Қазақстан геологиялық барлау саласы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Апреля 2014 в 09:03, реферат

Краткое описание

Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Тиісті заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн. Жалпы, дәстүрлі салаларға қатысты біздің оларды дамыту жөніндегі бөлек жоспарларымыз болуы керек. Әрбір келесі бесжылдықтың нақты нәтижесі экономиканың жаңа салаларын қалыптастыру болуға тиіс. Бірінші бесжылдық аясында автомобиль және авиақұрастыру, тепловоз, жолаушылар және жүк вагондары өндірісі жолға қойылды. Оларды кеңейтіп, сыртқы нарықтарға шығару керек.

Прикрепленные файлы: 1 файл

жолдау.docx

— 123.16 Кб (Скачать документ)

Ал болған іс болған екен, онда әке алимент төлеуге тиіс. Мемлекет жалғызбасты аналарды қолдауы және алимент төлемегені үшін жазаны күшейтуі керек.

Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек.

Мен өскелең ұрпақтың озық білім алуы үшін мүмкіндік туғызуға көп күш жұмсадым: «Балапан» бағдарламасы жүзеге асып, Зияткерлік мектептер, Назарбаев Университеті, «Болашақ» бағдарламасы жұмыс жасап жатыр.

Өздеріңіз білесіздер, оған тек дайындығы бар және дарынды балалар ғана өте алады. Баланы білім мен еңбекке дайындау – ата-ананың борышы.

«Бар жақсылық балаларға» ұраны барлық ата-ана үшін қағидаға айналуы қажет.

Үкіметке:

 

    ана мен баланы  қорғау, сондай-ақ, отбасы және неке  саласында заңнаманы түбегейлі  қайта қарауды;

    ана мен балаға  қарсы бағытталған қылмыс үшін, сондай-ақ,осы саладағы ең ұсақ  деген заңбұзушылықтар үшін жазаны  күшейтуді;

    туу мен көп  балалы болуды ынталандыру жүйесін  реформалауды – жеңілдетілген  салық, медициналық және әлеуметтік  қызмет, еңбек нарығында жаңа  мүмкіндіктер беру және сол  сияқты материалдық және материалдық  емес ынталандыруларды қамтитын  шаралар кешенін әзірлеуді;

    елде жыныстық  ерекшелігі бойынша кемсітушілікке  жол бермеу және іс жүзінде  гендерлік теңдік пен әйелдерге  ерлермен тең мүмкіндіктерді  қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл  орайда мен сөзімді ең бірінші  жұмыс берушілерге арнаймын.

 

Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі

 

Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз.

Негізгі басымдықтар:

 

    Сапалы және  қолжетімді медициналық қызметтер  көрсетумен қамтамасыз ету.

    Аурулар түрінің  барынша кең спектрін диагностикалау  және емдеумен қамтамасыз ету.

    Профилактикалық  медицина аурудың алдын алудағы  басты құралға айналуы тиіс. Халықпен  ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс  жүргізуге баса ден қою.

    «Смарт-медицина», қашықтан профилактика және емдеу, «электрондық медицина» қызметтерін  енгізу. Медицина қызметтерінің  бұл жаңа түрлері біздікі сияқты  аумағы үлкен, кең байтақ елде  ерекше сұранысқа ие.

    Біз балаларымыздың  денсаулығын қамтамасыз етуге  жаңа тәсілдер енгізу мәселесімен  жұмыс жүргізуіміз қажет. Барлық 16 жасқа дейінгі балаларды медициналық  қызметтің барлық спектрімен  қамту қажет деп ойлаймын. Оны  ең төменгі өмір стандарттарына  заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Бұл қадам ұлт денсаулығын  қамтамасыз етуде маңызды үлес  болады.

    Медициналық білім  беру жүйесін түбірімен жақсарту. Медициналық жоғары оқу орындары  жүйесі мамандандырылған орта  деңгейдегі білім беру мекемелері  желісі арқылы нығайтылуы тиіс.

 

Күнделікті тәжірибе оқу процесімен барынша ықпалдастырылуы тиіс.

 

    Медициналық жоғары  оқу орындары жұмысының тәжірибелік  ғылыми-зерттеушілік бөлігіне басты  маңыз беру. Адамзаттың жаңа білімдері  мен технологиялық жетістіктерін  шоғырландыратын жоғары оқу орындары  болуы тиіс. Мысал ретінде, ірі  және тиімділігі жоғары медициналық  орталықтар болып саналатын АҚШ-тағы  университеттік госпитальдерді  келтіруге болады. Бұл бағытта  да мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін  дамыту керек.

    Жеке медицинаның  дамуына жағдай жасау. Барлық  дамыған әлемде медициналық қызметтердің  айтарлықтай бөлігін жеке сектор  көрсетеді. Біз жеке ауруханалар  мен емханаларға тезірек көшуге  жағдай туғызуға тиіспіз.

    Заңнамалық деңгейде  медициналық жоғары оқу орындары  мен мекемелердің халықаралық  аккредитациясын өткізуді бекіту.

 

Қазірге дейін ауылдағы медициналық қызметтердің сапасы жөнінде көп сын айтылады. Ал ауыл тұрғындары бізде бүкіл халықтың 43%-ын құрайды.

Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Алайда елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл жұмысты келесі жылы-ақ бастау керек.

 

4. БІЛІМ ЖӘНЕ КӘСІБИ  МАШЫҚ – ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ  ЖҮЙЕСІНІҢ, КАДР ДАЯРЛАУ МЕН ҚАЙТА  ДАЯРЛАУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒДАРЫ

 

Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.

Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс.

Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды.

Біздің жұмыстарымыздың білім беру саласындағы басымдықтары

(1) Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстан мектепке дейінгі білім  берудің жаңа әдістеріне көшу  керек.

Сіздер білесіздер, мен басты міндеті балаларымыздың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру болған «Балапан» бағдарламасы бастамасын көтердім.

Ол жүзеге асырыла бастаған сәттен бері 3 956 жаңа балабақша мен шағын орталықтар іске қосылды.

Туу көрсеткішінің жоғарылығын, жалғасып жатқан демографиялық өсімді ескере келе, мен «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзартуға шешім қабылдадым. Үкімет пен әкімдердің алдына балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100% қамтуға қол жеткізу міндетін қоямын.

(2) «Қазақстан-2050» Жаңа  бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық  үлгідегі куәліктер беру арқылы  инженерлік білім беруді және  заманауи техникалық мамандықтар  жүйесін дамытуды қамтамасыз  етуді тапсырамын.

Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді.

Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет.

Біз академиялық автономия кепілдігін берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс.

(3) Жеке бизнестің, үкіметтік  емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі  білім беру саласында айрықша  көрінуі керек. Бұл ең бірінші  кезекте лайықты білім алуда  оқу ақысын өз бетінше төлей  алмайтын жастарға көмек беруге  қатысты.

Ол үшін қажетті шаралар:

 

    Жоғары және  орта білім беру жүйесін дамыту  үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі  желісін құру.

    Көпсатылы оқу  гранттары жүйесін әзірлеу.

    Бүкіл ел бойынша  ғылыми-зерттеушілік және қолданбалы  білім берудің өңірлік мамандықтарды  ескеретін мамандандырылған оқу  орындары жүйесін құру.

    Жоғары оқу орындарындағы  оқудың екінші курсынан бастап  кәсіпорындардағы міндетті өндірістік  тәжірибені заңнамалық тұрғыда  бекіту.

 

(4) Бізге оқыту әдістемелерін  жаңғырту және өңірлік мектеп  орталықтарын құра отырып, білім  берудің онлайн-жүйелерін белсене  дамыту керек болады.

 

    Біз қалайтындардың  барлығы үшін қашықтан оқытуды  және онлайн режімінде оқытуды  қоса, отандық білім беру жүйесіне  инновациялық әдістерді, шешімдерді  және құралдарды қарқынды енгізуге  тиіспіз.

    Ескірген немесе  сұраныс жоқ ғылыми және білім  пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы  бар бағыттарды күшейту қажет.

    Орта және жоғары  білім берудің оқу жоспарларының  бағыттылығы мен басымдықтарын  оларға тәжірибелік машықтарға  үйрету бойынша және тәжірибелік  біліктілікке ие болу бағдарламаларын  қосып, өзгерту.

    Кәсіпкерлікке  бағдарланған оқу бағдарламаларын, білім беру курстары мен институттарын  құру.

 

Инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты

Бүкіләлемдік тәжірибенің көрсетуінше, бүкіл инновациялық өндірістік циклды жеке бір елде жүзеге асыруға тырысу – велосипед ойлап шығару деген сөз. Бұл – өте қымбатқа түсетін және әрдайым нәтижелі, жемісті бола бермейтін іс. Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терребайт көлеміне негізделген дербес ғылыми база қажет болады.

Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біз осыны жете түсінуге тиіспіз.

Сондықтан біз өте шынайы, барынша прагматикалық стратегия құрғанымыз жөн.

Біз шығыны көп емес зерттеулер мен әзірлемелерге ден қоюға тиіспіз.

Бізге елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту керек. ЭКСПО-2017 бұл процеске серпін беріп, бізге болашақтың энергиясын дамыту үшін жаңа технологияларды таңдап алуға көмектесуі тиіс.

Біз – жас ұлтпыз және бұл біздің қолымыздан келеді.

Оған қоса, біз ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына әбден-ақ белсене қатыса аламыз. Бұл бізге ғалымдарымыздың күш-жігерін шетелдік ғылыми-зерттеушілік қоғамдастықпен стратегиялық инновациялық бағыттар бойынша ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – жаһандық технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу.

 

    Біз 2013 жылдың өзінде-ақ  ғылым мен бизнестің толыққанды  кооперациясы жөнінде шаралар  қабылдауға тиіспіз. Үкіметке технология  трансферті мүмкін болатын салааралық  секторларды анықтауды және оларға  жер қойнауын пайдаланушылар  мен ұлттық компаниялар тарапынан  сұраныс тудыруды тапсырамын.

    Болашағы зор  ұлттық кластерлер қалыптастыру  жөнінде нақтылы Жол карталарын  әзірлеу аса маңызды.

    Мемлекеттік-жекеменшік  әріптестігі үшін құқықтық базаны  анықтауды да тездету қажет. Міндет  – мұндай әріптестіктің бүгінгі  күнгі ең озық құралдары мен  тетіктерін енгізу.

    Авторлық құқықтар  мен патенттер мәселелерін реттейтін  заңнаманы қайта қарау. Үкімет 2014 жылдың соңына дейін бұған  дейін берілген барлық патенттер  мен тіркелген авторлық құқықтарды  олардың коммерциялануының ықтималдығы  жөнінен талдаудан өткізуі қажет.

 

 

Құрметті отандастар!

Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді.

Бүгін мен жариялаған Жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді.

Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер.

Мемлекет басшысы ретінде мен әрдайым сіздердің оқуларыңыз бен өсіп-өнулеріңіз үшін барлық жағдайды жасауға тырыстым. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер аштым, «Болашақ» бағдарламасын құрдым.

Қазір мемлекеттік жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленуде.

Мемлекет сіздердің алдарыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылуы үшін барлығын жасауда. Олар – сіздердің ата-аналарыңыз тіпті ойлап та көрмеген мүмкіндіктер.

Естеріңізде болсын: сіздердің табыстарыңыз – ата-аналарыңыздың табысы, туғандарыңыз мен туыстарыңыздың табысы, отбасыларыңыздың табысы, барлық отандастарыңыздың табысы, біздің Отанымыздың табысы.

 

5. МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІ ОДАН  ӘРІ НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ  ДЕМОКРАТИЯНЫ ДАМЫТУ

 

Біздің мақсатымыз – мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру. Ол қоғамға қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтудың жаңа міндеттеріне сай болуы тиіс.

Бірінші. Бізге Мемлекеттік жоспарлау және болжау жүйесін одан әрі жетілдіре түсу керек.

Қойылатын мақсат – жоспарлар мен бағдарламалар әзірлеуде мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту. Осыған байланысты Үкіметке беретін тапсырмам:

 

    Менің пайымдауымдағы  Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму  стратегиясын ескере отырып, жұмыста  және өмірде еліміз басшылыққа  алатын стратегиялық құжаттарды  қайта қарау.

    Елде Мемлекеттік  аудит енгізу тұжырымдамасын  әзірлеп, келесі жылы Парламентке  тиісті заң жобасын енгізу. Бізге  мемлекеттік аудиттің ең озық  әлемдік тәжірибесі негізінде  кешенді жүйе құру қажет.

    Экономикалық стратегияларымыз  жүзеге асуы үшін мемлекет  дағдарыстық жағдайларды күні  бұрын тиімді түрде біліп, оларға  қарсы шара қолдануы тиіс. Бұл  үшін бізге дағдарысқа қарсы  әрекет етудің көпдеңгейлі жүйесін  құру қажет.

 

Бізде ықтимал дағдарыстық жағдайларға арналған стандартты іс-әрекеттер жиынтығы болуы керек. Бұл, әсіресе, өңірлер үшін маңызды. Ол жүйені әзірлеу барысында мен айтқан барлық қатерлерді ескеру қажет.

Екінші. Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек.

Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру.

Біз 2013 жылы жауапкершілік пен өкілеттіктерді орталық пен өңірлер арасында бөлу жөнінде нақты шаралар қабылдауымыз қажет.

Жергілікті жерлердегі билік органдарының өкілеттіктері қаржылық және кадрлық ресурстармен нығайтылатын болады.

Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек.

Информация о работе Қазақстан геологиялық барлау саласы