Функционалдық сауаттылықтың сипаттамалық белгілері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 03 Мая 2014 в 10:10, курсовая работа

Краткое описание

Қазақстан күн сайын қарқынды дамып келеді және ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға батыл қадам жасап отыр. Елдің білім беру жүйесі терең де сатылы стратегиялық жаңғырту кезеңін бастан өткеруде.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру – білім беру процесінің негізі болып табылады. Қазақстанда кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте алғаш рет 2012-2016 жылдарға арналған функционалдық сауаттылықты дамытудың Ұлттық іс-қимыл жоспары дайындалды, онда оқушылардың құзыреттілік біліктерін, алған білімдерін шынайы өмірлік жағдаяттарда тиімді қолдана білу қабілеттерін дамыту көзделген.

Прикрепленные файлы: 1 файл

жанар матем.docx

— 90.32 Кб (Скачать документ)

Кіріспе

 

Қазақстан күн сайын қарқынды дамып келеді және ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға батыл қадам жасап отыр. Елдің білім беру жүйесі терең де сатылы стратегиялық жаңғырту кезеңін бастан өткеруде.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру – білім беру процесінің негізі болып табылады. Қазақстанда кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте алғаш рет 2012-2016 жылдарға арналған функционалдық сауаттылықты дамытудың Ұлттық іс-қимыл жоспары дайындалды, онда оқушылардың құзыреттілік біліктерін, алған білімдерін шынайы өмірлік жағдаяттарда тиімді қолдана білу қабілеттерін дамыту көзделген.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында стратегиялық жаңғырту барлық саланы, сонымен қатар, білімді де түрлендіруді қажет ететінін атап көрсетті . Осы орайда, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуының маңызы зор.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың бес жылдық Ұлттық іс-қимыл жоспарын қабылдау бойынша нақты міндеттер Мемлекет басшысының 2012 жылдың 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында белгіленді.

Ел үшін маңызды осы стратегиялық міндеттерді шешу жағдайында тұлғаның ынталылығы, шығармашылықпен ойлауы мен дәстүрлі емес шешім қабылдау қабілеттері, кәсіби жол таңдау білігі, өмір бойы білім алуға даярлығы – оның басты функционалдық қасиеттері болып табылады. Аталған функционалдық біліктер мектеп және отбасында қалыптасады.

Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында анықталған, басты мақсаттардың бірі – жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде оның табысты болуын қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру болып табылады.

«Функционалдық сауаттылық» түсінігі алғаш рет өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейінірек қолданысқа енді.

Функционалдық сауаттылық, кең түсінікте, білім байланысы мен адамның көпжоспарлы іс-әрекеті арасындағы кіріккен, тұлғаның әлеуметтік бағдарлану амалын көрсетеді. Заманауи әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық іс-әрекетіне, сол сияқты өмір бойы білім алуға белсенді түрде атсалысуына ықпал ететін базалық факторлардың бірі болып табылады.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі маңызды фактор – ата-ананың белсенді рөлі екендігін PISA (Programmer for International Student Assessment) – 15 жастағы жасөспірімдердің мектепте алған білімдерін, іскерлігі мен дағдыларын адами іс-әрекеттердің әртүрлі салаларында, сондай-ақ тұлғааралық қарым-қатынас пен әлеуметтік қатынастарда өмірлік міндеттерді шешу үшін пайдалана алу қабілеттерін бағалау) зерттеулерінде үнемі көшбасшы елдер қатарынан табылатын Австралия, Финляндия, Жапония, Жаңа Зеландия, Италия, Оңтүстік Корея және т.б. нәтижелері көрсетіп отыр.

«Отбасы» ұғымына – отбасы тәрбиесіндегі функционалдық сауаттылық, ата-аналардың саналылығы, тәрбие, тәрбиенің бірізділігі, отбасы құрылымы, отбасының жіктелуі, тәрбиенің оң тәжірибесі, құқық, заң, құқықтық тәрбие, тәрбиенің ауытқуы, әлеуметтену, сауықтыру, отбасы мәдениеті жатады.

Отбасы тәрбиесі мазмұнын анықтайтын ең маңызды құндылықтар: отбасы, отбасы әдет-ғұрпы мен дәстүрлері, баланың отбасына құқығы, қарашаңырақ, шежіре, әке және ана, әкенің және ананың беделі, ата-ана махаббаты мен қамқорлығы, баланың отбасында қорғалғандығы, қарттарға, кішілерге, науқастар мен мүгедектерге қамқорлық болып табылады.

Отбасы бала бойында балалық кезеңнен адамгершілік құндылықтарды, парасатты және тиімді өмір дағдыларын құру бағытын қалыптастыруы тиіс. PISA-2009 зерттеуі баланы оқыту мен тәрбиелеу процесіне ата-аналардың қатысуы функционалдық сауаттылық деңгейіне оң әсер ететінін көрсетті. Осыған байланысты, ата-аналарды мектеп өміріне белсенді түрде қатыстыруға бағытталған шаралардың тұтас жүйесін: қамқоршылық кеңесін, ата-аналар қауымдастығын, ата-аналар университеттерін құру қажет.

Ғылыми, психологиялық-педагогикалық әдебиеттер және жалпы білім беретін мектептер мен отбасы жұмысының заманауи өзара іс-әрекеті практикасының талдауы көрсеткендей, көптеген педагогтар ата-анамен байланыстың мазмұны, түрлерін және әдістерін жеткілікті дәрежеде толық меңгермеген. Бір жағынан, бұл міндетті тиімді шешуде ата-анаға тиісті педагогикалық білім жетіспейді. Отбасы және мектеп іс-әрекетінің жеткілікті түрде үйлеспеуі ата-аналардың тәрбие түрлері мен әдістерін тиімді жүзеге асыруға даяр болмауынан көрінеді, мектеп тарапынан оқушыларда функционалдық сауаттылықты қалыптастырудағы әрекетінің нәтижелілігін төмендетеді.

Екінші жағынан, мектептің отбасымен әрекеттілігін қалыптастырудағы әкімшілік және ағартушылық көзқарастары отбасы әрекетін шектейді, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудағы әлеуетін ашпайды. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын айтарлықтай арттыру мүмкіндігі мектеп пен отбасының бала тәрбиесіндегі, ұлттық құндылықтар басымдығын қамтамасыз етудегі отбасы және мектептің бірлескен жұмысын ұйымдастырудағы субъектілік принциптерін, іс-әрекеттік және құзыреттілік тұғырын жүзеге асырудағы мектеп пен отбасы әрекеттерінің өзара кірігуінде болып табылады.

1 Оқушылардың функционалдық сауаттылығы  мәселелерін зерттеу әдіснамасы

Қоғам дамуының заманауи кезеңінде постиндустриалдық әлемдегі өзгерістерге тез бейімделетін адамдар қажет. Жаңа жағдайларда мектептегі оқыту процесі «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын жүзеге асыруға ықпал ететін құзыреттерді дамытуға бағдарлануы тиіс. Құзыреттілікті дамытудың алғышарты ретінде белгілі бір функционалдық сауаттылық деңгейдің болуын атауға болады.

Білім беру жүйесін жаңғыртудың басты бағыты ретінде оқушылардың өзін дамытуы және қоғам өміріне пайдалы үлес қосуы үшін ақпаратты өздігінен алу, талдау, құрылымдау және тиімді пайдалануын көрсетуге болады.

Функционалдық сауаттылық, яғни «адамның өмірдің және іс-әрекеттің түрлі саласында қолданбалы білім негізінде қалыпты тіршілік міндеттерін шешу қабілеті» – осы процестің өзегі болып саналады [5, 27].

Осыған орай, білім беру ұйымдарындағы оқыту процесі оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталуы тиіс. Пәндік талаптарды жеке пәндердің құралдары арқылы жүзеге асыру мүмкін болса, білім берудің тұлғалық және метапәндік нәтиже талаптарын мектептің негізгі білім беру бағдарламасына енетін барлық оқу пәндері, курстары және модульдерінің бірлескен және келісілген әсері арқылы жүзеге асыруға болады.

Отандық және шетелдік білім беру теориясы мен практикасына жүргізген зерттеулер көрсеткендей, мектеп және отбасы өзара іс-әрекетінің көптеген аспектілері зерделенген, мектеп − отбасылық қатынастардың тиімді дамуына кедергі келтіріп отырған себептер анықталған, проблемаларды шешудің тиімді жолдары (Х.А.Арғынбаев, Н.Н.Архангельская, К.Т. Атемова, С.В.Дармодехин, Е.Г.Замолоцких, М. Кабакова, И.А. Корнилко, К.К.Құнантаева, И.Н.Миняйло, Е.С.Муляр, О.А.Перегудова, Г.В.Сабитова және т.б.) іздестірілуде. Мектеп пен отбасында тәрбие берудің (Ш.А. Амонашвили, С.Г. Вершловский, Г.Н. Волков, Н.В. Бордовская, Қ.Б. Бөлеев, Қ.Б. Жарықбаев, Л.Н. Ибраимова, С.Қ. Қалиев, К.Ж. Қожахметова, И.С. Кон, Ә.Т. Табылды, С.А. Ұзақбаева және т.б.), құзіреттілік бағыт әдіснамасының (В.А. Болотов, М.Ж. Жадрина, А.К. Маркова, С.Д. Мұқанова, Ф.Ш. Оразбаева, Г.К. Селевко, В.В. Сериков, В.А. Сластенин, А.В. Хуторской және т.б.) өзекті мәселері зерттелуде.

Білім сапасының мәнін ашу, педагогикалық квалиметрия, оқушылардың білімдік және біліктік сапасы, оқушылардың деңгейлік тұрғыдан білімділігі, білім беру сапасының мониторингі және диагностикасы, оқушылардың жетістіктерін бағалау, құзыреттілік тұрғы сияқты мәселелерге соңғы жылдары көп көңіл бөлінуде.

Өкінішке орай, білім сапасын бағалаудың педагогикалық және дидактикалық-әдістемелік, мониторингтік және диагностикалық зерттеулері жиі кездеспейді және сондықтан да көптеген мәселелер жеткілікті зерттелмей отыр.

Мектептегі білім беру сапасын бағалау әдістемесінің негізгі проблемалары, біріншіден, бағалау қажеттілігін (оқыту сапасы нәтижелері, білім беру стандарты, оқушылардың білімділік деңгейі, мектеп түлектерін даярлау сапасына қойылатын талаптар проблемалары), және екіншіден, бағалау қалай жүзеге асырылғанын (бағалау кезеңдері, принциптері, түрлері, әдістері, құралдары) айқындаудан тұрады. Соңғы жылдары оқытудың теориясы мен әдісінде білім беру сапасын бағалау проблемасы өзекті сипат алып отыр. Мәселені зерттеу бұл бағытта мектеп түлектерін даярлау сапасын бағалау бойынша білім мазмұнының міндетті минимумы, мектеп түлектерін даярлауға қойылатын талаптар көрсетілген жұмыстар жарияланғанын көрсетті. Білім беру процесі нәтижесінің сапасын бағалау проблемасы жағдайын талдау қорытындысы біздің қоғамның жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайлары, білім берудегі бұрынғы құндылықтар мен басымдықтардың дағдарысы, білім беру жүйесінің пәнді оқыту сапасын бағалаудың озық үлгілері мен технологияларына көшуі оқушылардың функционалдық сауаттылығын бағалаудың заманауи теориялары мен әдістерін құру қажеттілігін көрсетті. Функционалдық сауаттылықтың ерекше сипаттары:

1) тұрмыстық  проблемаларды шешуге бағыттылығы;

2) нақты әлеуметтік жағдаяттарда  көрінетіндіктен, тұлғаның ахуалдық  сипаттамасы болып табылады;

        3) стандартты, стереотиптік міндеттерді шешумен байланысты;

4) бұл үнемі  дерлік оқу және жазу білігінің  кейбір қарапайым (базалық) деңгейі;

5) көп жағдайда  халықтың ересек тобының сапасын  бағалауда қолданылады;

6) ең бастысы  сауатсыздықты жоюдың жеделдетілген  тәсілдерін іздеу проблемасымен  контексте мағыналы. С.А. Крупник, В.В. Мацкевичтің пікірінше, жеке жағдайда, мемлекет өткеннің орнын толтыру, басқа елдерді басып озу қажет  болған кезде ғана сауаттылық  проблемасы (функционалдық сауаттылық) өзекті болады. Сол себепті, функционалдық  сауаттылық түсінігі қоғам өмірінің  сапасын (өзінше мәдени стандарт) түрлі елдердің әлеуметтік- экономикалық  тиімділігін салыстырудағы бағалаудың  өлшем бірлігі ретінде қолданылады . Сонымен, функционалдық сауаттылық – оқу және жазу білігін күнделікті өмірде қолдану («мәтінмен жұмыстың әлеуметтік практикасы»). Басқаша айтқанда, бұл – адамның іс-әрекетін оның басылым сөзін тұрмыста қолдануымен анықтайтын сауаттылық деңгейі .  
А.А. Леонтьев өзінің бір еңбегінде функционалдық сауаттылыққа өте орынды және терең түсінік берді: «Егер формалды сауаттылық – оқу техникасының дағдылары мен біліктерін меңгеру болса, функционалдық сауаттылық – адамның осы дағдыларды нақты мәтіннен түсіну, қысқарту, тасымалдауға қажет ақпаратты алуда еркін қолдану қабілеті» .

Қ.А. Байтажикованың пікірінше, білім беру қоғамның экономикалық, әлеуметтік және рухани прогресінің факторы ретінде мемлекеттің жалпы тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Білім берудің бұл миссиясын жүзеге асырудың басты шарттарының бірі өмір сүру сапасына жаңа қатынасты дамытуды көздейтін сауаттылық түсінігінің ауқымын кеңейту болып табылады. Бірқатар дүниежүзілік ұйымдар (ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ және т.б.) сауаттылық түсінігінің жаңа мәнін ой елегінен өткізе отырып, оны «өмірлік дағдылар» түсінігімен байланыстырады. Жалпыға мәлім «Дакар әрекет ету шеңберінде» жалпыға білім берудің (ЖББ) алты мақсаты анықталған, бұл адамның бүкіл өмір бойы қоғамның әр мүшесінің бәсекеге қабілеттілігін және өмір сүру қабілетін қамтамасыз ететін сауаттылықтың мәнділігін дәлелдейді.

Оқушылардың пәндік білімдеріне, ептіліктеріне және дағдыларына (БЕД) сүйене отырып, оқу пәндері арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту үдерісі ойлау дағдыларын қалыптастыру негізінде жүзеге асады (1-сурет). Ойлау дағдыларын қалыптастыру және дамыту құралдарына тапсырма түрінде берілген пәндік БЕД жатады, ал ұйымдастыру формасына – проблемалық жағдайлар жатады. Осыған байланысты, ойлау дағдыларының өзі БЕД-тердің құзыреттілікке көшуінің құралы ретінде қызмет атқарады, яғни олардың функционалдық сауаттылығы.

 

 

1-сурет ‒ Функционалдық сауаттылық мазмұны

 

А.К. Рауандина «функционалдық сауаттылық» ұғымына қатысты жүргізілген зерттеулер бүгінгі күні отандық және әлемдік ғалымдардың еңбектерінде «функционалдық сауатгылық» ұғымын қолдануда бірізділік жоқ екенін көрсетті деп санайды.

Білім берудегі сауаттылық мәселесі, біріншіден, нақты бір елдегі халықтың әлеуметтік жағдайына, екіншіден, мемлекеттің экономикалық дамуына, үшіншіден, елдегі мәдени ахуалға тәуелді болатындығы айқын. Бүгінгі өркениеттің даму деңгейі білімділік пен сауаттылық ұғымдарының мазмұны мен оны түсінудің сара жолдарын іздестіруді қажет етіп отыр. Ғылыми еңбектерде сауаттылық ұғымының белгілі бір деңгейде ана тілінің грамматикалық нормаларына сай оқу, дұрыс жаза алу дағдыларын игеру екені байқалады. Әйтсе де адамның өмір сүруіне қажетті деп танылып, меңгеруге ұсынылған бастауыш мектеп деңгейіндегі белгілі бір білім, білік пен дағдылардың жиынтығы (оқу, жазу, санау, сурет салу және т.б.) ретіндегі тілдік сауаттылық қазіргі кездегі әлеуметтік сұраным талаптарымен сәйкес келе бермейді.

Ғалым мектептік білім беру жүйесін жаңа уақыт талабына орай өзіміздің ұлттық болмысымызға, негізге алынған ұстанымдарымызға сай жетілдіру үшін «Нәтижеге бағдарланған білім» моделін ұсынады [9]. Мектеп түлектерін өмірде болып жатқан өзгерістерге дайындау және білім беруді заман ағымына сай өзгерту мақсатында оқытудың түпкі нәтижесі ретінде оқушылардың игерген құзыреттіліктері алынған (2-сурет).

 



 


 

 

 

 

2-сурет ‒ Функционалдық сауаттылықтың сипаттамалық белгілері

 

Р.Н. Бунеев айтқандай, оқытудың соңғы нәтижесі – «өмір бойы алған білім, білік және дағдыларының барлығын адамның іс-әрекеті, қарым-қатынасы және әлеуметтік қатынастарының түрлі шеңберінде өмірлік міндеттердің барынша кең өрісін шешуде қолдануға қабілетті» тұлға – «функционалды сауатты тұлға тәрбиелеу» болуы тиіс.

Мұндай түсіндіруде функционалдық сауаттылық тек негізгі құзыреттіліктің синониміне ғана емес, өзінше «жарқын болашақтың кезекті құрылысшысы кодексіне» айналғанын байқау қиын емес. «Функционалдық сауаттылыққа» бағдарлану кәдімгі практикалық жағдаяттарда оқушыларда қарапайым іс-әрекеттерді орындау білігін (несие төлеуде пайыздарды есептеу, өз өмірбаянын жазу, топта ағылшын тілінде келіссөздер жүргізу, өзі және отбасы үшін салауатты өмір салтын ұйымдастыру, қандай да бір саяси жағдайларды дұрыс бағалау және т.б.) қалыптастыру білім беру процесінің шамадан тыс бағытталуына алып келуі мүмкін, яғни мектептегі білім беру мақсатын принципті түрде тым қарапайым етуі және интеллектуалды дамыған тұлға қалыптасуына кедергі келтіруі мүмкін.

Информация о работе Функционалдық сауаттылықтың сипаттамалық белгілері