Қылмыстық іс қозғау алдын ала тергеу сатысының дербес сатысы ретінде

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Марта 2013 в 17:23, дипломная работа

Краткое описание

Дипломдық зерттеуде қылмыстық іс қозғаудың түсінігі және мәні, қылмыстық іс қозғау туралы қылмыстық іс жүргізу заңнаманың дамуы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес қылмыстық істі қозғауға құқылы органдар мен лауазымды тұлғалардың тізімі көрсетілген, яғни олардың құқықтары мен міндеттері және өкілеттіктері айқындалып, қылмыстық іс қозғау себептерінің мән-маңызын, қылмыстық іс қозғаудың негіздері мен іс қозғаудан бас тартудың негіздерінің түсінігін анықтауға сараптама жүргізіліп, қылмыстық процестегі қылмыстық іс қозғаудың тәртібіне процесуалдық сипаттамасы беріліп, қылмыстық іс қозғау сатысындағы прокурорлық қадағалаудың қызмет ерекшелігі зерттеледі.

Содержание

Кіріспе ………………………………………………………………………….. 11
1 Қылмыстық іс жүргізудің дербес сатысы ретінде қылмыстық іс қозғаудың мәні мен түсінігі
1.1 Қылмыстық істі қозғаудың түсінігі және мәні .................................... 15
1.2 Қылмыстық істі қозғауға құқылы органдар ....................................... 23
1.3 Сотқа дейінгі отандық және шет елдік қылмыстық іс жүргізу
модельдері және маңызы ....................................................................
31
2 Қылмыстық іс қозғауға себептер мен негіздер
2.1 Қылмыстық іс қозғау себептерінің мәні, маңызы және мінездемесі.... 36
2.2 Қылмыстық іс қозғаудың негіздері..................................................... 42
2.3 Қылмыстық іс қозғаудан бас тартудың негіздері............................... 44
3 Қылмыстық іс қозғаудың процессуалдық тәртібі
3.1 Қылмыс туралы арыздар мен хабарларды тексерудің әдістері және мерзімі .................................................................................................
50
3.2 Қылмыстық іс қозғау сатысындағы қабылданатын шешімдер ............ 55
3.3 Қылмыстық іс қозғау сатысындағы прокурорлық қадағалау................ 59
Қорытынды .................................................................................................... 67
Қолданылған әдебиеттер тізімі .................................................................... 71

Прикрепленные файлы: 1 файл

дербес саты ісқоз.2012.doc

— 498.00 Кб (Скачать документ)

 

«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының заңы прокурорларға алдын ала тергеу жүргізу кезінде заңдылықтың бұзылмауына қадағалау жасау міндетін жүктейді [53].

Қылмыстық істі қозғау сатысының  заңдылығын қамтамасыз етудегі үлкен орынды прокурорлық қадағалау алады [54, 21-23].

ҚР Қылмыстық іс жүргізу  кодексінің «Прокурордың қылмыстық іс қозғаудың заңды болуын қадағалау» деп аталатын 190-бабында прокурордың келесі құқықтары белгіленген:

1) қылмыстық іс қозғаудың заңды болуын қадағалай отырып, прокурор анықтаушының, анықтау органының немесе тергеушінің қылмыстық іс қозғау туралы қаулысының күшін жоюға және қылмыстық іс қозғаудан бас тартуға;

2) анықтаушының, анықтау органының немесе тергеушінің қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулысының күшін жоюға және қылмыстық іс қозғауға;

3) анықтаушының, анықтау органының немесе тергеушінің қылмыстық іс қозғау туралы қаулысының күшін жоюға және егер қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жасалған болса, оны қысқартуға.

Қазақстан Республикасының  Прокуратурасы туралы заңының 37 бабында  прокурор анықтамамен тергеу органдарының  қызметінің  заңдылығы мен заңдарда белгіленген тәртібінің сақталуына қадағалауды жүзеге асырады деп  көрсетілген. Осы мақсатта прокурор болған немесе дайындалып жатқан қылмыс туралы арыздарды қабылдау, тергеу және шешудегі заң талаптарының орындалуын айына бір рет   тексеріп тұруға міндетті (аталған заңның 5 бабы).

Прокурор қылмыстық  іс қозғаудың заңдылығына қадағалау  жасай отырып, жасалған немесе жасалуға дайындалып жатқан қылмыс туралы арыздар мен хабарлардың қабылдануы мен тіркелу заңдылығына қадағалау жасап отырады. Оның қадағалау тәртібіндегі тексеру жүргізудің мерзімдері заңда нақты көрсетілмеген [55, 29].

Прокурор тексеру үшін қылмыстық ізге түсу органдарынан қылмыстық істерді, құжаттар мен басқа да қылмыс туралы ақпараттарды, жедел іздестіру қызметі кезінде, тергеу мен аныктау жүргізу кезінде жиналған барлық өзіне керекті мәліметтерді сұратуға құқылы [56, 43-46].

Прокурор өз құзыретінің шегінде жедел іздестіру қызметінің, анықтаудың, тергеудің және сот шешімдерінің заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ қылмыстық процестің барлық сатыларында қылмыстық ізге түсуді жүзеге асыратын лауазымды тұлға. Прокурор өзінің іс жүргізушілік өкілеттігін жүзеге асыруы кезінде тәуелсіз болады және заңға ғана бағынады.

Қазақстан Республикасының  Конституциясының 83-бабына сәйкес Прокуратура  мемлекет атынан республиканың аумағында  заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуының, жедел іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығына жоғары дәрежеде қадағалауды жүзеге асырады. Заңдылықтың кез-келген бұзылуын анықтау мен жою жөніндегі шаралар қолданады. Сондай-ақ Республика Конституциясы және заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық ізге түсуді жүзеге асырады. Ол өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және Республика Президентіне ғана есеп береді [1].

Болған қылмыс туралы арыздар мен хабарламалардың  шешілуіне прокурорлық қадағалау  – ол алдын ала тексерудің, қылмыстық іс қозғау немесе одан бас тару мәселелерін шешудегі заңдылықты қадағалаудағы прокурордың өкілеттігі.

Қылмыс туралы арыз бен хабарламаның қаралуын қадағалау прокурор қызметінің негізгі аспектілерінің бірі болып табылады. Ондағы прокурорлық қадағалаудың ерекшелігі мыналарға байланысты:

а) қылмыстық істің  дұрыс қозғалмауы ізге  түсу органдарының болашақта заңсыз әрекеттерді жүргізуіне әкеп соғады (заңсыз және негізсіз қылмыстық  жауапкершілікке тарту немесе өзге де заңсыз шектеу);

 ә) қозғалуға тиісті  істен бас тартудың өзі заңсыз деп танылады және ол қажетсіз салдарларға әкеп соғады (мысалы, қылмыскерлерді қылмыстық жауапкершіліктерге тартпау, жаңа қылмыстар жасау, қылмыстың болу себептерін жою шараларын қолданбау т.б.). Осы жоғарыда айтылғандар болған қылмыс туралы мәліметтерді тексерудегі прокурорлық қадағалаудың жоғары деңгейде болуын қажет етеді [57, 164].

Прокурорлық қадағалау  тек қана қылмыстық іс қозғаудың  дұрыстығын тексерудегі әрекеттерді  ғана емес, сондай-ақ осы саладағы жалпы  қызмет жағдайын зерделеуді де қамтиды.

Прокурордың құзыреті мен прокуратура қызметін ұйымдастырудын, тәртібі Республика заңдарымен анықталған. Прокурор қадағалауды жүзеге асыру барысында оқиға болған жерді қарауға қатысуға, сараптама тағайындауға құқылы. Сонымен қатар прокурор істі алдын ала тергеу немесе анықтау жүргізу үшін тергеушіге немесе анықтау органына жібереді.

«Прокуратура туралы» ҚР заңына сәйкес прокурордың анықтау және тергеу заңдылығын қамтамасыз етуде келесідегідей өкілеттілігі бар:

1) анықтау мен тергеу  органдарынан тексеріс үшін қылмыстық істерді, жедел іздестіру қызметінің, анықтаудың, тергеудің барысы туралы құжаттарды, өзге де мәліметтерді ала алады;

2) жасалған немесе әзірленіп жатқан қылмыстар туралы өтініштер мен хабарларды қабылдағанда, тіркегенде, шешкенде заңдылықтың сақталуын тексереді;

3) қажет болған жағдайда қылмыстық іс қозғайды, тергеу жүргізу жөнінде жазбаша нұсқау береді;

4) тергеушілер мен анықтау жүргізу қызметкерлерінің заңсыз қаулыларының күшін жояды;

5) егер анықтау мен тергеу барысында процеске қатысушылардың құқықтарының бұзылуына жол берілсе, кінәлі адамдардың жауапкершілігі туралы мәселе қояды;

6) қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтара алады;

7) қажет болған жағдайда тергеу бөлімдері бастықтарынан қылмыстық істі толық ашу мақсатында тексеру жүргізуді талап етеді;

8) заңмен белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге                              асырады («Прокуратура туралы» ҚР заңы. 37-38 бап).

Прокурор бір жағынан  қылмыстық істі қозғауға құқылы орган  болса, екінші жағынан қылмыстық  істің заңдылығын қадағалайтын орган.

Прокурор тексеріс жүргізу  кезінде алдын ала тергеуде немесе анықтау жүргізуде заң бұзушылықтарды анықтаса, сол үшін кінәлі лауазымды  тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке  тартуға құқылы.

Зерттеушілердің айтуынша. қылмыстық іс қозғау сатысында көбінесе келесідегідей заң бұзушылыққа жол беріледі:

1) қылмыс туралы арыздар мен хабарларды қабылдау кезінде:

а) қылмысты есептен жасыру;

б) жасалған қылмыс туралы арыздар мен хабарларды фальсификациялау;

2) қылмыс туралы арыздар мен хабарларды алдын ала тексеру кезінде:

а) негізсіз қылмыстық іс қозғаудан бас тарту;

б) негізсіз іс қозғау;

в) қылмыс туралы арыздар мен хабарламалар бойынша шешім қабылдау мерзімін сақтамау [58, 67-68].

Заңда қадағалау тәртібімен тексеруді жүргізудің мерзімдері де көрсетілмеген. Кейбір авторлар тексеруді айына бір рет өткізу қажет десе       [59, 74], ал екіншілері қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы материалдарды тексеру үш айда бір рет жүргізілуі қажет дейді [60, 42-43]. Әрине, қылмыстық іс қозғаудан бас тартудың материалдарын тексеруді жеке дара қызмет ретінде бөлудің қажеттігі жоқ. Себебі ол болған немесе дайындалып жатқан қылмыс туралы келіп түскен арыздар мен хабарламаларды шешу заңдылығына қадағалауды жүзеге асыру қызметінің бөлінбес бір бөлігі. Осы жұмыстың барысында прокурор істің барысын, заңдылығы мен негізділігін тексеруге міндетті болады. Сондықтан оны жеке дара бөліп қараудың қажеттігі жоқ.

Ал тексерудің мерзімдеріне келетін болсақ алдын ала тексеруді  он күнде бір рет жүзеге асыру  оның белсенділігін арттырар еді.

Прокурорлық қадағалау  әртүрлі әдістермен жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының  Прокуратурасы туралы заңының 38 бабына сай прокурор анықтама және алдын  ала тергеу органдарынан болған қылмыс туралы құжаттарды, материалдарды және өзге де мәліметтерді талап етуге құқылы. Заңнамаға сай құжаттар мен материалдардың арасындағы  қандай айырманы көруге болады? Біздіңше, құжаттар деп – қылмыстық іс қозғалғанға дейінгі жасалған қылмыстық процесуалдық  құжаттарды (оқиға болған жерді тексеру хаттамасы, өтініш хаттамасы, кінәсін мойындап келу хаттамасы, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы және т.б.) айтуға болады.

Ал өзге де құжаттар кеңінен  алғанда, сондай-ақ түрлі заттар, үлгілер  және басқаларды құрайды.

Прокурор тексерушіден барлық материалдарды алып тексеруді әрі қарай жүргізу үшін өзге тұлғаға бере алады. Оның себебі ол адамның тәжірибесі аз болуы және өзге жұмыстармен бос болмауына байланысты болады. Ал бір жағынан тексерушінің өзі тексеруді өзге тұлғаның әрі қарай жүргізу жөнінде прокурорға ұсыныс жасай алады [61, 12].

Сондай-ақ прокурор тексеру  кезінде заң бұзушылықтың  болғанын байқаса және бас тартуға негіз  болғанда тергеушіні әрі қарай тексеру  жүргізуден шеттетуге құқылы. Тексерудің алдын ала тергеуден айырмашылығына  қарамастан бас тарту үшін негіз болып алдын ала тергеудің негіздері де табылады.

Тексеруші бас тартудың негізін анықтағаннан кейін тез  арада прокурорға хабарлауға және тексерудің барлық материалдарын беруге міндетті.

Бекітілген тәртіпке сай (ҚР ҚІЖК 186, 187 баптар) қылмыстық ізге түсу органдарының іс қозғау немесе одан бас тарту туралы шығарған қаулыларының  көшірмелері прокурорға жіберіледі.

Тергеуші немесе анықтаушыдан қылмыстық іс қозғау туралы қаулыны  алғаннан кейін прокурор оны қозғауға немесе өз қаулысымен одан бас тартуға келісім береді. Және қажетті жағдайларда қосымша тексеру жүргізу үшін материалдарды қайтарып береді. Ал оның мерзімі бес тәуліктен артық болмауы тиіс [62, 816].

Тексерушінің қабылдаған шешімдерінің заңдылығын тексере отырып, нақты мән-жайларға орай келесі шаралардың  бірін қабылдауға құқылы: егер прокурор қылмыстық істі қозғау немесе  одан бас тарту туралы қабылдаған қорытындыларымен келісетін болса, онда ол қаулыны өз күшінде қалдырады.

Қылмыстық іс негізсіз қозғалған  болса, онда прокурор қаулының күшін жоюға міндетті болады. Мұндай күшін жоюдың салдары әртүрлі болуы мүмкін.

Егер, прокурордың ойынша, іс қозғауға жеткілікті негіздер болмай, бірақ іс қозғау негіздері бар  болса, онда мұндағы қабылданатын шешімнің сипаты іс бойынша тергеу әрекеттерінің жүргізілген немесе жүргізілмегендігіне байланысты болады. Олар жүргізілмесе,  прокурор қылмыстық іс қозғау қаулысының күшін жойып,  одан бас тартады.

Қылмыстық іс қозғаудан негізсіз бас тартылған жағдайда нақты мән – жайларға орай прокурор:

а) қаулыны жойып және бұрын тексеру жүргізген адамға немесе өзге біреуге қосымша тексеру жүргізу жөнінде нұсқау беруге;

ә) қылмыстық іс қозғаудан  бас тарту туралы қаулының күшін  жойып қылмыстық істі қозғай алуға  құқылы.

Мұндай  жағдайларда  қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізу үшін алдын ала тексеруге қатыспаған адамға берген орынды болады. Себебі қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан  адамда,  қарастырылып отырған факт бойынша  белгілі бір субъективтік  көзқарастар пайда болған және оның салдары  тергеудің объективтілігіне  әсер етуі мүмкін [63, 143].

Тәжірибеде мынадай  мәселелер пайда болады, мысалы мына жағдайларда:

  1. прокурор тергеушіге қылмыстық іс қозғау туралы нұсқау береді;
  2. тергеушіге прокурормен қозғалған  қылмыстық іс келіп түседі, бірақ тергеуші бар материалдарды зерделеп (ереже бойынша, ол алғашқы немесе алдын ала тексерудің материалдары болуы мүмкін) істі қозғау қажет деген қорытындыға келеді.

Тергеуші жиналған материалдардың негізінде  қылмыстық іс қозғау туралы мәселені дербес өзі шешеді. Сондықтан прокурордың нұсқауы заңнамамен көзделмеген болса да, тергеушінің құзіретін шектей алмайды. Прокурордың пікірінше, тергеушінің жіберген барлық қателіктерін қаулының күшін жою арқылы қалпына келтіру мүмкін дейді.

Ал екінші мәселеге орай Л.М. Карнеева былай дейді: «Егер тергеуші тексеру материалдарына сүйеніп өзге қорытындыға келетін болса, істі қозғаған, прокурорға қарағанда, онда ол тергеуге кіріспестен, өз қарсылықтарын жоғары тұрған прокурорға беруі орынды болады» [64, 27]. Мұндай ұсыныспен келісуге болмайтын сияқты.

Бұндай жағдайда, прокурор алдын ала тергеу барысында нұсқау беруге құқылы және ол нұсқау міндетті болып табылатынын ескеруіміз                   қажет (ҚІЖК 197 бабы).

Алынған нұсқау бойынша  жоғары тұрған прокурорға шағымдану  олардың  орындалуын тоқтатпайды.

Қылмыстық іс қозғаудан бас тарту негізді деген прокурордың қорытындысы процесуалды тұрғыдан қалай рәсімделуі тиіс?

ҚР ҚІЖК бұл жағдай көзделмеген. Ал тәжірибеде прокурор арызданушыға  жауапты ерікті, жазбаша нысанда  береді.

Шағымдарды қарауды  реттейтін ҚІЖК 108 бабы прокурордың шешіміне байланысты қандай құжаттың жасалатындығын көрсетпейді. Өзге жағдайларда шағымның негізсіз екендігі  жөнінде  дәлелді қаулы шығарылса дұрыс болар еді. Қаулыда шағымды  негізсіз деп танудың  белгілері көрсетілуі тиіс.

Мұндай мәселені шешу кезінде процесуалдық нысанның мәніне, яғни оның мазмұнына да (мақсатын көрсету,  фактілі деректерді, құжаттарға сілтеме  жасау және т.б.) қойылатын талаптарға назар аудару қажет.

Бірқатар прокуратураларда тексеруші тұлғаның шешімін прокурордың келісімімен қабылдау тәжірибесі  қалыптасқан. Прокурордың пікірі жазбаша түрде тікелей қылмыстық іс қозғау немесе одан бас тарту туралы қаулыда көрсетіледі. Мұндай тәжірибені дұрыс деуге болмайды, себебі ол заңмен көзделмеген. Мұндағы негізгі кемшілік болып қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулыны бекіткеннен  кейін  шағым түскен жағдайда оны мәні бойынша шешу мүмкіндігінен айыру табылады [65, 191].

Информация о работе Қылмыстық іс қозғау алдын ала тергеу сатысының дербес сатысы ретінде