Бейімбет Майлиннің сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикасы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Сентября 2014 в 16:19, дипломная работа

Краткое описание

Диплом жұмысының өзектілігі. Тума талант Бейімбет Майлиннің есімі кемелденген ұлттық әдебиетіміздің парақтарына алтын әріппен жазылды. Ол сол әдебиеттің ірге тасын қаласып, мазмұн-маңызын, көркемдік дәрежесін биікке көтерісті. Аласапыран заманның, соқтықпалы кезеңнің кедір-бұдырлы, соқпақсыз жолымен жүріп, туған әдебиетінің бар ауыртпалығын көтірісті, қаламгерлігін асқан іскерлікпен абыройлы атқарды. Ондағы ойы - қараңғылық, бақытсыздық күй кешкен, еңсесі езілген халқының озат ел санатына қосылуына, көкірек-көзін оятуға, өнер-біліммен сусындауына, сөйтіп бақытты, еркін өмір сүретін күнге жеткізуге, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қаламымен өз көмек-жәрдемін беру. Аңсаған арман, өмір нысанасы - осы.

Содержание

КІРІСПЕ...........................................................................................................

1 ЖАЗУШЫ СЫНШЫЛДЫҒЫНЫҢ БАСТАУЫ, ӨРІС АЛУЫ ЖӘНЕ ЖАНРЛЫҚ АУҚЫМЫ

2 БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ: ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ ПРОБЛЕМА

3 Б.МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...............................................

Прикрепленные файлы: 1 файл

беймбет кыскар.docx

— 314.58 Кб (Скачать документ)

Б.Майлиннің ғұмыры мен творчествосының қыр-сыры түгел ашылды, айтылды, енді зерттейтін, талдайтын ештеңе қалған жоқ десек, қателесеміз. Сондай істің бірі Б.Майлин туындыларындағы сыншылдық, сатиралық бет-бағдары, сынға алынған объектілері мен қоғамдағы аяққа оралғы болып, елдің көксеген арманына жетуіне қырсық-қыңырлығын тигізген кертартпа кеселдерді мінеп-шенеуі болса керек. Ал ол қоғамдық шындықты публицистикалық туындыларында да өзі көргеніндей, сол күйінде көрсетіп, сол дәуір табиғатын әсірелемей, реалистік тұрғыдан танытуға шебер машықтанды. «Майлин - реалист,- дейді академик З.Қабдолов. - Оның поэзия, проза, драматургия салаларының қай-қайсысында жазған шығармаларын алып қарасақ та, тұнып тұрған шындық, ақиқаттан ауып басқан бір де бір адымы болған емес» [1, 96 б.]. Ал академик С.Қирабаев «Өмірде жұпынылықты сүйетін ол жазуда да әсірелеушілікке бармай, қарапайым шындықты қаз-қалпында суреттеуге шебер еді» [2, 12 б.] - деп жазды.

Сол ойын шегелей түсіп С.Қирабаев кейінгі кезде мынадай түйін жасайды: «Бейімбет шындықты боямай, жаңаның бәріне бас шұлғи бермей, реалист жазушы есебінде өмірде орын алған ұнамсыз құбылыстарды, халық үмітін алдауға құрылған шындықтың көлеңкелі жақтарын өз шығармашылығында үнемі ашып көрсетіп отырды» [3]. Осы тектес нығырлап, баса айтылған ой-пікірді басқа да зерттеуші ғалымдардан кездестіреміз. Олардың сондай тұжырымы негізінен көркем шығармаларына орай айтылған. Біз Б.Майлиннің реалистігіне, шынайы сыншылдығына, ақиқаттан аттамай жазғандығына публицистикасына зер салып, ой таразысынан, зерде елегінен өткізгенде де көз жеткіздік.

Социалистік реализм бағытымен, осы әдістің үлгісімен мол мұра жазған Б.Майлин өз кезіндегі қоғамдық құрылысты, тәртіпті бір жақты, тек оның жақсы нышандарын көрсетіп қоймай, зиянды ескіні, жаңаның ұнамсыз, халыққа пайдасыз жақтарын да күйрете сынады. Б.Майлин, қандай бір туынды жазбасын, ұстанған бағыт, жүгінген ағым - негізінен осы социалистік реализм. Бұл бағытты кейбір нысана еткендер құрылып жатқан социалистік қоғамның тек тәуір жақтарын көрсету деп білді. Ал Б.Майлин оны өзінше пайдаланды, біржақтылыққа ұрынбады. Кеңес өкіметін жақтамай, қарсы келген декаденттік, имаженизм, символизм, футуризм, натурализм сияқты ағымдарға да ауытқымады. Романтизмге де бой алдырмады. Ол халық аңсаған бостандық идеясына социалистік төңкеріс жеткізді деп үміт артқанын жоққа шығара алмаймыз. Әділдік болады деп сеніммен қарады ол. Сондықтан қылт еткен тәуір істі жазбауына болмайтын еді. Өзі өмір сүрген дәуірдің көлеңкелі жақтарын да, әділсіздік кездерін де, биліктегі адамдардың бұрмалаушылықтарын да, тіземен басып, тақымға қысып жасаған әкімшілігін де, солақай содырлығын да аша жазып, батыл сынады. Өз заманының толып жатқан мерездерінің соңтасын шығарған Б.Майлин сыншыл реализмге де жақын тұрды. Бір кезде Ә.Қоңыратбаевтың «Прозада ол сыншыл  реализм  мен социалистік реализм дәстүрін терең жалғай білген», [4] - деуі де сондықтан. Ал Т.Ахтанов «Ол сыншыл реализмнің соңғы биігі - Чехов арнасына түсті» [5, 165 б.]  - деді. Осы түйіндерде мол шындық бар.

Б.Майлиннің өмірі мен қаламгерлік өнерін неғұрлым толық қамтып, пайымды ой-пікір қорытқан көрнекті ғалым Т.Нұртазин жазушы публицистикасының фельетон,   очерк,   мақалалардан құралатынына назар аудартқан болатын. Ол «Бейімбет Майлин творчествосы» атты монографиясында бұл мәселеге жеке тарау арнап, ең алғаш қаламгер шығармашылығының бұл саласын зерттеуге жол сілтеді. Тарау толық, жан-жақты зерттеуге жатпайды, мұнда Бейімбеттің сол жанрларда жазғандарына шолу жасалып, ой саларлық бағыт көрсетілген. Басқа зерттеушілердің жүйелі шұғылдануына, Бейімбет публицистикасының табиғатын, мазмұн-мәнін кеңінен ашып көрсетуіне бағдар болды.

Өз еңбегінде Т.Нұртазин, аз да болса, Бейімбеттің фельетоншылдығын баса әңгімеледі. «Жазушының саны көп, көлемі мол фельетондары әдебиетімізге сатира жанрының туып қалыптасуында басты қызмет атқарады» [6, 43 б.] - деген тұжырымын Т.Нұртазин «Қаламгер жүзге тарта фельетон жариялап, әзіл-күлкілік, сатиралық әдебиетіміздің іргесін қалады, бұл салада жаңадан жол тартты, соны дәстүр құрады», [6, 308 б.] - деп тиянақтаған. Сондай-ақ ол «очерк жанрының туу, қалыптасу, дамуында Б.Майлиннің рөлі ерекше» болғандығын, оның «мақалалары да әдебиетімізге елеулі қазына болып қосылғандығын» [6, 310 б.] атап айтты. Бірақ, Бейімбет публицистикасындағы сыншылдық жақтарды толығырақ талдап беруге Т.Нұртазин барған жоқ.

Б.Майлиннің фельетондары мен очерктеріне көбірек үңіліп,   тереңірек  зерттеген адам - қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы аса білгір, белді ғалым, профессор Т.Қожакеев. Ол «Қазіргі қазақ сатирасы мен юморы» (1966), «Сатира және өмір» (1976), «Сатира - күштілер қаруы» (1985), «Көк сеңгірлер» (1992) кітаптарын және басқа бірнеше мақалаларын жазып, Бейімбет фельетондарының тақырыптық, мазмұндық және мақсаттық табиғатын танытуға елеулі еңбек сіңірген, сатирасының ерекшеліктерін біршама жіктеп берген. Бейімбеттің нағыз фельетоншы екендігін жеткізе дәлелдеу үшін ол сатира мен юмор элементтері бар көптеген өлеңдерін, әңгімелерін, фельетондарын негізге алды. Кейінгі жарияланымдарында өзі тауып, қолына түсірген Бейімбет туындыларын талдап, таразылап, түйген ой-пікірін толықтырып отырды. Сондай-ақ, Т.Қожакеев қаламгердің очерктері туралы талдау жасап, өмірге келіп жатқан жаңаны қызыға жазғандығына назар аударды.

Ғалымдар Б.Наурызбаев «Бейімбет Майлиннің прозасы» (1967), «Дәуір суреткері» (1969), С.Ордалиев «Сөз зергері» (1982), «Бейімбет Майлин творчествосы» (1990) деген еңбектерінде қаламгердің фельетон және очерк жазғандығын мойындап, жекелеген фельетоны мен очеркіне тоқталады. Сыншы Б.Сарбалаев «Бейімбет Майлин» (1988) атты кітабында жазушы шығармашылығын тұтас қарап талдайды, басқа зерттеушілер байқамай, қалтарыста байқалмай келген қырларын көрсетуге талпынады, Бейімбеттің «Ойлы сыншы, очеркші, оқшау фельетоншы» екендігіне, «осы саладағы мол мұрасын іздеп табу, жариялау, кең талдап түсіну, зерттеп тану, күнделікті әдебиет, оқырман кәдесіне асыру» міндеті тұрғанына назар аударады. Белгілі әдебиетші және очерк жанрының білгір зерттеушісі Т.Ыдырысовтың «Очерк туралы ойлар» деген еңбегінде (1969) Б.Майлин очерктерінде кеңестік дәуірдің бастапқы кезіндегі еңбек дүбірі, тыныс-тіршіліктің жаңа көрінген, жаңа деп есептелінген нышандарының қалай көрініс тапқаны талданған. 1995 жылы «Бейімбет Майлиннің журналистік шығармашылығы» тақырыбы бойынша қандидаттық диссертация қорғаған С.Байменшин жазушының бұрын зерттелінбей келген, ғылыми айналымға түспеген белгісіз кейбір туындыларын талдауында біршама фельетон, очерк, мақалаларына жекелей тоқтаған.

Сыншы Б.Сарбалаев «көрнекті қайреткер, ірі қаламгерлердің бір заты, жарты ауыз сөзі табылып жатса, оның өзі де үлкен игілік екені даусыз,» [7, 69 б.]-дейді. Осы тұрғыдан келсек, С. Ордалиевтің «Қызыл жалау», «Ел сыры», С.Байменшиннің «Тұңғыш құрбан» жинақтарын құрастырып шығаруы, - сөз жоқ, игілікті іс. Бұл кітаптарда Бейімбет Майлиннің көбіне фельетондары қамтылған. Кейбір әңгімелері, очерктері мен мақалалары енгізілген. Фельетондары біршама басы құралып жарық көргенмен, толық жинақ болып шықпай келеді. Очерктері де сондай күйде. Кезінде Т.Нұртазин «Қазір біздің қолымызда елуден астам мақаласы бар» [6, 308 б.] - деп жазған еді. Б.Майлин шығармаларының негізінде алты қандидаттық (Б.Наурызбаев «Бейімбет Майлин творчествосындағы эпостық жанрдың шағын түрлері, 1963», X.Кәрімов «Бейімбет Майлин әңгімелерінің тілі, 1965», Р.Рүстембекова «Бейімбет Майлиннің драматургиясы, 1965»,  М.Әлханов «Бейімбет Майлин прозасындағы жағымды герой бейнесі, 1966», Ф.Оразаев «Бейімбет Майлиннің стилі, 1970», С.Байменшин «Бейімбет Майлиннің журналистік шығармашылығы, 1995», бір докторлық диссертация қорғалды.

Қай адамның болса да өмірдегі нәрсенің бәріне сынай қарайтынын рас деп білсек, ол қалай да кем-кетікті, келеңсіздікті, оғаштықты, жарамсыздықты, қажетсіздікті көрмей тұра алмаса керек. Алайда, оларға әр қалай баға беріп, түрлі ой-пікір түйіп, бірі немқұрайды, сүлесоқ, мән бермей қарауы мүмкін, енді бірі ашу-ызаға бұлығып, бет-жүзің демей айтып тастап, әшкере етіп, масқара жасауы сөзсіз. Әрине, ар-ұяты бар, намысқа жүгінген, кемшілікпен келіскісі келмейтін жан-дүниесі, бүтін болмысы таза адам өткір сын айтып, өтімді сөзімен әшкерелемеуі мүмкін емес.

Мұндай қасиеттер адамға туа   бітеді   десек,   шындыққа жата  қоймас,   дегенмен генетикалық тегінде бір негіз болуы ықтимал. Одан кейінгі жерде отбасында, өскен ортасында, қызмет істеген жерлерінде, алған білім-тәрбиеде адам санасына сіңген, сезіміне әсер еткен жайлардан қалыптасуы мүмкін.

Осындай ой жетегінде отырып, Б.Майлиннің текті жерден шыққанын, өмір қыспағын көріп, әжесінің мейірімді тәрбиесіне арқа сүйеп, ағаларының адамгершілік жанашырлығын сезінгенін еске түсіруге тура келеді. Бала кезінен ащы мен тәттінің, жаман мен жақсының ара салмағын сезініп өскен ол нені жек көріп, неден бойын аулақ ұстайтынын, нені жақтап мақтайтынын айыра білген. Сондықтан айналасындағының бәрін тек жақсы деп қабылдай бермей, жас кезінен сын көзбен қараған. Керек жерінде әжуалап сынап әшкере еткен.

«Қырық құрау жұлдыздай тесік, қиқайған қара үйде тұрған», «егін салып, шөп шауып, мал соңында салпақтаған Мырқымбайдың бір» - Б.Майлин әжесі Бойдастың кешкі ұйқыға кетерде: «Өмірімде көргенім - күңдік, құлдық, Бұл жалғанда бар ма екен біздей мұңдық?» - деп айтатын өлеңіндегі налу, шер шығару сезімін сан естіген.   Осы өлең құлағына келген сайын жас жүрегін   тілгілеп, жан-жүрегін   сан   толқытқан  шығар.   Ал екі шумақтың өзінде құлдық,   күңдік өмірге наразылық, керек десеңіз, оны   сынау аңғарылмай ма? Бейімбеттегі өмірге сынай қарайтын көзқарастың бастауы осында жатса керек.

Сондай-ақ бала кезінде көрген Көмек деген ақынның әсері де ізсіз қалмаған. «Біреуді жамандауға, мақтауға, күлкі қылып өлең шығаруға бұл кісі өте шебер болған» [8] деп Бейімбеттің өзі ризалықпен есіне алған Көмек өткір тілді, кемшілікті жасқанбай бетке айтқан ақын болыпты. Ол «Жаппас» дейтін нағашы еліндегі бір айтысқа түскен адамды тәлкек етіп:

Әкеңнің құны бар ма арбасқандай?

Итерсем, тұра қалып жармасқандай?

Құрбыңнан кем туғызған құдайдан көр,

Ортасын мұрыныңның мен басқандай?! [8] -  деп өлең шығарған. Осыны Б.Майлин ұмытпай 1931 жылы «Мен қалай жаздым?» деген мақаласында келтіреді. Көмектің өткір, уытты осы секілді әжуалаулары да сезімтал Бейімбетке әсер етпей қалған жоқ.

Сол себептен Б.Майлин де сын айтуға ерте түсіп, алғаш Әржікей дейтін ақынсымақты тәлкек етіп, әшкере жасайды. «Біздің елде Әржікей дейтін өлеңші болды. Барлық кәсібі - байларды мақтап өлең шығару, байлардан ат міну, шапан кию еді. Осы Әржікейді тәлкек қылып, мысқылдап өлең жаздым. Бұл өлеңімді сол кездегі «өлең жаттаушылардың» бірсыпырасы жаттап алып айтып жүрді.   Бұл - 1910 жылдардың шамасы еді» [8] - деп жазды Бейімбет. Жасында қатар өскен, Арғынбай қажы медресесінде, одан соң «Ғалия» медресесінде бірге оқыған, Бейімбет «Ауыл» газетіне тілшілікке тартқан, кейін республикаға белгілі журналист болып шыққан Нұршатай Рахымбаевтың айтуынша, Әржікей Дамбар болысының 6-ауылында тұрыпты, ол «ауыздыға сөз бермеген сол заманның мақтаұлы ақыны, әрі молдасы» болыпты. Бейімбет оны әжуалап тек өлең шығара салмаған, Әржікеймен айтысқа түскен. Н.Рахымбаев айтыс 1912 жылы өткенін мәлімдейді. Соны өзі көрген сыңайлы, сондықтан ол «Әржікейдің ақша алып, неке қиятынын, қызды малға, шалға сататынын, молдалардың педияға таласатынын, шариғаттың шатпағын түгелдей айтып Бейімбет оны қатты сынады. Ақырында Әржікей өзінің жеңілгендігін мойындады» [9] - деп жазды.  Ол өлеңі еш жерде жарияланбағандықтан беймәлім қалды. Дегенмен көрген келеңсіздіктерді сынау, әжуалауға барар жолдағы алғашқы қадам бұл. Осыдан, басына таяқ та тиді. Арғынбай қажы да өз даңқын шығарып жүрген Әржікейді жақын тартып, сыйын беріп отыратын. «Сыйға - сый, сыраға – бал» демекші, Әржікей қажыны жер-көкке сыйғызбай мақтап жүретін. Міне, соны әшкере жасаған Бейімбетті қажы жақтыра қоймайды. Т.Нұртазиннің айтуынша, қажы Бейімбетті «екі жылдык оқудың бітуіне екі ай қалғанда мектептен шығарып жібереді» [6, 7 б.]. Б.Майлин бұл «соққыдан» мұқалып, мүжіліп кетпейді, сыншыл бағытынан таймайды. Оны алғашқы өлең, әңгіме, мақалаларынан да аңғара аламыз.

Осыған орай алдымен зерттеушілердің тұңғыш жарияланған мақаласы деп жүрген «Қостанай үйезі. Дамбар болысы» туындысында қыз ұзату, ас беру сияқты әдет-ғұрыпты тілге тиек ете отырып, келеңсіз жақтарын, яғни шығатын қаржының желге ұшқандай босқа шашылатын өрескелдігін сынайды, содан арылу керектігіне назар аударады. Шығарған малға өлікке жиналғандай қаптап кететін, еш кәсіп істемейтін, текке жататын «надан молда, жалған сопылардың» садақа деп сылтаулатып, құзғындардай таласатынын ашына әжуалайды. Өйткенше «мешіт-медресе, оқу оқыту жолына жұмсап, оқуға мұқтаж жарлы-жақыбайдың балаларына жәрдем беріп, соларды мұратына жеткізсе» деген ойын алға тартады.

«Ұл мен қызды бесіктен шықпай атастырып, бастарын шатастырып қою - қазақтың көптен сүйегіне сіңген дерт. Бұл екеуі бір-біріне пар болып өсе ме, жоқ, бірі құрай, бірі тал болып өсе ме, ол арасында қазекеңнің жұмысы жоқ. Тек алатын мал болса, өсе келе қызы сүймесе де қыз әкесі зорлап күйеудің босағасына ғана апаруды біледі» - деген Бейімбеттің сөзі әйелдің зорлыққа, күңдікке, теңсіздікке душар болған басын арашалау ниетімен жазған шығармаларының негізгі түйіні іспетті. Жастайынан көңіліне ұялаған осы принциптен ол айнымады, оны берік ұстанды.

Осы сөзбен басталған «Айыртау болысынан» деген жарты беттік  мақаласында [10] Көкшетау уезі Айыртау болысындағы Шәріп деген кісі Жақып дегеннің баласына қызын зорлап ұзатқанын жазады. Бірақ, екеуінің тұрмысында береке болмайды. «Ықтиярсыз малданып, көрінгенге алданып, сандалған қазақ баласы, қайтейін» - деп күйінеді Бейімбет.

Қаламы әлі ұшталмаған балаң қаламгердің өзі білген оқиғаға құрылған әңгіме сияқты «Болған іс» туындысының да маңызы артпаса, кеміген жоқ. Мұнда жер сатуға құлшынғанның арты кімге зиян болатыны, кімнің маңдайына соққы боп тиетіні баяндалады. Қалада тұратын переселен Меколайға өздерінің тиесілі жерін сатып, сан соғып қалған, кедей болса да пысық Жанпейіс қана емес, бай Қажыбай ақсақал да тілін тістейді. Өктемдіктің буына бөккен, кеудемсоқ Меколай Жанпейістен алған жерін місе тұтпай «Жерімді толықтырып бер, болмаса ақшамды бер» деп қиғылық салады, соққыға жығады. Жаны қысылған Жанпейіс інісін шаптырып Қажыбайдан ақша сұратады, ол бермейді. Ақыры ол орыс байына тағы да жер беріп құтылады. Байға реніші қара қазандай Жанпейіс орыстың егініне Қажыбайдың жылқысын түсіреді. Меколай жылқыны айдап алып, төрт-бес күн қамап ұстайды. Қажыбай қымызын апарып, сыйлап, «тамыр-тамыр» деп қанша жалынғанмен бай орыс көне қоймайды да приставка дейін барып, жылқысын әрең қайтарып алады. Ашыққан малдан шығын да болады.

Бейімбет переселен Меколайдың қазақ кедейін де, байын да елемейтін менмен мінезін, астамшылдықпен, қысымшылықпен басқалардың дүниесін тартып алу әрекетін жеңіл-желпі сынайды.

«Пайда тапқыш» Жанпейісті «бүгін қақпанға түскен қасқырдай екі көзі жайнап», «есінен танып» қалған мүсәпір етіп көрсетеді қаламгер. «Меколай, күнде көріп жүрген адамбыз ғой, мені қинама, соқаның алдымен салған екі жер бидайым (осы күн де көктеп те қалған) бар, соны алып біт» деп жалынды» [10] - жазушы Жанпейістің бейшара күйін келеке етіп те, жаны ашып та осылай бейнелейді. Кедей ғой деп бұйрегі бұрмаған, бір емес, екі қайтара жер алған Меколайға ендігәрі секуге бола ма? Байыған үстіне баи түспек ойдағы Қажыбайды жазушы «әйтеуір жайлаудағы бос жерді сатамын деп, «бес тиын қоян, он тиын зиян» дегеннің кебіне ұшырады» - деп келемеждейді. Сонымен олар жерден айрылып бір ұтылса, оны сатқаннан пайда көрмей, зиян шегіп, екі ұтылды. Әңгіменің негізгі мәні де осында. Қазіргі уақытта жерді жекешелендіру қажет, сату керек дейтін коммерсанттарға сабақ емес пе бұл. Туындының маңызы бүгін де үлкен дейтініміз сондықтан. Артын аңдамай орашолақ ойлайтын қараңғы, ішкі дүниесі тайыз адамдардың жерді сатқанына реніші сезіледі жазушының.

Информация о работе Бейімбет Майлиннің сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикасы