Қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2013 в 13:39, курсовая работа

Краткое описание

Тақырып өзектілігі. Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде талай-талай белестерді бағындырды. Ол халықаралық қатынастан бастап, елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени салаларының барынша қарқынмен дамуы арқылы көзге түседі. Бұл еліміздің рухани бай болуының, білімділігінің, байсалдылығы мен сабырлығының арқасында келіп жатқан үлкен жетістік. Қазақ халқы тарихтың талай соқпақтарынан өтсе де, небір қилы заманды басынан кешсе де ұлттық құндылығын бағалаған халық. Оның айғағы тіліміздің, дініміз бен діліміздің, ұлттық құндылықтарымыз бен өнеріміздің өлмей, атадан балаға мұра болып, қазіргі өркениетті күнге жетуі десек артық айтқандық емес. Соның ішінде ұлттық өнердің ажырамас бөлігіне айналған қазақ биінің орны ерекше.

Прикрепленные файлы: 1 файл

МАГИСТ.ДИССЕР..doc

— 6.34 Мб (Скачать документ)

Әр елдің салты басқа демекші, әр халықтың ерекшелігіне орай би өнерінің көркемдік бейнелеу құралдары мен мазмұны да әр түрлі болып келеді. Сондай-ақ орындалып жатқан бидің қимылы, әуені, жалпы көрінісі арқылы да сол халықтың қандай ел екенін анықтауға болатынын білеміз. Бұл пікірімізге қазақ биін зерттеуші ғалымдарымыздың еңбектері дәлел. Атап айтсақ қазақ биінің ханшайымы Шара апамыз «Би халық өмірінен туындайды» атты мақаласында бірнеше мысалдар келтіріп өткен. Яғни: «Аңшылықпен айналысатын халықтардың көптеген билерінің негізгі кейіпкерлері құс пен аңдар болып келеді. Яғни, солтүстікте тұратын халықтарда осы күнге дейін «Қарға», «Марал» деген билер сақталған. Сонымен қатар өмірлері жаугершілікпен байланысты болғандықтан Тау халықтарының билерінен қызуқандылықты, өжеттілікті, жауынгерлік мінезді байқауға болады»,-деп жазған [14, 101 б. ].

Көптеген тарихи, археологиялық жазба деректер қазақ халқының би мәдениетінің болғанын айтады. Осы мәселе жөнінде тарихшы-этнографтардың, би өнерін зерттеуші ғалымдардың еңбектеріне сүйенсек, қазақ биінің ежелгі түрлерінің болғанына және көнеден келе жатқан тарихына көз жеткіземіз. Биден тек орындаушы ғана танылып қоймайды, дәуірдің, қоғамның, ортаның тіршілік бейнесі, атмосферасы айқын аңғарылады. Халықтың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымы мен ұлттық болмысын бейнелейтін «Киіз басу», «Қазақ би», «Өрмек би», «Қоян-бүркіт», «Аю би», «Насыбайшы», «Ұтыс би», «Қаражорға» тағы басқа билері, халықпен бірге жасасып келе жатқан рухани мұрасына айналып отыр. Мысалы, «Аю биінің» шығу тарихы туралы дерек көздеріне сүйеніп көрсек. Жалпы, осы би туралы көптеген аңыз-әңгімелер бар, әсіресе Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары арасында. Халық арасында ең көп тараған аңыздың біреуі мынау: ертеде бір аңшы болыпты. Бір күні ол аң аулап жүрсе орман арасында бір аю киікті өлтіріп алып, оны арлы-берлі лақтырып, ойнап жүр екен. Батырлығына ептілігі сай әлгі жігіт аюды толық бақылып болғаннан кейін оны соғып алады да, бітеудей сойып, терісін киіп ауылға қайтады. Қуанышын жасыра алмаған ол шаттана биге басады, әсіресе, аюдан көрген алғашқы қимылдарды қайталап билейді. Жігіттің ерлігіне сүйсінген жұрт ақ тілек айтып, мал сойып, той жасайды. Сол тойдан бастап аңшы билеген «Аю биі» жұрт арасына тарап, бүгінге жеткен. Енді бір аңызда әкелі-балалы екеуі аңға шығады. Олар орман арасында келе жатқанда, кенеттен бір аю ағаш түбінен шыға келіп, баланың әкесін ұстай алады. Екеуінің арпалысы ұзаққа созылады. Ақыры баланың әкесі беліндегі кездікті алып, аюды пышақтап өлтіреді. Содан әкелі-балалы екеуі олжалы болып ауылға қайтады. Бұларға таңданған жұрт: «осыншама үлкен аюды қалай соғып алдыңдар?» - деп сұрайды. Сонда жас бала әкесі мен аюдың қалай алысқанын, аюдың қалай қимылдағанын бимен бейнелеп көрсетеді. Содан бастап ел арасына «Аю биі» қалыптасқан деседі.

Би -- үлкен өнер. Ал үлкен өнерді адамның тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезініп, түйсінетіні ақиқат. Егер де біз, халқымыздың арғы-бергі тарихына терең зер салсақ, би өнерінің сонау ықылым заманның өзінде-ақ, қазақтың ұлттық өнерінің бір бұтағына айналғанын айқын аңғарамыз. «Қазақта би жоқ» деушілерге де айтар уәж дайын. Арғысы, елімізден табылған таңбалы тастардағы топтық би нақыштары, бергісі, ұлы тұлға Мұхтар Әуезовтің, би майталманы Шара Жиенқұлованың зерделі сөздері біраз шындықтың бетін ашады. «Қазақтың мидай даласы… Көкпарды көз алдыңызға елестетiп көрiңiз. Бәйгенi көрдiңiз бе? Жорғаның жүрiсiн көрдiң бе? Мiне, осының бәрi қимыл-қозғалыс. Аттың желiсi, жәй жүрiсi, сылбыр жүрiсi, шабыс жүрiсi осының бәрi би емес пе, би. Қазақтың күйiн тыңдап көрiңiз, қандай әуен иiрiмдерi, ырғақтар жатыр. Қол өнерi, ағаш үйдiң өзi, ою, кiлем тоқу, өрмек тоқу, ши орау, осының бәрi қимыл, осының бәрiн ойлап музыкасын тауып, күйiн тауып сәйкестiрсең би болып шығады» [15, 56]. Бұл әлемді сөз құдіретімен тамсандырған Мұхтар Әуезовтің сөзі. Ал қазақ биіне өлшеусіз үлес қосқан Шара Жиенқұлова ең алғашқы билеген сәтін былай деп суреттейді. «Қыздар «Шара би билейді» деп ортаға шығарды… Амалсыз билей бастадым. Сонда көз алдыма құстардың қалықтап ұшқаны, рауандап атып келе жатқан таң алдындағы гүлдердің бүр жарғаны, күн сәулесінің ұшқыны, су төгілмес тайпаң жорғаның жүрісі, тау текенің шың басынан секіргені, күй ырғағын өршелендіре түскен күйші қолының қимылы - бәрі-бәрі маған музыка сазындай естіліп, соның ырғағымен ұршықша үйіріліп, шыр көбелек айнала бердім» деп жазды [14, 6б.].

Жалпы, «Қазақ биі дамыды» деген сөз ұлттың мәртебесі артты, мемлекеттің мерейі өсті дегенмен пара пар. Ал қазақ би өнерінде өзіндік тарихи орны бар зерттеуші ғалым Д.Әбіровтің «Қазақ билерінің тарихы» атты кітабында: «Әр халықтың өзіне тән үш түрлі ұлттық тілі болады: сөйлеу, ән айту, билеу. Осылар арқылы біз әр халықтың қандай ұлт екенің ажыратамыз. Мысалы, егер орыс сөйлеп, ән айтып, би билесе оны көргендер оның орыс екенін, олар грузин, өзбек және молдаван емес екенін анық тани біледі. Осыған байланысты адамзаттың осы өнерге ықыласы дамыған елдерде ертеден-ақ пайда болған» - деп өз пікірін білдірген [12, 67 б.].

Иә, қай халық болмасын өзінің би өнерінде тақырыпты, мазмұнды, образдарды және мінез-құлығын өз ұлтының өмірінен алады. Осыған орай, қазақ биінің де өзіндік нақышымен, толқынды тебіренісімен, салт-дәстүрімізден, ұлттық ойындарымыздан және ұлттық ою-өрнектерімізден, әшекей бұйымдарымыздан құралған қимылдар арқылы бүкіл әлемді таң қалдырып отыр десек артық айтпаған болармыз.

Г.Н.Потанин «Русское богатство» атты еңбегінде: «Қазақ халқы өте жігерлі, ойын-сауықшыл, киімдері өте әсем, көрікті бақытты өмірді көксеген халық. Олардың өмірі де үлкен тоймен өтеді және ән мен күй, айтыс ұйымдастырылады», - дегені қазақ би өнерін зерттеуші ғалымдар Д.Т.Әбіров, Т.О.Ізімнің ойларымен астасып жатыр [16, 92 б. ].

Жалпы қазақ биіне қарап отырсаңыз қыздарымыздың әсем, сымбатты, биязы, әдемі, нәзіктілігін көрсетсе, жігіттеріміздің отан сүйгіштігін, ақкөңілдігін, жігерлігін байқауға болады.

Қазақ биі өнерінің мазмұндық ауқымы өте кең. Халқымыздың өмір салты, тыныс тіршілігі осы өнердің тақырыбының сарқылмас қайнар көзіне айналды. Сондықтан да, қазақ биі шығармашылығын ұлттық мәдениетіміздің келелі бір тармағы деп білген жөн, ол халық шығармашылығымен қоса кәсіби сахна өнерінің дамуына да үлкен үлес қосып келеді.

«Халықтың шығармашылық мәдениеті адамның сана сезімімен бірге адамгершілік болмысын тәрбиелеп іске асырды. Қандай халық болмасын ұлттық мәдениетке мән бермей өзін ұлт ретінде көрсете алмайды. Сондықтан суретші, композитор, балетмейстер өзінің туындысын жазарда халық мәдениетін оқып білуге талпынады. Қандай халықтың географиялық орналасуын, тарихын, әлеуметтік өмірінің ерекшеліктерін ескереді» - деп, би өнерін зерттеуші ғалым Т.О. Ізім өзінің «Уақыт және би өнері» атты еңбегінде көрсетті [11, 39 б. ].

Ең әуелі биді шығармастан бұрын, қазақтың  күйлеріне үлкен мән береміз. Қазақтың тілінің мән-мағынасын қапысыз танитын адам «Күй» деген сөзді естігенде сан түрлі сезімге бөленеді.

Күй-адамның белгілі бір сезім сәті. Ол сезімнің қуанышты болуы да немесе мұңды, қайғылы болуы да мүмкін. Бір ғана «Күй» сөзімен тамырлас сөздерді алып қарасақ: күй, күйші, күйле, күйді, күйік, күйдіргі, күйгелек, күйіну, күле т.б. «Күй» деген түбір сөзден өрбіген алуан мағыналы сөздердің ортақ қасиетін, сабақтас мәнін аңғаруға болады. Ол- «Күй» деп басталатын қай сөздің де сезіммен астасып жататындығы. Көшпенділердің дәстүрлі ұғым-танымы бойынша, ең киелі сезім, сол сезімді оятатын ең киелі сенім - тәңірлік, таным-сеніммен ұштасып, жатады. Ал исі түркі тілдес халықтарда, онын ішінде қазақтарда тәңірдің синонимі ретінде «Көк» сөзі қолданылады. Күні бүгінге дейін қазақ бата-тілек айтқанда «Көгеріп-көктеңдер» дейтіні, тыйым салғанда «Көкті баспа» дейтіні, қарғап-сілегенде «Көктей солғыр», «көгерме», «Көк шек келсін», «Көк соқыр» дейтіні сондықтан. Қазақ тілінде «Күй» сөзінің көне түркілік түркі мағынасы «Көк» сөзімен тектес [17, 74 б. ].

Демек, үш-ақ әріптен тұратын «Күй» деген сөз әу баста «Тәңірлік» құбылысты білдірген.

Міне, осы күйлердің де сазы мен дыбысталуы арқылы қазақ билерінің образы, мән-мағынасы да ашылары хақ. Мысалы, Б.Жұманиязовтың «Серпін» күйін алайық. «Серпін» күйінің ырғағы биге арналғандай. Күйдің басынан, аяғына дейін қуанышты, көтеріңкі ырғақтар арқылы ауыл жастарының той-думаны, сонымен қатар жастардың аударыспақ, қыз қуу, атшабыс, орамал тастау, тағы басқа ұлттық ойындарымызды көз алдымызға елестетеді. Күйдің аты айтып тұрғандай би серпіліс пен жігерлікті талап етеді. Мазмұны мен музыканың ырғағы да биге арналып жазылған дегенге ешкімнің де дау тудырмайтыны анық.

Бүгінгі таңда, бұл күйге арнайы қойылған билер, сахнада орындалып жүр. Дей тұрғанмен нағыз қазақтың иісін шығарып, нақышына келтіріп орындап жүрген «Серпін» күйіне қойылған «Серпін» биі Астана қаласындағы «Наз» мемлекеттік би театрының репертуарынан кең орын алды.

Ал енді Дайрабайдың «Дайрабай» және «Кеңес» атты халық күйімен жалғасқан қазақтың тұрмыс-тіршілігінің бір көрінісін, өте әсем де, мәнді етіп көрсете білген ауыл қыз-келіншектерінің киіз басу тұрмыстық салтын сахнаға би тілімен өрнектей келе, сонымен қатар, киіз басу процесінде, тек қыздардың күші жетпейтінін ескеріп, көмекке ауыл жігіттерін шақыртып, қыздар мен жігіттердің осындай, тұрмыстық салт-дәстүрлері арқылы танысып, білісетіндігі осы биде өте сауатты, әсем бейнеленген. Бұл биді қазақ биін зерттеуші О.Всеволодская-Голушкевич алғаш рет 1985 жылы «Алтынай» би ансамбліне қояды. Балетмейстер биді қояр алдында апталап, ауыл-ауылды аралап зерттегені туралы жазба деректер бар. Қашанда ізденіспен, мол термен жасалған еңбектің нәтижесі биіктен көрінді. Сондықтан да осындай билер бүгінгі күнге дейін мирас болып сақталып келеді. Олай дейтін себебіміз, жоғары оқу орындарының бағдарламасында, кәсіби би ансамбльдерінің репертуарында айрықша орын алып жүрген би.

 Қазақ халқының мәдени мұрасында барлық өнер түрлерінің ең керемет үлгілері талай халық шеберлерінің дарындылығының арқасында түгел дерлік қамтылып, осынау рухани байлық бізге жетіп отыр. Мысалы, ұлттық ою-өрнек ежелгі дәуірден бері келе жатқан халықтық өнердің бір түрі.

Еліміз оюмен ой айтқан. Молшылықты-дарияға, теңізге, бәйтерекке теңесе, батырды-арыстанға, қыран бүркітке теңеген. Сұлуды ай мен күнге, гүлге, аққудың көркіне, бота мен тұрымтайдың көзіне, алмаға, қарақатқа теңеді. Әсемдікті аңнан, құстан, өсімдіктен, табиғаттан іздеді. Айтайын дегеніміз, сол сұлулықтарды ою-өрнекке түсірді, дамытты.

Киіз үй ішіндегі жиһаздар: кілем, текемет, сырмақ, алаша, тұскиіз, жүк жапқыш, шымылдық, орамал, сүлгі, дастархан, кесе қап, кебеже қап, қоржын, торсық, саба, күбі, сандық, қол сандық, жүкаяқ, ағаш төсек, ағаш аяқ, ожау, ағаш қасық, табақ, астау, тегене, самаурын, шәйнек, кесе, сапар кесеге оюлар түседі. Ер-тұрман: қамшы, жүген, ноқта, тұсамыс, домбыра, қобыз, сырнайға, басқада үй жиһаз, мүліктеріне, шебердің талғамына орай, әр түрлі ою-өрнектер салынып келді.

Жалпы өнер зерттеушілердің пайымдауынша қазақ ою-өрнегі үш түрлі ұғым негізінде туған деген пікірлер бар:

- қазақ халқының өзіне тән ертеден келе жатқан ұлттық оюлары;

- басқа халықтардың мәдениетінен ауысқан;

- уақытқа қарай бейімделген.

Сонымен қатар ертедегі қазақ ою-өрнегі мазмұны жағынан үш түрлі ұғымды білдіреді:

- мал өсіру мен аңшылық;

- жер-су, көшу-қону;

- заттардың сыртқы бейнесі.

Осылардың қайсысында болмасын, қошқар мүйіз оюы қолданылып, аралысып отырады. «Қошқар мүйіз» ою-өрнегі байлық пен молшылықтың нышаны. Сондықтанда қазақ ою-өрнегі қошқар мүйіз түрінен бастау алатындығы осыған дәлел. Ал осы «Қошқар мүйіз», «Сыңар мүйіз», «Шаршы», «Үшкүл», «Шеңбер», «Сыңар өкше» тағы басқа би өнерінің қол-аяқ қимылдарында қолданып, Шара апамыз суреттеп кітап бетіне енгізіп кеткен. Сондықтан да қазақ биіндегі әрбір қимыл осы қазақ ою өрнектерінің айғағы десек болады. Әр ою-өрнектің би өнерінде өзіндік орны болуы керек. Біз кейбір билерде барлық ою-өрнектерді қолданып, бір-бірімен байланыспайтындығында көріп жүрміз. Зерттеуші Т.О. Ізім қазақ биінен окулық жазған Ш.Жиенқұлованың және басқа ғалымдардың да еңбектеріне сүйене отырып, бірнеше қол, аяқ қимылдарына талдау жасап өткен.

Атап айтар болсақ, О.Всеволодская-Голушкевичтің «Қазақтың бес биі» атты кітабында көрсетілген «Шынжара» қимылына тоқталып, яғни, суретте, еш жерде үзілмейтін ою түрінде берілгендігін, сондықтан,  би қимылыда ешбір кідіріссіз орындалатындығын көрсеткен [18, 152 б.]. Немесе Ш. Жиенқұлованың «Би құпиясы» кітабында келтірілген «Қос өркеш» қимылы қос қолды жоғары көтере, білезік тұсынан айқастырып, алақанын алға қарата бес саусақты шашырата ашып ұстау арқылы орындалса [19, 15 б.], Д. Әбіровтің «Қазақ би тарихы» атты еңбегіндегі «Тышқан із» қимылы жігітерге арналған шапшаң ырғақта, қырынан сәл қиғаш артқа, қос аяқпен еденде жылжи секіру арқылы орындалатын қимыл екенін көрсеткен [12, 33 б. ].

Қарап отырсаңыз қазақ биі қимылға өте бай. Кезінде қазақ биінің негізін қалап кеткен Ш.Жиенқұлова, Д.Әбіровтер сынды ғалымдар логикалық түрде жүйеге келтіріп, көптеген қимылдарды биге енгізе отырып, кітап бетінде суреттеп берген. Жоғарыда айтып өткендей ұлттық ою-өрнектерге, салт-дәстүрімізге, тұрмыс-тіршілігімізге, ұлттық киімімізге, мінезімізге, қазақи әшекей бұйымдарымызға сүйеніп, көптеген ұлттық билер қазақ биінің қорына сәтті енді. Қыздарға арнайы қойылған көптеген билер ұлттық ою-өрнектерден бөлек зергерлік әшекей бұйымдарға да сүйеніп шығарылғанын көріп жүрміз. Мысалы: Зәуірбек Райбаевтың «Шолпы» биін қараңызшы. Осы биде алқа, сырға, білезік жалпы әшекей қимылдарын насихаттай келе бидің тақырыбына байланысты «Шолпыны» билеп жүрген қыздар бір-біріне шолпы тағып, нағыз қазақ қыздарының сұлулығын биде анық көресеткен. Музыканың баяу ырғақты әуеніне қойылған үйлесімді қимылдар арқылы қыздардың образы ашылған.  Балетмейстердің бұл биді қояр алдында көп ізденгенін биді қарап отырып-ақ байқауға болады. Ертеден келе жатқан бұл би  бүгіннен ертеңге дейін жалғаса беретіндігі жайлы ешкімнің күмәні жоқ шығар.

Информация о работе Қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы