XIX ғасыр қазақ әдебиетіндегі арнау өлеңдердің әдеби сипаты

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 30 Ноября 2013 в 11:34, курсовая работа

Краткое описание

Тақырыптың өзектілігі. Академик С. Қирабаев: «Біздің әдебиетіміз − өмір бойы тәуелсіздікті, бостандықты, бірлікті жырлаған әдебиет. Көшпелі тұрмыс жағдайының тұрақсыздығы, көрші халықтардың бізге қарап үнемі отаршыл саясат ұстануы, ішкі рушыл алауыздық біздің ақын-жыршыларымызды осы тақырыпты үзбей жырлауға мәжбүр етті. Халқымызбен бірге әдебиетіміз де осы үшін, бостандықты жырлағаны үшін, отаршылдықтан азат болуды армандағаны үшін таяқ жеді.

Содержание

Кіріспе.............................................................................................................3
I тарау .Арнау өлеңдердің жалпы сипаты
1.1 Арнау – тілек өлеңдерінің шығу тарихы, сипаты........................................5
1.2 Арнау өлең жазу дәстүрінің әдебиетімізде алатын орны...........................8
1.3 Арнау өлеңдердің жанрлық сипаты..............................................................12
1.4 Арнау өлеңдердің түрлері..............................................................................16
II тарау. XIX ғ ақындарының арнау өлеңдерінің әдеби сипаты
2.1 Махамбет, Шернияз ақындарының арнау өлеңдері ....................................17
2.2 Сегіз серінің арнау өлеңдерінің жалпы сипаты...........................................27
2.3 Дулат, Сүйінбай ақындарының би- болыстарға арнаған өлеңдері...........33
Қорытынды..........................................................................................................40
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі........................................................................42

Прикрепленные файлы: 1 файл

курсовой ЖАДРА - копия (2).docx

— 95.96 Кб (Скачать документ)

P.S Қазақ ежелден сөздің  жүйесіне жығылып, киесіне сенген  халық. Етіне түскен тән жарасын  ауырсынбаса да, сүйектен өтетін  сөз сойылын өлімнен кем көрмеген  көрегенді ел. Сондықтан да «жардан  ассақ та, талдан аспай» өнегелі,  тәлімді жыр жазуға бойымызды  үйретсек, әрине жүректі жарып  шыққан шын шабыттың туындысындай  арнау жырларды да қол соғып  құп алар едік.

Арнау жырлары, өзінің атауынан белгілі болып тұрғандай, шығарманың белгілі бір объектіге бағытталып шығарылуы. Бұл арнау жырын анықтауда  басты критерия болғанымен арнау  мұнымен қатар арнау жырларының өзіндік құрылысы, өлең өлшемдері  объектіні қамту ерекшелігі болатынын  ешкім жоққа шығара алмайды. Арнау  жырларының шығу тегі мадақ жырларымен тығыз байланысты болғанын бұл жанрды арнайы зерттеген орыс ғалымдары  да баса айтады. Адамзат тарихында  қоғамдық құбылыстардың белгілі  бір зандылыклен іске асатынын ескерсек, қазақ халқының мадақ жырлары  мен ежелгі рим, грек. орыс одаларының түп төркіні де бір екенін көреміз. Мысалы, ежелгі қоғамда мадақ жырлары (ода) адам өміріндегі ерекше оқиғаларды, адам батырлығын, мінез ірілігін. табиғаттың ерекше құбылысын мақтауға арнаған. Ежелгі грек ақыны Пиндардың осы  тұрғыдан өлеңдері кейін көп халықтың лирикаларына арқау болуы да сондықтан  шығар. Ал бұл құбылыс ежелгі Римде  мемлекетті, оның басшысы Августы  мақтау түрінде көрініс берген. Бұл  құбылыс Орхон-Енесей жазуларындағы  Білге қаған, Күлтегін жырларындағы қағандықты, қағанды мақтаумен астарласып жатқандығы. 
Француз халқындағы ХҮІ ғасырларда ерекше көрініс тапқан одалар мен ХҮ ғасырдан бастап өзінің жаңа даму сатысына көтерілген жыраулар шығармаларындағы мақтаулар тікелей байланысты болмағанымен, генетикалык жағынан арнау өлеңдерінің әр елде өзіндік көрініс беруі екені даусыз. Мұндай мадақтау өлеңдері шығыс поэзиясында "қасыда" түрінде көрініс берді. "Касыда" дегеніміз - бірнеше бәйіт бір ұйқаспен жазылатын өлең түрі, мақтау жыры. Бұл өлең түрі кезінде Фердоуси, Науаи, Мактымқұлы, Низами және т.б. шығармаларында кеңінен қолданылды. 
Ерте дәуір әдебиеті мен одан кейінгі кез арнау өлендерін саралап қарастырсақ, арнау өлеңі өзінің құрамына мадақ жырларын да, аңсау түрінде жазылған өлеңдерді де, сатиралық тұрғыдағы шығармаларды да, ағартушылық тұрғыдағы ірі шығармаларды да қамтығанын байқаймыз. 
Ф.Брокгауза мен И.Ефрон құрастырған "Энциклопедиялық сөздікте" арнау жанры "философиялық толғаныстан бастап, сатиралық суреттеуге дейін" кең ұғымдағы мағынаға ие екенін айтады. Бұл арнау жанры өзінің таңдап алған тақырыбы, арнаған адамына. табиғатқа байланыстылығы жағынан сан алуан екендігін, оның әртүрлі түрлерінің көптігін көрсетеді. Бірақ бұл жерде "жанрдың ой түюі" деген мәселе ұмытылмауға тиіс. Егер олай жасамасақ кез-келген арнау сөзін арнау жанрының объектісі ретіңде қарауға тура келеді. "Жанрлық толғаныс" арнау жанрыньң тарихи-әдеби процесс кезінің әртүрлі сатысындағы жанр түріндегі көкейтестілігін көрсетеді.Арнау жанры бұрын-соңды әдебиеттану ғылымында негізінен дәстүрлі лкрика жанрының бір түрі ретінде қарастырылып келеді. Бірақ солай бола тұрса да ешкім арнау жанрының "философиялық-теориялық, дидактика-публицистикалық, махабаттық-достық-сатиралық" табиғатын жоққа шығармайды. Ал арнау жанрының табиғатының тақырыбының өзгеруіне негізгі себеп әлеуметтік жағдай екенін барлық зерттеушілер мойындайды. Бұл мойындау ерте кезден бүгінгі күнге дейін арнау жанры жеке объект ретінде сөз болғандығын көрсетед.Арнау жанрының табиғатын анықтауда А.Квятковский "монологтық поэзияның ежелгі жанры" деген пікір айтады. Бірақ бұл тұжырымд автор "Хат формасы" түрінде түсіндірмек болуы жанр жоғалады деген ұғымға алып келген. Арнау жырының монологтық түрде өріс алуы түркі халықтары, соның ішінде қазақ жыраулық поэзиясында ерекше дамығанын орыс зерттеушілері көрмейді, немесе көргісі келмейді. Бірақ солай бола тұрса да М.Гаспаровтың "моральдық-философиялық" немесе дидактикалық мазмұндағы арнауларды бөле қарастыруы түркі халықтары поэзиясы арқылы басқа халықтарға тараған арнау жанрын мойындау секілді. Сондай-ақ М.Гаспаров арнау жанрының осыған ұқсас баска жанрлармен ара қатынасын: "По мере ослабления формальных признаков грань между посланиями и родственными жанрами стирались", - деп түйіндейді. Бірақ арнау жанры туралы айтылған ойлардың бәрі - бұл дәстүрлі поэтикалық жанр екенін жоққа шығармайды.[4,101 бет]

    Қазақ фольклористикасы мен әдебиеттану ғылымына тән арнау жанрын оның мазмұнына қарай жүйелеу Г.Н.Поспеловтің пікірімен үндестік табуы қай халықтың болсын рухани дүниесін жүйелеу ұлттық ерекшелікпен қатар, көркем шығарманың табиғатының ортақтығына қарап та бағаланатынын көрсетеді. Ғалымның айтуынша "шығарманың жанрлық ұқсастығын оның мазмұнының аясынан іздеу керек" - дейді. Сондықтан да оның пайымдауынша, "белгілі бір тұлғаға шығарманың бағытталуы тек сыртқы белгі ғана" дейді. Г.Н.Поспелов: "Послание - это мотивировка лирической медитации, начинаюшейся с обращения к тому или иному лицу. Это обычно лишь внешний вид для высказывания, сам по себе еще ничего не говорящий о том, с чем и для чего поэт к кому-то обращается. Такой прием мотивировки может быть применен в разных жанрах - в оде, элегии, романсе, лирической сатире, эпиграмме и т.д.".Шындығында да, бір объектіге сөз, поэтикалық дүние арнау сөз өнерінде кеңінен қолданылатын әдіс, бірақ ол поэзияның басқа ішкі заңдылықтарымен қосыла келе ерекше жанрлық қасиетке ие болады. Белгілі нәрсеге, адамға поэзиялық шығарма арнау бұл жанрдың алғашқы белгісі болса, оның мазмұны, құрылымы, өлеңдегі интонаииялық-стильдік берілісі, өлең ұйқасы арнау жанрының қазақ поэзиясындағы "мен" деген орнын көрсетеді. Бірақ поэзиялық шығарманың кімге, неге арналуы арнау өлеңдерінің мағыналық және құрылым туғызарлық негізгі компонентіне айналады.Сондықтан да болар арнау жанры туралы орыс ғалымдарының кезінде әртүрлі пікір айтуы. Мысалы, Л.В.Чернец арнауды жанрға емес "лириканың бір тегіне" жатқызуы, Оның пікірінше, арнаудың басты белгісі "ритмдік-тармақтық композиция". Бірақ бұл тұжырым рубаи, газел, сонет және т.б. келсе де, қазақ өлеңіндегі арнауларға келе бермейді. Ғалым А.Сейдімбеков өз зерттеуінде төрт шумақтан тұратын қара өлеңдердегі арнау тақырыбы, мазмұны басты мағынаға ие емес екенін айтқан еді.[5,90 бет]

 

                                  1.3 Арнау өлеңдердің жанрлық сипаты

 
Арнаудың жанрлық ерекшелігін  анықтау мәселесі бүгінгі күні де фольклористер мен әдебиетшілер үшін оңайға түсіп отырған жоқ. Қазіргі кезде арнау өлеңдерінің жанрын анықтағанда негізгі белгі ретінде оның ежелден келе жатқан мінездемесі мен мотивіне, шығу тегіне көңіл аударылып жүр. Мұнымен қатар арнау өлендерін талдай отырып, оның әртүрлі жанрлық түрлері де бар екенін айтып жүр. Бірақ бұл ажырату да бір жақты. Себебі шығу тегі, пафостық, проблемаларына қарап жанрды ажыратсақ, зерттеушілеріміздің өздері қарастырып жүрген әр заманның өзіндік қозғаған мәселесін, әр кездің тудырған жанрларын бір жерге жинап, қарастыра алмас еді. Біз сөзіміздің басында арнаудың синкретикалық ерекшелігін, яғни өзінің даму кезеңінде өз бойына әртүрлі жанрлардын белгілерін жинақтайтынын айттық. Бұл арнау өлеңдері мен лириканың басқа түрлері арасындағы жікті ажыратуға қиындық тудырады. 
      Қазақ поэзиясында арнау өзінің өміршеңдігімен көрініп қана қоймай, әр кезеңде өзіндік бет-бедерімен ерекшеленген. Сондай-ақ әрбір кезеңде ол бейнелейтін эстетикалық нысаны өзгеріп, соған байланысты уакыттың көкейтесті мәселелерін көрсететін мағынада өзгеріске түсіп отырған. 
     Бұл айтылғандардың барлығы осы кезге дейін тарихи тұрғыда қалыптасқан әдебиет шығармалары арнау теориялық тұрғыда өз бағасын ешбір ел зерттеушілерінде ала алмағандығын көрсетеді. Арнау өлеңдерінің әдеби процестегі қызметі, оның басқа жанрлардан өзіндік ерекшелігі деген мәселе де әлі қарастырылған жоқ. Бұған екінші тағы бір себеп лириканың, соның ішінде халық лирикаларының да жанрлық ерекшелігіне теориялық тұжырым жасалмағандығынан ғой дейміз.Арнау өлендерінің жанрлық ерекшелігін ашуға көмектесетін әдістің бірі — оны тарихи-әдебиеттік негізде зерттеу. Бұл тұрғыда кезінде Б.Томашевский, Б.Эйхенбаум. Л.Гинзбург және т.б. істелген еңбектері көңіл аударарлық.Бұл ғалымдар арнаудың мазмұнымен қатар стильдік ерекшелігін, генетикалық байланысын, тұрмыстық тақырыптан келелі тақырыпқа көшу ерекшелігі секілді мәселелерге көңіл аударады. Бұл тұжырымдар кезінде жанрдың типологиясын зерттеуге эстетикалық тұрғыда мүмкіндік беріп, оның әдеби процестегі қызметін анықтайды. Бұл тұрғыда қазақ ғалымдары да теориялық тұрғыда еңбек етіп, А.Байтұрсынов, Қ.Жұмалиев. З.Қабдолов, З.Ахметов, М.Жолдасбеков (ежелгі әдебиетіміздегі), М.Мырзахметов, Қ.Мәдібаева (зар заманы дәуіріндегі), Т.Қожакеев (сатирадағы), Б.Әбілқасымов (толғаулардағы), С.Медеубеков (термедегі) арнау өлеңдерінің ерекшелігін ашты. Бұрын-соңды айтылған пікірлерді тиянақтай келе, арнау өлендерінің жанрлық ерекшелігі неде дегенге тоқталсақ, арнауға былайша анықтама беругеболады.[6,190бет] 
      Арнау - белгілі бір адресатқа (жеке, немесе жиынтық ұғымда) арналған. Ол өлең мәтінінің ішінде көрінетін, автордың белгілі бір тақырыпқа өзінің объектісімен сырласуы (философиялық, эстетикалық, қоғамдық-саяси, өмірлік шығармашылық тақырыптарға) түрінде пайда болған поэзия түріндегі шығарма. Арнау адресаты тақырыпта тура (эксплицитгі) немесе жанама (имплицитті) түрде берілуі мүмкін. Екінші жағдайда кімге бағытталуы шығарма мазмұнында шақыру, өтініш, сұрақ түрінде көрінеді. Бұл шығармаға диалогиялық рең беріп, автордың ішкі толғанысын шығарма арналған объектімен бөлісуіне мүмкіндік береді. Шығарманың кез-келген поэтикалық шартында бұл жанр автордың өмірінде пайда болған ой-толғанысын, басқа да мәселелерін поэзия түрінде жеткізуге мүмкіндік беріп, белгілі бір нысананы өнер туындысының объектісіне айналдырады. 
Арнау жанр ретінде адресатпен диалог құруға мүмкіндік беретін поэзия түрі ретінде айқындалады. Бүл оның өзі тектес жанрлардан өзгешелігін көрсететін типологиясы. Себебі басқа жанрлар да белгілі бір объектіге бағышталғанымен оның мақсаты басқа. Мысалы, оданың мақсаты - мақтау.                    Монологтың мақсаты - ой айту. Ал сатира мен эпиграмма негізінен күлкі ете отырып, объектімен диалогиялық қарым-қатынасқа түспейді. 
Арнау өлеңдерінің негізінде күні бұрын белгілі рөлге ие болған адресатпен диалог құру жатыр. Бұл жерде адресат дос, дұшпан, ел, жер, табиғат және т.б. болуы мүмкін. Адресеттың осындай әртүрлілігі авторға толғанысын, ажуасын, көңіл-күйінің басқа сәттерін жеткізуге мүмкіндік береді. Ал бұл дегеніміз - арнаудың толғау, терме, өлең, сатира және т.б. жанрларды өзінің икеміне қарай бұрып өзіндік жанр туғызу мүмкіндігі деген сөз. Сондықтан да қай жанр айтылмасын оның құрамында арнау ұғымының бірге жүруі. 
Арнаудың диалогиялық мүмкіндігі кең. Жырау, ақын өзінің поэтикалық ойын білдіруге жеке адаммен де, өз-өзімен де, жер, су, табиғат құбылыстарымен де, тарих кезеңімен де, қоғамдық өзгерістермен де кеңесе, сөйлесе алады. Сондықтан да қазақ суырып салма поэзиясындағы арнау өлеңдері өз кезеңіне байланысты өзгеріп отырған және замана сөзін айта білген. Осы тұрғыдан келгенде арнаудағы адресат жиынтық тұлға екенін де ұмытпағанымыз жөн. Ал бұл жиынтық тұлға арнау жанрын туғызушы компоненттің бірі болып саналады. Адресеттың әртүрлі моделі арнау жанрының әртүрлі түрлерін туғызады. 
Арнауда шығарманың тақырыбы ретінде көрінетін ситуациялық қарым-қатынас бар. Бұл тақырыптың нақты формасын көрсететін поэтикалық ойдың белгілі бір объектіге мақсатты түрде бағышталатындығының белгісі. Солай бола тұрса да арнауда эпикалық, драмалық шығармалар секілді қарым-қатынастың толық, мазмұны, ойды толық баяндау жоқ. Арнау монологтық ой толғанысы іспетті. Бірақ жәй монологтық ой емес, белгілі объектімен (оның нақты, абстрактылы болуына қарамастан) сырласу.Арнау — диалогтық ой айту. Бірақ ол толық біткен, толық формадағы диалог емес, соның детальдары. Бұл арнау жанрының кез-келген сәтте жауап алуға мүмкіндігі бар екенін де көрсетеді.Белгілі объектімен қарым-қатынасқа түсу шарты арнау жанрының негізгі белгісі ғана емес, жанрлық форманы тудырушы компоненті де. Ал бұл жанрдың құрылымын ұйымдастырушы поэтикалық киімін киіндіруші десе де болады. Арнаудың мазмұны үнемі адресатқа бағышталып, оның қабылдауына лайықталады. Бұл ретте М.М.Бахтиннің: "...всякое литературное слово более или менее остро ощушает своего слушателя и отрахает в себе его предвосхищаемые возражения", — дейді. Шындығында да, арнау өлеңдерінде тыңдаушыға шығарманы бағыштау өте күшті де нақты. Сондықтан да арнаудың құрылысында бірінші кезекте арнау тақырыбы, содан соң басқа белгілер көрінеді.Суырып салма поэзиясындағы арнауда айтылу интонациясы да аз қызмет атқармайды. Сондай-ақ арнаудағы сұрақ-жауап конструкциясы, императив, полемикалық-риторикалық фигуралар да жанрды құраушы компоненттер қатарына жатады. Бірақ арнаудағы диалогиялық бастама - арнау өлеңінің табиғатына терең сіңген белгі. Бұл өз кезегінде арнаудың стильдік ерекшелігін анықтайды. Тіпті, арнауда нақты адресат айтылмаса да арнау қуатты – диалогиялық мазмұнға ие болады да ол өз бойына тек автордың ой-толғанысын ғана емес, басқаның да ой-толғанысын жинайды. Бұл арнаудың семантикалық толық қандылығын көрсетеді. Сөз екі бағыттық мәнге ие болып, автордың өз созі және адресат сөзі ретінде көрінеді.

Арнау жанры - күрделі жанр. Сондықтан да оның ерекшелігін ашуға  түрлі-түрлі жағынан келіп талдау жасадық. Қазақ суырып салма поэзиясында  тіпті, Абай арнауларының өзі суырып салып шығарылғанын ескерсек, қазақ  әдебиетіндегі суырып салмалық поэзияда арнаудың өзіндік ерекшелігі бар. Бұл  ерекшеліктер қазақ ауыз әдебиетінде  айтыс, шешендік өнер, толғау, қара өлең және т.б. бірігіп халкымыздың мол  рухани дүниесін жанрлық түрлерін байыта түседі. Арнау өлеңнің хас шебері деп біз әдетте Тұманбай Молдағалиев ағамызды айтатын едік. Жақында Жүрсін Ерманов та «Арнадым саған» деген атпен арнау өлеңдерінің жеке кітабын шығарып, осы жанрды жаңа бір белеске шығарып тастағандай болды. Жалпы, бізде арнау өлеңдер мен сансыз мүшайраларда дүниеге келген жырлар әлі зерттелген емес, ғылыми, көркем сыннан өз бағасын алған жоқ. 
Қасым Аманжоловтың «Абдолла» поэмасын, Қадыр Мырза Әлінің «Данышпан» поэмасын, Төлеген Айбергеновтің «Маңғыстау мұнаралары», «Правда» газеті туралы ой» сияқты өлеңдерін, Мұқағали ақынның «Мавр», «Ильич», «Аппассионата», «Чили - шуағым менің» сияқты дастандарын, «Әбділдаға» сияқты өлеңдерін, Жарасқанның «Құлпытас» топтамасын, Несіпбектің қаһармандық дастандарын, Есенғалидың Мұхамед-Салық Бабажановқа арналған «Сары өзен» поэмасын, Ғалым Жайлыбайдың Жаяу Мұса өмірін жырға қосқан «Ақ сиса» поэмасын, Әбубәкір Қайранның «Хан Кене» поэмасын, Маралтайдың кейінгі туындысын арнау жанрына балап, поэзия емес деп ешкім де айта алмас. Вердидің «Аидасының» мәтіні де, әуені де тапсырыстан туған, Суэц каналының іске қосылуының салтанатына арналып жазылған. Нағыз дарын нені толғаса да жүрек домнасынан өткізіп жазады. Дей тұрсақ та, сенің сұрауыңның да жаны бар - арнау жанрында бір қайнауы кем түскен мысалдарды көбірек табуға болады. Альбомдық деңгей деген бар. Жұмекен Нәжімеденов ағамыздың: «Ұлы ақындар жазса да, «өлең-итің» нашар болып тууға ұялмайды» дегені сияқты. Ондайда Тайбурылдың да қырық күндік кемдігі білініп қалады...[7.88 ]

 

                                    1.4 Арнау өлеңдердің түрлері

 

     Арнау өлең — түркі халықтары поэзиясына тән жанр. Арнау өлең қазақ ауыз әдебиетінде, жазба әдебиетінде ерекше орын алған. Арнау өлеңді қазақ әдебиеттану ғылымында алғаш енгізіп, ішкі жанрлық түрге жіктеген А.Байтұрсынов: “Арнаудың өзі үш түрлі болады: жарлай арнау, сұрай арнау, зарлай арнау”. Арнау өлең іштей жанрлық түрге жіктелгенімен белгілі бір ортаға, қауымға, жеке адамға т.б. арналыбетп айтылатындықтан онда ортақ үндестік, бір жанрға тән ерекшелік айқын байқалады. Арнау өлеңнің жіктелуі негізінен тақырыптық сипатына, яғни кімге, қалай арналуына байланысты.

Жарлай арнау — көпшілікке, белгілі бір ортаға, қауымға немесе жеке адамға да қаратылып айтылады. Ы.Алтынсариннің “Бір аллаға сыйынып” атты өлеңі жарлай арнаудың үлгісі (“Бір аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық. Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық.”).

Сұрай арнау — көпшілікке, не жеке адамға арналып айтылады және жауап күтіледі. Сұрай арнауда  кейде жауап беріледі, кейде жауап  меңзеу арқылы сезіліп, білініп тұрады. “Не жазып ем, құдай-ау, мен қазаққа, Мұншама ғып салғандай бұл  азапқа? Адамшылық есебіне кірісіп, Қолы жетсін дегенім бе азатқа?!”, “Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным? Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым? Аштан өлген аталарың бар ма еді? Тамақ үшін сатқан иттер иманын” (А.Байтұрсынов). Арнау өлеңді іштей  жанрлық түрге жіктегенмен, олардың  үндесіп кететін сәттері жиі  кездеседі. Жоғарыдағы Арнау өлеңді сұрай арнауға жатқызғанымызбен, онда зарлай арнаудың да сарыны аңғарылады.

Зарлай арнау — Арнау  өлеңнің ең көне түрі. Мұнда халық  басына түскен қиын кезең, немесе жеке адамның басына түскен қиындық, тағдыр тәлкегінің азабы ерекше ашылып көрсетіледі. Қазақ ауыз әдебиетінде “Ақтабан шұбырынды”, “Қыз Жібек” т.б. жырлардағы зарлай арнау Арнау өлеңнің бұл  түрінің ерте дәуірде пайда болғанын айғақтайды. Қазақтың жазба әдебиетінде  де зарлай арнау ерекше орын алады: “Сауықшыл есіл елім-ай! Сарыарқа қайран жерім-ай! Күмістей таза суы бар, Айдын  шалқар көлім-ай!” (М.Жұмабаев). Арнау  өлеңнің сарай ақындарының мәнеріне тән құрғақ мақтау түріндегілері  де кездеседі. Мұндай Арнау өлеңдер  көркемдік қуаты, ой-толғамы жағынан  кем соғып жатады. Абай Арнау өлеңді жаңа сатыға көтеріп, мазмұн және түр  жағынан байытты. Абайдың “Кешегі  Оспан ағасы”, “Жайнаған туың жығылмай”, “Сорлы Көкбай жылайды”, “Бұралып тұрып”, т.б. отыздан астам Арнау өлеңі  әлеум. мәселелерді, жеке адамның бейнесін, мінез-құлқын әр қырынан ашып көрсеткен  көркем туындылар.[8, 132 бет]

 

        II тарау. XIX ғ ақындарының арнау өлеңдерінің әдеби сипаты

 

                 2.1 Махамбет, Шернияз ақындарының арнау өлеңдері

 

   Жалпы Махамбеттің  шығармалары көтеріліске қатысты  туғанмен, екі жақтың бітіспес  өшпенділігін паш етуге арналған  дүниелер ғана емес.Әміршіге қарата  сөз айту – қазақ поэзиясында   ежелден келе жатқан дәстүр.Асанқайғының  Жәнібек ханға, Шалкиіздің Би  Темірге, Жиембеттің Есім ханға  ,Бұқардың Абылай ханғағ Сүйінбайдың Тезек төреге айтқандары  қазақ қоғамында «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ»  деген қағиданың ертеден орнығып, сөз бостандығы мен ой азаттығы  әрқашан іс жүзінде болғанын айғақтайды.Рас, бұрынғы жыраулар  осы қағиданы негізге ала отырып , әміршіге деген өзінің оппозициялық  ойын  айтумен ғана шектелен.Ал Махамбет тек айтып қана қоймай, ашық күреске шығады,өйткені ол әділетсіздікке  төзе алмайды.Оны қарулы қарсылыққа  шығарып отырған нәрсе – тек қана  бұл емес-ті.Көтеріліс жасаудың  қоғамдық – саяси сәті түскенін  айту керек.Егер Асан қайғы мен Бұқар жыраулар  қазақ елінің  жеке мемлекет болып тұрған кезінде өмір сүріп, хандықтың мықты болуын  көздеп, эстетикалық  идеяны қолдағандықтан әміршімен  ашық күреске  шыға алмаса , Махамбет заманында  жағдай мүлде басқаша еді.Қазақ халқы біртұтас мемлекеттен айырылып, Ресейге  бодан болған шақтағы ханның  рөлі-вассалдық қана болатын.Ол Ресей патшасының бұйрығымен тағайындалып, қазақ жерінде Ресейдің мүддесін , оның саясатын  жүзеге асыруға міндетті  еді.Мұндай жағдайда қазақтың өз мемлекетін  сақтау, күшейту  керек деген  идея мен көзқарас  қазақ қоғамында болған жоқ.Сондықтан қоғамда  ханға күрес-қазақ мемлекеттігіне қарсы деп  қабылданбайтын  түсінік деп қалыптасты.Керісінше , ханмен күрес- елдің азаттығы мен  әділеттік үшін күрес деп ұғынылады.Міне, осындай жағдайда  Исатай мен Махамбет бастаған  көтерілістің бұрқ етілуі – таңғаларлық  нәрсе емес. Исатай мен ханның арасындағы араздық ескіден келе жатқанын да және хан Исатайды өзіне қаратып алуды зор мақсат етіп, өзінше, оған әртүрлі «жағдай» туғызғандығын да Ығылман ақынның поэмасынан анық байқаймыз. [9,156 бет]

1837жылы Исатай, Махамбеттер  үш мыңдай қарулы қолмен келіп,  хан ордасын қамағанда,Жәңгірдің  әйелі Фатима ханым ханға:

Бұрыннан тақсыр таппадың,

Бір мінезден саппадың,

Бөріні көрсе беттемес,

Қораңа көпек сақтадың.

Пайданы сонан көрем деп,

Көптен бері баптадың.

Көпектен көрдің не пайда,

Жамандыққы шалдырмас,

Бір сырттанды бақпадың:

Исатай ердің сырттаны

Күндердің күні болғанда,

Көпектің елін сол ертіп,

Көрдің бе, міне, шапқанын? -

дейді.

Бірақ мұнда мәселенің  бір жағы, яғни ханның Исатайды әуелден-ақ жаратпайтыны ғана аңғарылады. Ал ханымға  мәлім емес,Исатайды өз қолына қондыру  жөніндегі Жәңгірдің екіжүзділікке негізделген зұлымдық саясаттары ханның өз сөзінен көрінеді. Фатимаға берген жауабында Жәңгір:

«Исатайды қадірлеп,

Еркіне қойып, бақсам да,

Жақпадым, сірә, соған-ақ,

Өзгені билеп алған  соң,

Өзіме тиді жағалап, -

дейді.

Хан Исатайды «қадірлеп» те, «еркіне қойып»та көрген. Бірақ оны  өзінің дегеніне көндіре алмаған. Әрине, олай болуы мүмкін емес еді. Өйткені  Исатайдың өз баласына не Махамбетке жағдай туғызғанмен де,жалпы халық хан, сұлтан, би-шонжарлардың қанауында болды. Сондықтан да олар келісімге келе алмады. Соңына ерген қара халық үстем таптың езілуінде отырғанда,халықтың өз ішінен шыққан адал ұлдары езілуші елді тастап, жау жағына шығып кетуді өліммен тең көреді, ақырғы демдері біткенге шейін екеуі де халық туын жоғары көтеріп, ел ары, жұрт намысының жыртысын жыртты. Олардың ел аузында дәріптелуінің де, еңбекші халықтың алдында беделі үлкен болуының да негізгі себептері - осы өз бастары емес, көпшілік үшін күрескендерінде. Сондықтан да халық оларды тереңнен сүйіп,кезінде өнеге, келешек ұрпақтар үшін үлгі етті. [10,90 бет]

      Махамбет ханмен сұлтандардың зұлымдық істері мен жауыздықтарын әшкерлей білген патриот, реалист ақын.

Өйткені ол тек шындықты сүйеді. Ақын Орда маңында болған кезінде  Жәңгір ханға жауыздығын бетке айтады.

Хан емессің, Қасқырсың,

Қас албасты басқырсың,

Достарың келіп  табалап,

Дұшпаның сені басқа  ұрсын!

Хан емессің, ылаңсың,

Қара шұбар жылансың.

Хан емессің, аярсың,

Айыр құйрық шаянсың!

 

   Бұл өлеңінде ақын  «Хан емессің» деп елді қасқырдай  талағанын бетіне әшкерлей айтып,  патриоттық танытады. Тағы бір  ашынған сәтте Махамбет:

Он екі төбет, шұнақ  хан,

Шабатының ел екен,

Күндейтінің мен екен,

Хан ұлына қас болу,[11, 202 бет]

Махамбеттің әш-кереленген жауларының бірі – Жайықтың сол  жағалауын билеуші, Баймағанбет  сұлтан еді. Көтерілісшілер жеңіліп, ақын жалғыз қалған соң, оның соңына Баймағанбет  сұлтанның қол астына қарайтын қазіргі  Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын паналайды. Сұлтанның аңдуына түсетін  кезі – осы тұс. Бірде Махамбет Баймағанбетпен бетпе-бет кездесіп қалады. Ақынның «Махамбеттің Баймағанбет  сұлтанға айтқаны» дейтін өлеңі осы  кезде туған.

Информация о работе XIX ғасыр қазақ әдебиетіндегі арнау өлеңдердің әдеби сипаты