Сәбит Мұқанов

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Октября 2013 в 20:28, реферат

Краткое описание

Сәбит Мұқанов - қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі. Ол - қазақ әдебиетінің қаламгері ғана емес, қазақ әдебиетінің ұйымдастырушы жалаугері. Осы екі араны ашыңқырап сөйлеуіміз керек. Өз шығармалары және қазақ әдебиет ісін ұйымдастырушы, сол жолда ұлтты ұлықтаушы тұлға!

Прикрепленные файлы: 1 файл

С.Муанов.doc

— 413.00 Кб (Скачать документ)

 

Сәбит Мұқанұлы қазақтың 19 ғасырдағы  ойшыл-ғалымы Ш.Ш.Уәлихановтың өмірі  мен шығармаларын ұзақ жылдар бойы терең зерттеді. Осы жөнінде шығарма жазу мақсатын жүзеге асыру үшін Қытайда, Шыңжаң өлкесінде болып, Шоқанның сонда өткізген өмір кезеңдерін, бастан кешірген оқиғаларын зерттеп білді. Омбы және Ленинград қалаларының мұрағаттары мен кітапханаларында болып‚ Шоқан өміріне қатысты материалдар жинады. Соның нәтижесінде оның қаламынан «Жарқын жұлдыздар» атты зерттеу еңбегі туды.

 

Сәбит Мұқанұлы әдебиеттану саласына да көп еңбек сіңірді. Ол өз ұлтының  көркем мұрасын терең игерумен бірге‚ поэзия теориясының қағидалары мен  ережелеріне‚ өлең құрылысына жіті көңіл бөлді. Орыс символизмінің әдеби‚ эстетикалық және философиялық мәндерін ұғына отырып‚ оны өз өлеңдерінде қолдана білді.C.Сейфуллиннің «Советстаны» мен І.Жансүгіровтің «Дала» поэмаларындағы фольклорлық ізденістерге‚ ұйқас‚ ырғақ‚ шумақ құрылысындағы соны өзгеріс-құбылыстарға зер салды. «Поэзия мәселесі» дейтін зерттеуінде (1933) «Маған қазақ өлеңінің 4 аяқты‚ 6 аяқты‚ 8 аяқты түрлері күрделі пікір айтуға қолды байлайтын секілденді. Сондықтан мен «Тұрмыс тұлпары» өлеңімнен бастап халық әдебиетінің шұбыртпалы түріне бет алғандай болдым. Маған шұбыртпалы түрдің («Қобыланды»‚ «Алпамыс») екпіні‚ ырғағы 6 аяқтардан күшті сияқтанды. Шұбыртпалы түрдің құшағы пікір құшақтауға кең тәрізденді» деп жазады.

 

Ол сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды. Қазақтың батырлық және ғашықтық жырларының жанрлық ерекшеліктері мен композициялық‚ сюжеттік ұқсастықтарын салыстыра отырып‚ олардың халық шығармашылығындағы орнын анықтады. Эпикалық жырлардың жанрлық тарихи сипаттары мен әдебиеттегі орнын белгілеуде фольклорлық мұраны жариялау‚ зерттеу ғылымына өзіндік үлес қосты.

 

18-19 және 20 ғасырларлардағы әдебиет  тарихы және ақын-жыраулар шығармашылығы  туралы зерттеу еңбектер жазды. 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Әдебиет туралы ашық хат» жариялап‚ онда "Қазақстанда әдебиетті зерттеу жөнінде істелген іс атымен жоқ‚ сондықтан біздің міндетіміз аздап болса да‚ әліміз жеткенше осы істелмей жатқан іске атсалысу" деген пікірін білдірді.

 

Сәбит Мұқанұлының қазақ әдебиеті туралы зерттеу нысандарын‚ негізінен‚ 18-19 ғасырлардағы қазақ әдебиеті, Шоқан Уәлиханов пен Абай Құнанбаев өмірі мен шығармашылығы‚ 20 ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті деп бөлуге болады. Оның «20-ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932) атты кітабы сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің шындығы мен дамуы жайында жарияланған бірден-бір еңбек болды. Еңбекте А.Байтұрсынов‚ М.Дулатов‚ Ж.Аймауытов, Ғұмар Қараш‚ С.Торайғыров‚ С.Дөнентаев‚ Б.Күлеев‚ Жұмабаев‚ М.Әуезов‚ т.б. ақын-жазушылар шығармаларына кезеңнің саяси талабына сай сыншылдық көзқарас тұрғысынан келгенімен‚ көркемдік тұрғыдағы озық үлгілерін шынайы бағалады. Жұмабаев туралы «Ақындық жағынан келгенде Мағжан‚ әрине‚ қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде‚ әдебиетке жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп‚ Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын жоқ» атты пікірін ашық жазды. «Қазақтың 18-19 ғасырлардағы әдебиетінің тарихынан очерктер» (1942‚ кейін тыйым салынған) атты монографиясында ақын-жыраулар (Бұқар‚ Байтоқ‚ Жанұзақ‚ Махамбет‚ Шортанбай‚ Шернияз, Мұрат, т.б.) поэзиясы мен жыр-дастандарға‚ сондай-ақ атақты тарихи тұлғаларға (Абылай‚ Кенесары) қазақ халқының ұлт-азаттық күресі тұрғысынан қарады. Сәбит Мұқанов қазақ елінің мүддесі‚ халық тағдыры тұрғысынан патша өкіметінің отаршылдық саясатын сынға алды. Сонымен қатар ол осыған дейін бір жүйеге түсіп жіктелмеген‚ жеке ғылыми талдау жасалмаған қазақ халқының айтыс өнерін зерттеу нысанына айналдырды. Оның 1944-45 жылдары жазылып‚ 1961 жылы жарық көрген «Абай Құнанбаев» монографиясы автордың Абай туралы пікірлерінің және қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні жайлы көзқарастарының өсіп-жетілу кезеңдерін көрсетеді. Бұрынырақтағы «Қара тақтаға жазылып қалмаңдар‚ шешендер» («Еңбекші қазақ», 01.03.1923) атты мақаласында ол Абайды ескішіл‚ байшыл ақындар қатарына жатқызып‚ үстем тап ақыны деп санаған болса‚ аталған монографияға дейін Абай болмысын танытатын көптеген құнды мақалалар («Абайды тану жолындағы пікірлер» («Қазақ әдебиеті»‚ 29.11.1934)‚ «Абай – халық ақыны» («Әдебиет майданы»‚ 1937‚ № 4‚ 5)‚ «Абайдың шәкірттері туралы» («Әдебиет және искусство»‚ 1951‚ №7‚ т.б.) жазып‚ Абайтануға үлкен үлес қосты. Сондай-ақ оның «Саяхаттар» (1954), «Туған жердің тыңында» (1955), «Тыңда тұнған байлық» (1957), «Алыптың адымдары» (1959), «Замандас туралы аңыз» (1961) атты кітаптарында 200-ден астам әдеби-сын мақалалары жинақталған. Оның «Өсу жолдарымыз» (1960), «Жарқын жұлдыздар» (1964), «Халық мұрасы» (1974‚ «Қазақ қауымы»‚ 1995) атты монография, зерттеулері қазақ халқының мәдениеті, тілі, өнері, материалдық тұрмысы‚ т.б. туралы жазылған сүбелі еңбек болып саналды. Сәбит Мұқанов жаңа өмірге‚ бақытты өмірге қол жеткіземіз деп сендірген қоғамдық күштермен бірге социалистік идеяларға үн қосып‚ туған елінің мүддесіне‚ халық кәдесіне жарайтын жақсылық табуға ұмтылды‚ суреткерлік дарыны мен қайраткерлік қарымын сарқа жұмсап‚ аянбай еңбек етті. Осы жолда кеңестік идеологияны қолдамаған алашшыл ақын-жазушыларды сын тезіне алып‚ тапшылдық ұстанымдарын айқын танытты. Әйтсе де олардың жазушылық‚ ақындық талантын жоғары бағалады‚ оларды қазақ кеңес әдебиетіне қызмет етуге шақырды. Қазақ халқының ұлттық тілі мен мәдениетіне қатысты Кеңес өкіметінің әр кезеңдердегі солақай шешімдеріне қарсы шығып‚ өзі сенген биліктің сынына да ұшырады. Осы кезеңде Сәбит Мұқанұлына «Алашорда ақыны Мағжанға қамқорлық көрсетті‚ С.Сейфуллин бастаған ұлтшылдар тобында болды‚ буржуаздармен ымырашылдыққа барды» деген айыптар тағылып‚ саяси сенімсіздік көрсетілді. 1951 жылы 13-15 маусымда Қазақстан ҒА-сы мен Қазақстан Жазушылар одағының (Төралқа мүшелерінің) Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасы жөнінде өткізген пікірталасынан кейін Әуезов‚ Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов‚ т.б. әдебиет зерттеушілерімен бірге Сәбит Мұқанұлының да Абайтанудағы «қателіктері» көрсетілді (Әуезовтің «Литературная газетаға» жазған ашық хаты‚ «Абай» журналы‚ № 2‚ 1996). 1956 жылы Қазақстан КП ОК қазақ баспасөздерін аудару арқылы дубляж жасауды ұсынғанда алғаш болып Сәбит Мұқанұлы қарсы шықты. 1956 жылы қазақ зиялы қауымы республиканың қоғамдық-саяси өмірінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы мәселе қойды‚ осыған орай Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі сессиясында сөйлеген сөзінде Сәбит Мұқанұлы «Қазақ республикасында қазақ тілі мәртебесін төмендетуге‚ республикалық мекемелерде‚ жиналыстарда қазақтардың өз тілінде сөйлеуіне тыйым салуға ешкімге құқық берілмегендігі» туралы өткір пікір білдірді (ЦГАНИ‚ 708 қор‚ 30 оп.‚ 76 іс‚ 85-б.). Екі аптадан кейін Орталық комитетке «қазақ тілі тек қана тұрмыстық деңгейде қалып‚ мемлекеттік тіл ретінде өмір сүруін шын мәнінде тоқтатқандығын» баяндай келіп‚ оны қалпына келтіру жолдарын көрсеткен өткір хат жазды. Сәбит Мұқанұлы сонымен қатар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көркеюі‚ өсіп-өнуі жолында көптеген қазақ қаламгерлерінің әдебиет жолындағы бастапқы шығармашылық қадамдарына қолдау көрсетті‚ қарапайым халықпен тығыз байланыс орнатты. 1930-50 жылдар аралығында әдебиетке келген өз қатарластары мен жаңа толқын өкілдері Сәбит Мұқанұлы жанашырлығын көріп өсті.

 

Сәбит Мұқанұлы есімі қазақ әдебиетінің  «алыптар шоғыры» қатарында аталады. Оның шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылды. 1956-66 жылдары Қазақстан КП ОК-нің мүшесі болды. 2-8-сайл. Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің депутаты‚ КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі болып, сондай-ақ Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне қабылданып (1958-69)‚ Араб елдерімен достық және мәдени байланыстар қоғамы Қазақ бөлімшесінің төрағалығына да (1965-69) сайланды. ҚР Мемлекеттік сыйлығының 1-лауреаты атанды. Сәбит Мұқанұлы 2 рет Ленин, 2 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталды. 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламгердің есімі Алматы қаласы көшесіне, туған ауылына, ондағы мектепке, облыстық кітапханаға, облыстық драма театрына берілді. Алматы қаласындағы Сәбит Мұқанұлы атындағы көшеде ескерткіш мүсіні орнатылған (2000).

Мұқановтың Әдеби-мемориалдық Мұражай-Үйі[өңдеу]

 

С.Мұқановтың әдеби мұрасын сақтап, насихаттауға арналған тарихи-мәдени мекеме. Алматы каласында, Төлебаев көшесі 125/3, С.Мұқановтың өзі 1965-1973 жылы тұрған үйінде 1978 жылы 21 қарашада ашылған. Мұражай үйі әдеби және мемориалдық бөлімдерден тұрады. Мұражайдың әдеби бөлімінде жазушының зерттеулері мен сын мақалалары, монографиялары, ҚР ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық дипломы және тағы басқы құжаттар бар. Оның 1922-1935 жылы Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург), Мәскеуде оқыған кезіндегі суреттер мен кұжаттар рет-ретімен орналастырылған. Мұнда Тәттімбет пен Үкілі Ыбырайдың фотосуреттері бар. Суретші Ү.Әжиевтің С.Мұқанов пен орыс жазушысы М.Горькийдің достығын бейнелейтін "М.Горький және С.Мұқанов" атты картинасы да осы залда. Жазушы наградалары - екі Ленин ордені, екі Еңбек Қызыл Ту," Құрмет белгісі" ордендері, КСРО медальдары, сондай-ақ оның Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаттығына бірнеше рет сайланған куәліктері қойылған. Мұражай экспозициясында түрлі қолжазбалар, жазушының поэзиялық, прозалық және әдеби сын шығармаларының басылымдары бар. Жазушының "Сұлушаш" (1928), "Адасқандар" (1931), "Жұмбақ жалау" (1938), "Балуан Шолақ" (1941), "Сырдария" (1948) романдары мен "Шоқан Уәлиханов" (1953), "Қашқар кызы" (1958), "Сәкен Сейфуллин" (1964) атты драмалық шығармалары туралы мол мәліметтер берілген. "Адасқандар" (1931) романының басты кейіпкері - Бүркіт (Сұлтанбек) пен Бәтестің (Бәтима) түпнұсқа суреттері, махаббат хикаясына байланысты көне күнделіктің мұқабасы, Қызылорда қаласындағы сотқа (1927) қоғамдық айыптаушы ретінде қатысқан С.Мұқановтың куәлігі қойылған. "Балуан Шолақ" романының (ҚХР, Шыңжаң) араб әрпімен басылған нұсқасы, Шәкәрімнің 1933 жылы Сәбитке жазған хаты мен фотосуреті, М.Жұмабаевтың "Шолпан" өлеңдер жинағы (1913), М.Дулатовтың "Бақытсыз Жамал" (1914) романы, Ж.Аймауытовтың "Мансапқорлар" (1925), т.б. Мұқановтың жеке мұрағатында сақталған кітаптар бар. Мұражайдың мемориалдық бөлімінде жазушының қабылдау бөлмесі, жұмыс орны, демалыс бөлмесі толық сақталған. 4 мыңға жуық кітабы бар кітапханасы да осы бөлімде. Тұрмыстық заттары, үй жиһаздары, шетелдерден келген түрлі сыйлықтар, картиналар, т.б. экспонаттар қойылған. Мұражайда түрлі дәрістер оқылып, кинофильмдер көрсетіледі. Кейін С. Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов мұражай-үйлері әкімшілік басқару жағынан біріктіріліп (8.2.1999), "С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешені" деп аталды. Мұқановтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, экспозициясы жаңартылды, 8 мыңнан астам экспонат жинақталды. (2000). [2] [3] [4]

 

 Қазақстан пошталық маркасы, 2000 жыл

Қысқаша биография [5][өңдеу]

 

Сәбит Мұқанов ауыл Мәскеудегі Қызыл  профессура институтын бітірген (1935). 1935-36 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1936–37, 1943 – 51 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, 1937–41 жылдары ҚазҰПУ-дың проф-ы қызметтерін атқарған. Алғашқы кітабы «Совет өкіметі және қазақ әйелі» (өлеңдер, мақалалар, аудармалар) 1924 жылы жарық көрген. «Бай баласы» (1928), «Мөлдір махаббат» (1931), «Теміртас» (1935) романдары Қазақстандағы таптық күрес мәселелеріне арналған. «Ботагөз» (1938), «Сырдария» (1947 – 48) романдарында қазақ халқының тарихы суреттелген. «Өмір мектебі» автобиогр. трилогиясына (1949 – 64) Қазақ КСР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген. «Аққан жұлдыз» шығармасы (1967 – 70) қазақтың ағартушы-ғалымы Ш.Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Қазақстан КП ОК-нің мүшесі (1956 – 66), 2 – 8 шақырылған Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, Бүкілодақтық бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болған. Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы (1967), Қазақстан мемлекеттік сыйлығының (1967) иегері. Қазір Мұқанов тұрған үй мұражайға айналған (1975). 2 мәрте Ленин, 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту, т.б. ордендермен, медальдармен марапатталған. [6]

Jump up ↑ Қарағанды. Қарағанды  облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5

Jump up ↑ Қазақтың ХVІІІ–ХІХ ғасырдағы  әдебиетінің тарихынан очерктер, А., 1942; Таңд. шығ., 16-т., А., 1980; Халық мұрасы, А., 1995.

Jump up ↑ Қазақ әдебиеттану ғылымының  тарихы, А., 2008.

Jump up ↑ Қазақ Энциклопедиясы

Jump up ↑ «Ақмола облысы» энциклопедиясы

Jump up ↑ Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық  анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.”  ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8

 

Осы мақала қазақ мәдениеті туралы бастама болып табылады. Бұны толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесуіңізді  сұраймыз.

Әдебиеттер тізімі[өңдеу]

Т.Нұртазин, Жазушы және өмір. Алматы, 1960.

Ергөбеков Қ. Сәбит Мұқанов. Алматы-Мектеп, 1989

Нұрқатов А. С.Мұқановтың шығармашылық жолы, Алматы, 1956.

С. Мұқанов, Жарық жұлдыз, Алматы, «Санат», 1995.

Рымғали Нұрғали. Қазақ әдебиетінің  алтын ғасыры, Астана, 2002.

«Сәбит Мұқановтың әдеби-мәдени мұрасы және қазіргі заман», II том, Петропавл, 2000.

К.Ергөбеков, С.Мұқанов тағлымы. Алматы, 1989

 

 

 

 

 

 

 

Сәбит Мұқанов

(І900-1973)

 

XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің  көрнекті өкілдерінін бірі –  академик жазушы Сәбит Мұқанов.  Бүкіл шығармашылық жолы кеңес  өкіметінің билік құрған жылдарымен  тұспа-тұс келген ол өз заманының көкейкесті тақырыптарын шығармаларына арқау етті. Әдебиеттің барлық жанрында еңбек етті. Қоғамдық мәселелермен айналысты.

Өмір жолы. Сәбит Мұқанов 1900 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан  облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жерде дүниеге келеді. Қазір бұл ауыл Сәбит Мұкановтың есімімен аталады.

Жеті жасқа келгенде әкесі, бір  жылдан соң шешесі қайтыс болып, жетімдіктің  зардабын шегеді. Жастайынан ауыл байларының малын бағып, жалшылықта жүреді. Сегіз  жасында ауылдағы молдадан оқып, сауатын ашады. Табиғатынан зерек Сәбит хат танығаннан-ақ, әр түрлі кітаптарды оқуға талпынады. Түрлі қисса, дастандарды оқиды. Абайдың, татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың шығармаларымен танысады. Көп дастандарды жатқа айтатьн болады.

Бірте-бірте әдебиетке, өлеңге қызығушылығы оянады. Он екі жасынан бастап, өлең шығаруға талаптанады. Ойын-тойда айтысқа түсіп, өлең шығарып, "өлеңші бала" атанады.

1918 жылы бірқатар жаңашыл мұғалімдерден  дәріс алады. 1919 жылы Омбыдағы  мұғалімдер курсын бітіріп, ауылда  аз уақыт мұғалім болады.

Кеңес өкіметінің жұмысына араласады. 1919-1922 жылдары ел арасынан астық  жинау науқандарына қатысады, Ақмола губерниялық комитетінде әр түрлі  қызметтерде болады. 1922 жылы Орынбордағы  жұмысшылар факультетіне (рабфак) түседі. Бірқатар орыс ақындарының шығармаларымен танысады. 1926-1928 жылдары әр түрлі баспа, баспасөз орындарында істейді. 1928 жылы Ленинград университетіне түседі. Бірақ тұрмыстың ауыртпалығынан оны бітіре алмайды. 1935 жылы Мәскеудегі қызыл профессура институтын тәмамдайды. Алматыға оралып, "Қазақ әдебиеті" газетінің редакторлығына тағайындалады. 1936-1937 және 1941-1954 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарады, 1937-1941 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында дәріс оқиды. 1954 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі болып сайланады. 1968 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанады. Бірнеше съездерге делегат, басшы органдардың мүшесі болып сайланады.

1973 жылы қайтыс болады.

Поэзиясы. Сәбит Мұқановтың артына қалдырған әдеби мұрасы аса бай. Ол – әдебиеттің барлық жанрында өңдірте жазған қаламгер. Шығармашылық жолын әдеттегідей өлең жазудан бастаған. Сәбит өз заманының тарихи шындығын бейнелеуде көркем әдебиеттің барлық жанрының мүмкіндіктерін мейлінше молынан пайдаланды. Оның 1917 жылы жазылған "Көңілім", 1918 жылғы "Зарығу", "Жоқшылыққа" деп аталатын өлеңдерінен-ақ, болашақ ақын жырларының басты бағыты аңғарылған еді. Оның шығармаларына ел өмірі, қазақ еңбекшілерінің тұрмысы, ой-арманы арқау болды. Сәбиттің өлеңдері қазақ халқының жарты ғасырлық өмірін өте дәл бейнелейтін, публицистикалық леппен жазылған азаматық саяси лирика болды. Кезеңде заман тынысымен, қоғамның өзгерістерімен оқушысын таныстырып, әрдайым алға жетелеп отырған бұл өлеңдер тәуелсіздік тұғырында тұрған бүгінгі оқырмандар тарих көзімен қарап, елеп-екшеп оқитын бай поэтикалық мұраға айналды.

Қазақ халқының бір белестен екінші белеске, бір қоғамдық құрылыстан екіншісіне өту жолын, 1917 жылғы төңкерістерден кейін орнаған кеңестік заманның тынысын Сәбит Мұқанов өзінің "Жұмаштың өлімі" (1923), "Альбом" (1924), "Ленин" (1924), "Балбөпе" (1926), "Октябрь өткелдері" (1927), "Ақ аю" (1935), "Жұпархан" тәрізді поэмаларында кең ауқымда жырлады. Оларда әр түрлі тарихи кезеңнің күрделі оқиғалары қамтылып, өз уақытына сай қалыптасқан адамдардың образы, іс-әрекеті көрініс тапты. Сәбит поэмаларында кешегі мен бүгінгі, ескі мен жаңа салыстырыла жырланады.

Сәбит Мұқановтың поэмалары кезінде  қазақ поэзиясы үшін жетекші рөл  атқарды. Ақын поэмаларында әдіс-тәсіл  қолданысының небір үлгісі кездеседі. Бірқатар шығармаларында оның халықтық поэзия үлгілерімен, ауыз әдебиетінің дәстүрлерімен терең сабақтастығы аңғарылып жатады. Ең бастысы – Сәбит Мұқанов поэмаларында ежелден келе жатқан фольклорлық мұраларымызға тән бейнелеу құралдары мен ақын өмір сүрген жаңа тарихи дәуірдің өзгешелеу ырғағының қызықты үйлесімі бар.

"Сұлушаш" поэмасы. Сәбит  Мұқановтың қазақ әдебиетінің  алтын қорына қосқан талантты  шығармаларының бірі – "Сұлушаш"  поэмасы. Оны өлеңмен жазылған  роман деп те атайды. Қалай  болғанда да осы шығармасы арқылы ақын дәуір шындарын тарихи тақырып тұрғысынан кең қамтып бейнелеуде елеулі табысқа жетті.

Шығарманың сюжеттік желісін ел аузындағы аңыздан алғанымен, ақын оны өз дәуірінің талабымен шебер  ұштастырады. Жастардың бостандыққа  ұмтылуы арқылы автор жалпы адамзат баласына тән азаттыққа ұмтылу идеясын көрсетеді.

Автор аңыздағы халықтық сарынды сақтайды да, оқиға мазмұнына өз жанынан  өзгерістер енгізеді. Сол арқылы өмір шындығын, әлеуметтік мәселелерді терең  бейнелейтін реалистік шығарма  жасайды. Поэмадағы оқиға бірін-бірі сүйген екі ғашық – Сұлушаш пен Алтайдың махаббатына кұрылған.

Поэманың кейіпкерлері Сұлушаш  пен Алтай екі түрлі әлеуметтік ортадан шыққан. Сұлушаш атақты Тілеуберді байдың ерке өскен қызы болса, Алтай  – байдың малын бағып жүрген жалшы жігіт. Өмірден көрген қиындығы мен таршылығы Алтайдың намысшыл, жігерлі болып өсуіне ықпал етеді. Оның бойында тағдырдың әділетсіздігіне қарсылық, наразылық ерте оянады.

Алтай Сұлушашқа ғашық болады. Қыз  да өнерлі жігітті ұнатады. Бірақ  қоғамдағы салт-сана тәртібі екеуінің қосылуына жол бермейді. Өйткені бірі – байдың қызы, бірі – құл мен күңнің баласы.

Армандарына жету жолында жастар көп  қиындықтар көреді. Озбырлардан қанша  қысым көрсе, олар өз сезімдері жолында  бастарын тәуекелге байлайды. Махаббатқа адалдық оларды неге болса да тайсалмай қарсы тұруға жетелейді. Алтай мен Сұлушаштың озбыр топтан қашып шығып, қол ұстасып иесіз тауды паналаған кездерінде, ашығып-тарыққанда оларға осы сезім қуат береді. Алтайдың жанында сенімді серігі Қайсар болады.

Информация о работе Сәбит Мұқанов