеттерінің көріністерге сәйкес құбылуы - үлкен шеберлікпен орындалды, барлығы да көріп отырған адамға сөзбен айтпаса да түсінікті болды. Абай атамыз айтпақшы: «Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл» - дегендей, қазақтың қара сөзінің, салт-дәстүрінің қадірін білетін әрбір азамат, аталған қойылымды тамашалай отырып, сөзсіз ұғып, қазақ болып туылғанына марқайып кетері хақ. «Наз» ұжымының аталмыш қойылымды Египетке барып қойғаны, ол жақтың халқының қазақ өнеріне бас игені, таңдандыруы әрине, қазақ жұрты үшін зор мақтаныш.

Гастрольдік сапарға шыққан жас ұжымның күнделігінде мынандай бір естеліктер жүректі тебірентпей қоймады. «2008 жылғы 8 қараша. Голландия. Брунсум қаласы. Әріптестерімізбен үй-үйге бөліндік. Ақон Рысқалиев досым екеуіміз Фрауке ханымның үйіне жайғасатын болдық. Ол үйдің Марко және Робин есімді екі ұлы бар екен. Біреуі сегізде, екіншісі он бір жаста. Балалары өте әдепті. Тіл түсінбесек те олардың жылы қабақтарын байқадық. Қолымыз бос кезде екі ұлмен балаша ойнаймыз. Үй қожайыны Фрауке ханым сондай қонақжай, ақкөңіл адам екен. Қонақжайлылығы қазақ халқынан еш кем түспейді. Біз барғалы асты - үстімізге түсіп, шамасы келгенше күтіп жатыр. Тіпті, сыйлықтар да тарту етті.» - деп басталатын Брунсум қаласындағы күнделік: «Елге қайтатын күн. Марко мен Робин біздің кететінімізді естіп, көңілкүйлері түсіп қалды. Көздері боталап, бізді қимай тұр. Біз де оларды сағынатын шығармыз. Далаға шығып, бізді алып кететін көлікке отырдық. Екі балақайдың жылағаны сонша, терезеден бастарын көрсетпей, қолдарын ғана бұлғады. Хош, Голландия!»,-деген жан тербетерлік әсерлі сезіммен аяқталады [32, 12 б.]. Иә, бұл шетелдіктерді ғана емес, өнерді түсінетін, би құдіретін ұғынатын адамның бәріне ортақ дүние. Осы спектакльден алған әсерін «Базар жоқ» театрының жетекшісі, сқақшы Тұрсынбек Қабатов көргенде: «Құдай-ау, мұндай тарихи күннен сыр шертетін, ата-бабамның қандай батыр болғанын танытатын би спектаклін бірінші көруім. Алғаш сахнаға батырлар шыққан сәттен-ақ үстіме құмырсқа қаптап кеткендей өне бойым шымырлап қоя берді. Ғажап...»,-деп тамсаныпты. Осындай мақтауға тұрарлық, ғанибет дүние жасаған әрине, ерлі-зайыпты Ағымбаевтардың қазақ биінде алатын орны биікте болмақ.

Дегенмен, аумалы-төкпелі мына заманда барлығы қаражат мәселесіне тірелетіні белгілі ғой. Сондайда өнерге жаны ашитын арқалы азаматтардың демеуші болып жатқанына сырттай қуанасың. «Тұйғындардай» көркем туындының дүниеге келуіне демеуші болған, Қазақстанның ірі компанияларының бірі - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы.

«Өрге жүзген өнерпаздар» атты «Астана хабары» газетіне жарияланған мақалада, «Тұйғындар» қойлымы туралы былай деп сыр шертеді: «Ұжымның атын шығарған һәм өнер сүйер жұртқа әйгілі еткен «Тұйғындар» би спектаклі. Осыны көріп отырып, сахараны найзаның ұшына бағындырған көшпенділердің азаттық рухын сезесіз. Рухты бидің қимылы арқылы, музыканың үні арқылы жеткізген өнерпаздардың талантына тәнті боласыз. Бұл жерде сөйлеп тұрған тіл жоқ, жан дүниеңді дір қақтырар еркіндік рухы бар. Сондықтан да бұл өнер кез-келген халыққа түсінікті»,-деп жазды [33, 12 б.]. 

Ал 2011 жылы 6 шілдеде «Нұрғиса» атты би спектаклін, Астана қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера балет театрында қойған болатын. Спетакльде Нұрғиса ағамыздың рөлін балет артисі Арман Спатаев сомдаса, «алып тұлғаның» зайыбын Алия Атымтаева нақышына келтіре орындады. Бұл спектакльде Нұрғиса Тілендиевтің отызға жуық шығармасы Қарағанды қаласының «Тәттімбет» атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Ол шығармалар: «Кел еркем Алатауыма», «Сарыжайлау», «Көш керуен», «Алтын дән», «Алпамыс мектепке барады» көркем фильмінен, «Құттықтаймын мама салтанатыңмен», «Менің атым - Қожа» көркем фильмінен, «Баламишка», «Баянауыл вальсі», «Менің бабам - Қарасай», «Аңсау», «Дубосекова зиратында», «Жеңіс салтанаты», «Көз көрген қарындас», «Мұрагер», «Өз елім», «Жансәулем», «Көңілді бикеш», «Темірбектің төкпесі», «Аққу», «Қарлығаш туралы ән», «Куә бол», «Алатау», «Ата толғауы», «Жарқырашы көңілім», «Әлқиса», «Құстар әні». Оркестрдің дирижері бірінші Республикалық «Нұрғиса Тілендиев» атындағы байқаудың лауреаты Бақтыгерей Ерлан.

Бұл спектакль бес бөлімнен тұрады: «Дүниеге келуі», «Балалық шақ», «Жастық шақ», «Шындалу», «Алып тұлға». Қойылым театр репертуарына енген соңғы уақыттағы қойылған шығармалардың ішіндегі ең құнды, әрі ірісі деуімізге болады.

«Нұрғисаның дүниеге келуі» бөлімінде 1925-27 жылдардағы көріністер бейнеленеді. Бірінші көріністе Алатау бөктерінде орналасқан қазақ ауылының жайлауға көшкен кезі, ел тынысы, ауыл адамдарының жайбарахат тіршіліктері көрініс тапқан. Елге аты мәшхүр, жыр алыбы Жамбыл да сол ортадан табылды. Жайлауда ауыл ақсақалдары «Ерулік» тойы болады деп жар салып, көрші ауылдарға елшілер жіберіп, тойға шақырады. Бұл көріністе қазақ халқының бауырмалдылығы мен қонақжайлылығы тағы байқалады. Тойға дайындық балалардың ойын қызықтарын тамашалаумен басталады. Нағыз қазақ ауылының асыр салып ойнаған, асық атып, топыраққа аунаған жас балаларының бейнесі табиғи қалпында көрерменге  жол тартады. Екінші көріністе «Ерулік» тойы көркем бейнеленген. Көрші аймаққа жіберілген елшілер Алатау бөктерінің ақындарының, жезтаңдай әншілерінің, балуандары мен көкпаршы-шабандоздарының, сал-серілерінің, қолөнер шеберлері мен кестеші қыздарының келгенін қуанышпен хабарлап, ауыл тұрғындарына таныстырып жатады. Ел асыр салып, қызыққа бөленіп жатқан сәті көркем бимен өрнектеледі. Үшінші негізгі көріністе ұл баланың дүниеге келгенін айтып, сүйінші сұрасқан халық, баланы көруге асыққан ағайындар билері әсем қимылдармен көмкерілді. Жас сәбидің «іңгәлаған» дауысы аталмыш көріністі біртабан шындыққа жақындастырғандай болды. Барлық ел болып, нәрестені көріп, көрімдігін беріп, мәз болысады. Бала-шағаның барлығы жас баланы қызықтап, айналшақтап қасынан шықпайды. Осы бір қарапайым қазақ ауылының тыныс-тіршілігі, тұрмысы, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, бір той болса ауыл болып көтеріп алатын ауылдастар мен ағайындардың ұйымшылдығы, ауызбіршілігі мен береке бірлігі бейнеленген осы көрініс көңілге расында да қуаныш ұялатары сөзсіз.

«Балалық шақ» деп аталатын екінші бөлім - екі көріністі қамтиды. Атап айтса, «Бала Нұрғиса» мен «Дарынды бала». «Бала Нұрғиса» көрінісінде ашаршылық жылдары бейнеленеді. Сол дүрбелең заманға қарамастан, балалар далада асық атып, қыздар «Ақ терек, көк терек» ойынына қызу кіріскен. Жамбыл атасының киелі домбырасын қолына алып, сахна төріне бала Нұрғиса келеді. Асық ойынына кіріскен бала Нұрғиса өзінің ептілігі мен зеректігінің арқасында қатарлас құрбыларының барлық асықтарын ұтып алады да, қайтадан достарына теңдей бөліп, қайтарып береді. Осы жерде балетмейстер асық ойынын би желісіне негіз етіп алған. Балаға тән қарапайым қимылдар арқылы берілген би көрінісі, асықты үйіре атып, бір-бірімен жарыса ойнап жүрген балалардың шат көңілін көрсете алған. Бұл көріністе оның ақкөңілділігі мен жомарттығын аңғаруға болады. Қойылымды тамашалап отырып, Кеңес дәуіріне саяхат жасап қайтқандай әсерде қаласың. Аға буын пионерлердің келуі, ауыл балаларына мектептің қадамдарын үйретуі, достыққа, татулыққа шақырып, бірлікке баулу көріністері де бала Нұрғисаның басынан кешкен бір өмір белесі екенін аңғардық. «Дарынды бала» атты екінші көріністе бала Нұрғиса қолына домбыра алып, күмбірлетіп күй шерткенде барлық ауыл балалары оны қоршап отыра қалып, ұйып тыңдайтыны бейнеленеді. Жас бозбаланың бойынан ерекше дарынды байқаған зиялы азамат - Ахмет Жұбанов домбырашы Нұрғисаны бауырына тартып, оны қолынан жетелеп өзімен бірге қалаға ала кетеді. Жас баланың өнеріне, дарын-қабілетіне қайран қалады. Оның шыңдалуына, тұлға болып қалыптасуына өз септігін тигізеді.

Ал «Жастық шақ» деп аталатын бөлім үш көріністен құралған. Онда 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың кезеңі анық бейнеленген. Бірінші көрініс «Суық хабар» деп аталады. Ол көріністе би алаңы, жастар арасында болып тұратын, қыз үшін талас-тартысты бейнелейтін көрініс қойылады. Сол сәтте жас жігіт Нұрғиса құрдастарының арасындағы дауды шешіп, екі жақты келісімге шақырады. Өзі үшін басталған шатақтың оңай шешілгеніне қуанған бойжеткен Нұрғисаға алғысын білдіреді. Көңілді кездесу суыт хабардың жетуімен үзіледі. Онда Ұлы Отан соғысының басталғаны туралы, әскер қатарына жарамды деп танылған жігіттердің барлығының соғысқа тартылғаны би тілімен айтылады. Әскери адам жігіттер мен ел ағаларын соғысқа әкетіп жатқан сәтте, бойжеткендер мен ақ жаулықты аналар асылдарымен қимастықпен қоштасып, көз жасын көлдетіп қала береді. Соғыстың алғашқы жылында бойында патриоттық сезімі тұнып тұрған жас Нұрғиса да соғысқа өз еркімен сұранады. «Аңсау» атты екінші көріністе аналарымыз бен апаларымыздың тартқан тауқыметі, тылдағы еңбектері, жалғыз ұлымнан айырылып қаламын ба деген ана қорқынышы бейнеленеді. Қарапайым қимылдар арқылы, бас орамалдарын қолдана отырып, баяу жылжыған аналар мен апалардың қобалжуларын көрдік. Сүйген жарының, аға-інінің, әкесінің амандығын тілеген, сұрапыл соғыстың тезірек аяқталуын аңсаған аналар бейнесі жүректерді тебірентпей қоймады. «Жеңіс» деген көріністе, Ұлы Отан соғысындағы сұрапыл көріністер сомдалып, қайтпас қайсар қазақ жігіттерінің жігерлі намысы, жаудың мысын басатын табандылықтары қимылмен көркем суреттелді. Сондай батылдық пен қайсарлықтың арқасында Жеңіс туы желбіреді, жер бетінде бейбітшілік салтанат құрды. Сол сезімді әскери киінген қыз-жігіттер көңілді, көтеріңкі бимен әсерлеп берді. Қойылымның төртінші бөлімі «Шыңдалу» деп аталады. Аталмыш бөлімде сұрапыл соғыстан келген жас солдат жігіт Нұрғиса музыкамен айналысуын одан әрі жалғастырады. Нұрғисаның маңайында оның өнерін қолдайтын, нағыз достары, сонымен қатар, оны көре алмайтын күндес дұшпандары да болды. Бойларын қызғаныш билеген қарсыластарының құрған келеңсіздіктеріне қарамастан, Нұрғиса қолына нота жазбаларын алып, білімін шыңдау мақсатында Мәскеуге жол тартады. Қойлым барысындағы экранда Ресейдің символына айналған Кремль көрсетіледі. Жалпы қай көрініс болмасын, оның тақырыбына сәйкес экранда суреттердің дұрыс орналастырылуы да ұйымдастырушының асқан шеберлігін танытатын, өзіне тән ерекшелік екенін айта кеткен жөн. Мысалы, спектакльдің әу басында ауыл тіршілігін көрсетіп жатқанда, экранда қазақтың кең байтақ даласы, жасыл орманы, асқар тауы бар керемет табиғат көрінісі көздің жауын алып тұрды. Сол суретке қарап, бейне бір ауылда, өрісі кең далада жүргендей әсерде боласың. Бала Нұрғисаны Алматыға алып кеткенде, Алматының өнер ордасына айналған театрды бейнелейтін сурет қойылымның шешімін анықтай түсті. Әрине, мұның бәрі ұсақ-түйек болып көрінер, дегенмен, бұл осы қойылымды ұйымдастырған басшының біліктілігін, тапқырлығын, терең ойлылығын көрсететін жайттар.

Информация о работе Қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы