Қазақ тіліндегі семантикалық валенттіліктің қалыптасуы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Сентября 2013 в 21:54, доклад

Краткое описание

Халықтың тілі уақыт өткен сайын өзгеріп отырады. Бірақ бұл тілдің түбегейлі өзгеріп кетуіне немесе жойылуына әкеп соқпайды. Тек әр кезеңде тілдегі кей сөздердің қолданыс аясы тарылып немесе белсенді түрде қолданылып, сөздік қорға өзгерістер енгізіп отырады. Тіл жүйесінде бұдан өзге де түрлі құбылыстардың жүзеге асуы мүмкін. Соның негізінде тіл ғылымында, өз кезегінде, сырын ашуды талап ететін мәселелелер де пайда болады. Сондай мәселелердің бірі – қазақ тіліндегі сөз семантикасы мен сөздердің семантикалық валенттілігі. Қазақ тіл білімінде валенттілік, оның тілдік болмысы жекелеген ғылыми зерттеулерде түрлі тілдік құбылыстарға қатысты қарастырылғанымен, әзірге жан-жақты зерттеу нысанына алынбай жүргендігі белгілі. Дегенмен валенттілік құбылысы, оның тіл жүйесіндегі сипаты Еуропа тіл білімінде, оның ішінде неміс, француз тілдерінде елеулі түрде зерттелген.

Прикрепленные файлы: 1 файл

макала рахила.doc

— 54.00 Кб (Скачать документ)

 

Қазақ тіліндегі  семантикалық валенттіліктің қалыптасуы

 

Тлеуова Рахила 1-курс магистрантты Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

 

Халықтың тілі уақыт  өткен сайын өзгеріп отырады. Бірақ бұл тілдің түбегейлі өзгеріп  кетуіне немесе жойылуына әкеп соқпайды. Тек әр кезеңде тілдегі кей сөздердің қолданыс аясы тарылып немесе белсенді түрде қолданылып, сөздік қорға өзгерістер енгізіп отырады. Тіл жүйесінде бұдан өзге де түрлі құбылыстардың жүзеге асуы мүмкін. Соның негізінде тіл ғылымында, өз кезегінде, сырын ашуды талап ететін мәселелелер де пайда болады. Сондай мәселелердің бірі – қазақ тіліндегі сөз  семантикасы мен сөздердің семантикалық валенттілігі. Қазақ тіл білімінде валенттілік, оның тілдік болмысы жекелеген ғылыми зерттеулерде түрлі тілдік құбылыстарға қатысты қарастырылғанымен, әзірге жан-жақты зерттеу нысанына алынбай жүргендігі белгілі. Дегенмен валенттілік құбылысы, оның тіл жүйесіндегі сипаты Еуропа тіл білімінде, оның ішінде неміс, француз тілдерінде елеулі түрде зерттелген.

 «Валенттілік (лат. valentia – күш)  – сөздің басқа сөздермен синтаксисік байланыс жасау қабілеті» [1, 40]. Тіл біліміне бұл ұғым алғаш 1948 жылы                       С.Д. Кацнельсонның қолдануымен енгізілді. Ғалымның валенттілік ұғымы туралы тұжырымын толық келтіретін болсақ: «Полновесное вещественное слово в каждом языке не есть слово вообще, а слово с конкретными синтаксическими потенциями, позволящими употребить его лишь строго определенным образом, предуказанным уровнем развития грамматических отношений в языке. Это свойство слово определенным образом реализовыватся в предложении и вступать в определенные комбинации с другими словами можно было бы назвать его синтаксической валентностью» [2, 126]. Бұл пікірден зерттеушінің сөздің сөйлем ішінде басқа сөздермен байланысы негізінде жүзеге асатын қасиетін синтаксистік валенттілік түрінде түсіндіргені байқалады. 

Қазақ тіл білімінде валенттілік  ұғымы кең мағынада қарастырылады. Валенттілік сөздің басқа сөздермен  жалпы үйлесімділігі деп танылады. Әр тілде сөз таптарының өзіне  тән ерекше үйлесу қабілеті болады, олар сол тілдің грамматикалық заңдылықтарына бағынады. Бұдан басқа сөз семантикасымен байланысты лексикалық валенттілік деген түсінік те бар.

Қазақ тіл білімінде валенттілік және оның тіркесімділік ұғымымен байланысын М.Оразов, Ғ.Хасанов, Н.Құрманова, Ч. Найманова, М.Әлиева, М.Жолшаева, Д.Қарағойшиева, Г.Сыздықова т.б. ғалымдардың зерттеу жұмыстарынан кездестіреміз.

М.Оразов «оқулықтар мен ғылыми еңбектерде валенттілік сөз болғанда, негізінен, синтаксистік валенттілік туралы ғана сөз болғанымен, логикалық, семантикалық валенттілік әлі де зерттеу объектісі бола қойған жоқ»[3, 199] деп көрсете отырып, «Сөйлеу кезіндегі сөздердің семантикалық валенттілігін анықтау синтаксистік валенттілікпен байланысты ғана іске асады. Сөздер байланысқа түсу үшін олардың құрамында ғана бір сема өзге семалармен сәйкес келуі, ортақ болуы керек. Осы мағыналық байланыс синтаксистік валенттілікті анықтайды да, олар тіркесетін сөздердің саны валенттіліктің (семантикалық валенттіліктің) дәрежесін белгілейді. Ол үшін сөз тіркесіне түскен сөздердің біреуі екінші бір сөзді мағынасы жағынан сәйкес келуін талап етуі, мағына жағынан басым болуы қажет»[3, 200] екенін де анықтап көрсетеді.

Ағылшын, орыс және қырғыз тілдеріндегі валенттілік пен тіркесімділіктің тілдік сипатын өзара салғастыра зерттеген Ч.К. Найманова валенттіліктің логикалық, семантикалық, синтаксистік, грамматикалық, лексикалық, ішкі, сыртқы және т.б. түрлерге бөлінуін «тіл бірліктерінің тіркесімділік әлеуеті деңгейімен байланыстырады» [4, 17]. Әрине бұл жерде логикалық валенттілік пен семантикалық валенттіліктің арасын ашу керек. Ғалым Г.Хельбиг «Логикалық валенттілік тілден тыс ұғымның мазмұнының арасында болады, семантикалық валенттілік сөздердің байланысындағы мағыналық сәйкестікпен анықталады»[5, 157], - деп жазған болатын. Сол үшін де логикалық валенттілік ой элементтері арасында жүзеге асып, өз ықпалын семантикалық валенттілікке өткізу мүмкіндігіне ие болады. Валенттілік түрлеріне қатысты М. Жолшаеваның тұжырымына назар аударсақ, ғалым валенттілікті «сөздердің бір-бірімен семантикалық және синтаксистік жағынан үйлесімді байланысуы» [6, 14] ретінде анықтап, соның негізінде валенттілікті синтаксистік және семантикалық түрлерге бөледі. Егер валенттілікке қатысты тіл біліміндегі зерттеулерге назар аударсақ, онда жалпы валенттілік түрлері, оның ішінде семантикалық валенттілік мәселесінің де қазақ тіл білімінде әлі жете зерттелмегені байқалады.

Ғалым А. Салқынбай сөздің белгілі бір мағынасының потенциалды мүмкіндігі мен екінші сөздің мағынасының байланысу мүмкіндігінің сәйкестігін, шектестігін, мазмұндастығын семантикалық валенттілік, сөздің синтагматикалық деңгейде басқа сөзбен синтаксистік қарым-қатынасқа, байланысқа түсуінің потенциалды мүмкіншілігін синтаксистік валенттілік ретінде түсіндіріп, валенттіліктің семантикалық және синтаксистік түрлерін бөліп көрсетеді [7, 106].

Ғалым Ғ.Хасанов: «Сөздің  валенттілігі дегеніміз сөздің өзіне  бағынышты, тәуелді сөздерді тіркеу, қосу қабілеті. Мысалы: оқуға түсу, суда жүзу, досқа көмектесу, баяндама жасау, ағаш өсіру т.б.» [8, 305] деп көрсете отырып, «семантикалық валенттілік жүзеге асуы үшін бір сөздің доминанттық қасиеті басқа сөздердің мағынасынан жоғары тұруы қажет» [8, 305] деген ойын Б.Сағындықұлының тұжырымымен жалғастырады: «Тілде мынадай заңдылық бар. Қашанда синтагмалық тіркес құраған сөздердің бірі екіншісінен мағыналық жағынан басымдау болады. Ол өзімен байланысқа түскен сөздің өзіне мағыналық жағынан сәйкес келуін, үйлесуін талап етеді. Синтагмаға тірек бола алатын сөз тіл білімінде өзекті сөз деп аталады. Сөйлем құрастырғанда өзекті сөз басты қызмет атқарады. Ол өз төңірегіне мағынасы үйлес, ортақ сөздерді топтастырады, жинақтайды. Өзекті сөз болу міндетін негізінен етістік атқарады, өзге сөз таптарында мұндай сипат әлсіз [9, 14]. Өзекті сөздің мағынасында архисема мен дифференциалды сема тұрақты болуы қажет, сонда ғана бұл «өзекті» сөздер семантикалық байланысқа түседі [10, 100]. Тілтанушы М.Оразов: «Валенттілік теориясымен айналысқан ғалымдардың көпшілігі осы өзекті сөздің сөйлем құрамында келіп қанша сөзбен тіркесу мүмкіндігі барлығын есептей отырып, сөздердің валенттілік қасиетін анықтауға әрекет еткен. Осындай өзекті сөз қызметін қазақ тілінде сөз таптарының бәрі де атқара алуы мүмкін, бірақ ол етістіктерде өте күшті болса, сын есім мен сан есімдерде әлдеқайда әлсіз», - деп жазады. Ғалым Ғ.Хасанов осы және өзге де ғалымдардың пікірін басшалыққа ала отырып, семантикалық валенттілік етістік арқылы жүзеге асатынын айтады. Сондай-ақ ол валенттілік теориясының бұрын синтаксис аясында ғана қарастырылып, кейін семантикаға ауысуын да етістікке байланысты дейді: «Барлық тілде өзекті сөз бола алатын етістіктер, сондықтан семантикалық валенттілік етістіктің басқа бірліктермен мағыналы байланысы деп түсінген дұрысқа саяды деп ойлаймыз. Оның үстіне, жалпы валенттілік теориясы синтаксистен семантикаға ауысқанда етістіктердің семантикасына байланысты ауысқаны белгілі» [8, 306]. Ал бұл туралы қазақ тіліндегі етістіктердің валенттілік теориясына қатысты зерттеу жүргізіп жүрген ғалым Д.А. Қарағойшиева: «валенттілік сөздердің парадигматикалық, синтагматикалық деңгейдегі мағына жақындығы. Валенттілікте басыңқы сөз – етістік болып табылғандықтан, етістік өзінің айналасына мейлінше көп сөздерді жалғап алу қабілетімен сипатталады» [11, 8], - деп сипаттайды. Дегенмен біз семантикалық валенттіліктің тек етістікте ғана болмайтынын білеміз. Ол өзге сөз таптарында да болады. Сондықтан «семантикалық валенттілік етістіктің басқа бірліктермен мағыналы байланысы» деп кесе айту мүмкін емес. Оған басқа сөз таптарының валенттілігін зерттеп жүрген ғалымдардың пікірлері дәлел бола алады. Мәселен М. Әлиеваның «Басыңқы сыңардағы есімдіктің валенттілігі», М.С. Жолшаеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есімдердің тіркесу қабілеті», Г.О. Сыздықованың «Зат есімнің мағыналық топтарының валенттілік байланысындағы актанттар құрамы (сын есім – зат есім үлгісі негізінде)» т.б.

«Валенттілік» терминін батысеуропалық тіл біліміне енгізген Л.Теньер оны тек етістікке қатысты жұмсаған. Ғалым валенттілікті етістіктің актанттарды жалғап алу қабілетіне байланысты, мынадай түрлерге бөліп көрсетеді: авалентті, бір валентті, екі валентті және үш валентті етістіктер.

Етістіктің актанттармен байланысу қабілетінің күшіне қарай  валенттіліктің үш түрін айыруға  болады:

1) Міндетті валенттілік. Бірде бір актант түсірілмейтін жағдай. Мысалы: Студент сабаққа қатысады

2) Факультативті валенттілік. Бір актант түсіріліп айтылуы мүмкін. Мысалы, Бала (нан) жеп отыр.

3) Еркін валенттілік. Актанттар етістікпен байланысты болмаған жағдайда және олар сөйлемнен оңай алынып тасталынады немесе оңай қосылады. Мысалы, Арман түскі асты (асханада) сағат үште (досымен) ішті.

Сонымен семантикалық валенттілік етістіктерде жиі кездесетіндігін негізге ала отырып, семантикалық валенттілік теориясын жан-жақты зерттеу үшін етістіктің мағыналық топтарының валенттілік деңгейі одан әрі тереңірек анықтауды керек етеді. Бұл тұжырымды қазақ тіліндегі семантикалық валенттіліктің сөз таптарындағы көрінісін зерттеп жүрген ғалым Г.Сыздықованың: «... семантикалық валенттіліктің тіл деңгейлерінде валенттіліктің басқа түрлерімен қарым-қатынасы, ерекшелігі, сөз таптарының семантикалық валенттілік құрамы, валенттілік құрамдағы актанттар, олардың семантикалық валенттілік қатынастағы қызметі, сөз таптарының семантикалық валенттілігінің контекст деңгейіндегі көрінісі т.с.с. бірқатар мәселелер өзектілігімен жан-жақты зерттеуді қажет етеді», [12, 3] деген пікірімен дәйектеуге болады. Сондықтан қазақ тіліндегі семантикалық валенттіліктің қалыптасуы аталған құбылыстың сөз таптарының мағыналық топтарындағы тілдік табиғатымен, құрамымен және валенттілік қатынастағы өзекті сөз ретіндегі қолданысымен жүзеге асады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. – Алматы: Сөздік-Словарь, 1998. – 304 б.
  2. Кацнельсон С.Д. Общее типологическое языкознание. – Л: Наука, 1986. – 297 с.
  3. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. Алматы: Рауан, 1991 – 216 б.
  4. Найманова Ч.К. Лингвистический статус валентности и сочетаемости в разносистемных языках (на материале английского, кыргызского и русского языков): Автореф. ... док. филол. наук. – Бишкек, 2006. – 49 c.
  5. Степанова М.Д. Хельбиг Г. Части речи и проблемы валентности в современном немецком языке. М., 1978.
  6. Жолшаева М. Қазақ тіліндегі сын есімдердің валенттілігі. – Алматы: Тоғанай Т, 2007. – 176 б.
  7. Салқынбай А. Қазіргі қазақ тіліндегі -у тұлғалы қимыл есімінің семантикасы мен функциясы: Филол. ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 1991. – 169 б.
  8. Хасанов Ғ. Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы: Ғылыми монография. – Алматы: Үш қиян, 2009. – 488 б.
  9. Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Лесикология. І б. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 101 б.
  10. Хасанов Ғ.Қ. Сөздің валенттілік қасиеті // Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына арналған «Ахметтану тағылымдары» атты респ. ғыл. тәжірибелік конф. материалдары. – Алматы, 1998. – 100-102 бб.
  11. Қарағойшиева Д.А. Етістіктердің семантикалық және синтаксистік валенттілігі (кес(у)-scheiden етістіктер материалдары бойынша): Филол. ғыл. канд. дис. автореф. – Алматы, 2005. – 25 б.
  12. Сыздықова Г.О. Қазақ тіліндегі семантикалық валенттілік: фил. ғыл. докт. дис. автореф. – 2010.

Информация о работе Қазақ тіліндегі семантикалық валенттіліктің қалыптасуы