Ертегінің тәрбиелік мәні

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Октября 2013 в 23:15, реферат

Краткое описание

Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетик. әдеби қазына. ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды.Ертегінің композициясы бас қаhарманды дәріптеуге бағындырылады, сөйтіп, ол белгілі бір сұлба бойынша құрылады. Мұның бәрі ертегіге идеялық, мазмұндық және көркемдік тұтастық береді. Осы тұтастық бұл жанрға басқа да қасиеттер дарытады: композиция мен эстетикалық мұраттың бірлігі әрі тұрақтылығы, көркем шарттылықтың міндеттілігі, ауызекі сөйлеу тіліне сәйкестігі, тұрақты тіркестердің қолданылуы, т.т.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Ертегі.doc

— 440.00 Кб (Скачать документ)

 

Хайуанат жайындағы  ертегілер 

 

Хайуанат жайындағы  ертегілер - барлық елдердің ауыз әдебиет  қорындағы сияқты, қазақ халқының ауыз әдебиет қорында да ескі ертегілер түрінің бірі. Тарихтан бұрынғы дәуірлер мен Қазақстанда феодализмнің ең алғаш орнау стадиясынан бастап, XIX ғасыр орталарына дейін созылатын феодализм дәуірі осы ертегілерде көп елес береді. Бұл алуандас ертегінің де ұзақ ғасырлар бойындағы қоғамдық-тарихтық экономикалық жайларды, еңбек иесі болған халықтың таптық арман, мүддесін әр алуан түрде көрсетіп отыратыны мәлім. Сондайлық мән, мағына бұл үлгілерде де аса мол, терең және өзгеше қымбат қазынадай деп тану керек. 

 

Хайуанат жайындағы  ертегілер жөнінде Ленин айтқан өзгеше ғылымдық зор мәнді пікірлер бар. Добролюбов та хайуанат жайындағы  ертегілерге айрықша мән беріп, көп көңіл бөледі. Бұл ертегілерде  еңбек елінің жуан, содыр, айлалы, зорлықшыл  әкімдеріне, неше алуан қанаушыларына қарсы арналған сын мен ызалы қарсылық ойы мол екенін ол адамдар ашып айтысқан. Әсіресе тап тартысының бітімсіз қайшылықтары, қиын, шетін түйіндер көрсетілетіні аталған. Және сатираның ең бір өтімді, көпшілік көңіліне қонымды, шебер, келісті құрылыстары осы хайуанаттар жайындағы ертегілерде тамаша тапқырлықпен көрсетілгені айтылады.  

 

Хайуанаттар көне ертегілерін  андасақ, кейбіреулерінде өте көне заманды, жанды, жансыз табиғат турасындағы  бұлдыр түсініктерді байқаймыз. Ондай  ертегілер хайуанаттармен байланысты туған мифтік, діндік түсініктерді, әр хайуанды ғажайып сиқырлы сыры бар деп таныған тотемдік түсінікті аңғартады. 

 

Бұл жөнде мифтік, діндік және ұғым-нанымдар көп ертегілердің тууына түпкі себеп болғанын есте тұту қажет. Сол ретте қазақ халқының кейбір аң, құс, хайуанат жөнінде өте ескі замандарда сол жәндіктерді ғажайып сиқырлы сыры бар деп таныған ескілікті, шалағай, бұлдыр ұғым-наным, жартылай діндік тотемдік түсінік бар екенін көреміз. Бұндай жәндіктерді дағдылы тіршіліктегі қалпынан, болмысынан, шындық бейнесінен өзгертіп, ауыстырып әңгімелейді. Оны жат сырлы, өзгеше сипатты етіп тандана суреттейді: "Қасқыр мен жігіт"1, "Сырттан"2, "Көгершін ертегісі"3, "Байғыз"4. 

 

Ғажайып күшіне, құдіретіне қатты сенгендіктен иланып, табынғандық та болады. Осының салдарынан талай елдердің ескі ерте тірлігінде әр түрлі жыртқыш аң, немесе үй хайуанаттарының кейбіреулерін киелі, құдіретті деп қастерлеу болған. Ие, кие, қуаты бар деген хайуанат ішінде: арыстан, аю, қасқыр, жылқы сияқтылар болғаны бар. Кейбір ескі діндер бұл нанымды діндік шарт, парыз етіп көтергені де көп.  

 

Қазақ халқының да ертегі ескілігі мен көне дініне қараған, сол  жаңағы нанымдарға көп орын берілгені  байқалады. Осы текті ертегілерде  қазақтағы хайуанат жайында мифтік, тотемдік (белгілі аң, хайуанды киелі санап, қастерлеу) нанымы бар. Сондай аңның бірі - қазақ ертегісінде қасқыр болады. Бізге мәлім қазақ ертегісінің ішінде қасқыр екі түрлі әңгімеленеді. Бір түрінде, ең ескі түрінде, қасқыр ертегі ішінде әрі қасқыр, әрі адам жынысына киелі дос болып әңгімеленеді. Екінші түрінде қасқыр өзінің дағдылы қасқырлық, қастан мінезімен суреттеледі. 

 

Алғашқы түрдегі әңгіменің  мысалы - "Ақ қасқыр" ертегісі. Мұнда  жас жігіт жат үңгірдің ішінде ақ қасқырға, қаншық қасқырға үйленеді. Қасқыр күйеуіне қырық күнге шейін шыда, не көрсең де, көнбіс бол дейді. Қырық күнге шейін ол қасқыр кейпінде болады да, артынан әсем сұлу адамзат қалпына түседі. Елден асқан ақылды, асыл жар болып шығады. Сынына шыдаған ерін бақ-дәулетке жеткізеді. 

 

Қасқыр тағы бір ескі ертегіде адам затын құбылып алдайтын қас күш болып суреттеледі. 

 

"Күйеу қасқыр" деген  ертегіде жас, жақсы қызды қасқыр  күйеу болып алады. Басында,  қызды айттыра келгенде, қара  жорға ат мініп, қара құлын  жарғақ киіп, қара түлкі тымағы  бар, әлемде жоқ сұлу сымбатты жалғыз жігіт болып, айттырып алып кетеді. Оңаша шыққан соң, аунап түсіп, көкжал қасқыр болып шығады. Бұл ертегі қазақ әйелінің халін аса аянышты қайғылы күйде суреттеумен қатар, тағы да қасқырды адамға қатал, ерекше күш иесі дұшпан қып сипаттайды. Киелі, сиқырлы жау етіп ұлғайтып көрсетеді.  

 

Әсіресе бұл жай бұрынғы  қазақ әйелінің патриархалдық үй ішіндегі халімен байланысты бір  жайды еске түсіреді. Ол - үй ішінде қазақ әйелі күйеуге тию кезеңінен  қатты үркіп, уайыммен жасқанатын. Өйткені  қалыңмалға сатылған, ата-ананың бұйыруымен өзі білмес елге, ерге алғаш бара жатқан қыздың бәріне алдыңғы өмір тас қараңғы, қорқынышты, күдікті жұмбақ болатын. Әйел халінің осындай күйін Поль Лафарг өте дұрыс, терең күйде бейнелейді. Көп елдерде "...әйелді ерінің артынан еруге зорлап, күшпен көндіретін. Үйлену зорлықпен аралас болатын", - дейді ол. Және де осы жайдың сырын аша келіп, Лафарг: "Күйеуге тиюден қорқу патриархалдық үй ішіндегі өмірден туған ең алғашқы қатты қорқыныштан, қауіптен тарайтын", - дейді. 

 

"Сырттандар" деген  ертегіде қасқырдың, иттің, жігіттің сырттаны, аттың тұлпары алысқа араласады. Бұл ертегіде қасқыр нақтылы айқын, қастан күш, адамға ош, зұлымдықтың жиынтық бейнесі болып кейіптеледі. Қасқыр сырттаны жалғыз баланы туысымен, соны жемекке бола жасайды. Баламен бірге оның жау тағдыры, қазасы қоса туған болады. Сол жігітпен бірге оның дос серігі болып, ажалына арашашы болып, құлын-тұлпар да қоса туады. Кейін жігітке жәрдемші болып, ит сырттаны араласады. Сол ат, ит достығы арқылы қасқыр сырттаны жеңіліп, жігіт аман қалады да, үлкен сыннан жеңіп өтіп, үлкен шыңға шығады. 

 

Хайуанаттар жайындағы  ертегілерді неше алуан қасқырлар  жайындағы ертегілерден бастадық. Өйткені  бұл алуандас ертегілерінің саны да көп, орны да зор. Бірақ хайуанат турасындағы қазақ ертегілері тек  қасқыр жайындағы әңгімелер емес. Және қасқырдың өзін де тек, осы жоғарыда айтылған түрде ғана әңгімелейді.  

 

XIX ғасырдың орта кездеріне  шейін созылған ұзақ дәуірлер  бойында хайуанаттар жайындағы  ертегілерде көп құбылып, өзгерістер, жаңғыру, даму кезеңдер болғанын  аңдаймыз. Бұл ертегілердің сондай жайларында тарихтық әр алуан дәуірлердің өзгеріс құбылыстары айнаға түскендей әсер етіп, елес беріп отырады. 

 

Әсіресе фольклорды зерттеуде  бұл күнге шейін өте аз ескерілген көркем тіл, көркем стилін халықтық-поэзиялық  шығармалардың ерекшеліктерін талдау проблемасымен байланыстыра ұғыну қажет. 

 

Осы тұрғылардан қарағанда, хайуанаттар жайындағы ертегінің  де совет фольклористикасы ашатын ең мәңгі ғылымдық-тарихтық зор мәселесі: осы алуандас халық ауыз әдебиетінің  идеялық мазмұнын ашуда. Хайуанаттар жайындағы ертегілердің сол өзгешеліктері көп кезде ірі сатира түрінде келетінін еске алып, қазақтағы бұл алуандас ертегідегі сатиралық элементтерді айқындап ашу қажет. Көркемдік, шеберлік ерекшеліктерін алғанда қазақтың да хайуанат жайындағы ертегілерінің бейнелегіш образдары тамаша келеді. Оқиға-тартыстың сұрыпталып, сығымдалған жинақтылығы және дөп тигіш мәнділігі айрықша талдауды қажет етеді. Көркемдік қасиеттерін, поэтикасын талдауда бұл ертегілердегі жәндіктерді сөйлестіру-диалог формасы ерекше шебер келтірілетінін еске тұту қажет. 

 

Бұндағы шеберлік қасиетінің бір алуаны - бейнелеу (олицетворение). Сол тәрізді көркемдік әдістер  арқылы, көбінше неше алуан айуандар, жыртқыш аңдар, қанқорлар арқылы хандардың, билердің, байлардың, ілгері-соңғы  әкімдердің жайлары, таптық-қоғамдық тұлғалары көрінеді. Солардың қанағыштық сырлары ашылатынын әшкерелеу шарт. Осыған байланысты қазақтың хайуанат жайындағы ертегілері қоғамдық сатира екендігін, сол арқылы тап тартысының астары, тамыры тереңдеп ашыла отырғанын, көп уақытта юморлық мысқыл, ажуаның, өтімді, күлдіргі тілдің тамаша шебер үлгілерін танытатынын есте тұту шарт. 

 

Бұл ертегілер де ескі заманнан келе жатқан ең көне түрдің бірі. Адамның өзінен өзге, жанды-жансыз дүниенің ішінде, ерте күннен ең көп араласатын ортасы осы жан-жануар, неше алуан дос-қас хайуанат ортасы. Ол сан алуан, сан сырлы, санап бітіргісіз жұмбағы көп, ерекшелігі, ерсілігі көп ен дүние. Есте жоқ ескі заманнан бері қарай адам сол жануар, хайуанат дүниесімен әр күйде айласу арқылы олардың алуан-алуан жаратылысы, мерзім-машығы, тілек-тәсілі өзгешеліктері туралы көп нәрсені білген, таныған. Тіс, тырнақты жыртқыштың қалың сауыр мықтысы, қанаты қырағы ұшқышы, су асты, жер астының жайыны мен долысы, қаскөйі мен момыны, жемтігі мен жемі, ұлысы мен кішісі, әлдісі мен айласызы - бәрі де ертедегі адамды сансыз көп қиялға, ойға, тәсіл-тәжірибеге, алыс-айлаға салындырған. 

 

Бұл дүниенің бәрінен  адам қорқатын, жеңілетін, бірін керегіне, көмегіне жаратып, ішіп-жеміне жаратып, пайдаланып салмақ болатын. Мысалы, барлық ұзақ тарихи тіршілігін үй хайуанымен, мал атаулымен нық байланыстырған елдің бірі - қазақ халқы және қазақпен туысқан талай ескілі-жаңалы елдер. Жаңағы ұзақ айластық арқасында бұл елдер өздері істес болған жан-жануарлардың бәрін тек біліп қана қойған жоқ, олар жайында толып жатқан аңыз-әңгіме, арман-қиял, нелер сұлу, саналы жыр, ертегілер де тудырған.  

 

Жақыннан таныған қол  мүлкі, малының жаратылыс, мерзім-машығын  білуден басқа, олардың сыртқары жайы - жабайы хайуанаттар туралы да сансыз көп тәжірибе, түсінік, білім жайлы талай көркем әңгімелер тудырған. Жанды заттар дүниесін өзіне де дос күш, қас күштерге бөліп, тірлік үшін жасалатын алыс-тартыстың неше алуан құбылыс халдерін әңгіме еткен. 

 

Жан-жануар мінезінен  адам қоғамында болатын таптық қанаушылық, қомағайлық, қорқаулық, аярлық, долылық, кекшілдік, сотқарлық сияқты көп-көп күйлердің елесін көрген. Хайуанат тірлігімен, мінез тартыстарымен адам тірлігі, адам мінез тартысы арасында ерекше ұқсастық барын тауып таныған. Сол мінездерді ұлғайтып, адам санасындай санаға, есепке, ақыл-тәсілге жеткізіп, тіл орамға келтіріп әңгімелейтін болған.  

 

Хайуанат жайындағы  әңгіме аңыздардың бір алуаны осындай  болса, мұның екі түрі бар еді. Бірінде хайуан мінез-құлықтарын дәл  хайуанның өзін суреттеу үшін айтпай, адамдағы мінез-құлыққа бейне, тұспал, мысқыл есебінде қолданылған. Адамдағы кемдікті, мінді бадырайтып, ұлғайтып, жиренішті етіп көрсету үшін, сондай сын арқылы жаманшылықпен алысу үшін мысал етіп алу болған. 

 

Қазақ ертегілерінде, мысалы, әр алуан арыстан, аю, жолбарыс, қасқырлар бейнесінде қазақтың хан, бай, уәзір, саудагер сияқты көпке залалды, тойымы, тыйымы жоқ, жуан қанқор содырлары әңгіме етіледі ("Түлкінің алдағаны", "Түлкі, түйе, қасқыр, арыстан, бөдене")5. Сонда жаңағы аталған әр алуан жыртқыш аңдар арқылы қанаушы ортаның әр тұлғалы содырларына әр бөлек мінездер беріледі. Бұл алуандас ертегілердің жалғыз қазақта ғана емес, қазақпен аралас көп елдерде бар екені мәлім. Сол ретте, әсіресе қазақ ертегісіне аса мол әсер еткен орыс халқының хайуанаттар жайындағы ертегілері екенін аңғару қиын емес. 

 

Мысалы, бір ғана аңды алғанда, оның ақылсыздау, қорқақтау  және қопал, орашолақ мінезді болып  келетін жайы орыс ертегісінде қандай болса, қазақ ертегісінде де және чукот, эскимос, коряк сияқты елдер  ертегілерінде де солайша қалыптанатынын аңғарамыз ("Аю, түлкі, қойшы"6). 

 

Бұл жайлардың барлығы, Ш. Уәлиханов айтқанындай, қазақ  сияқты Россия көлеміндегі елдердің барлығының хайуанаттар ертегілерінің  көп әсері болғанын көрсетеді. 

 

Хайуан мінездерін әңгіме етудің екінші бір түрі бар. Олар хайуанды анық хайуан етіп суреттейді. Оның жанды-жансыз дүние арасындағы өз қалпы, кейпімен жүрген шындығын, болмысын адам өз түсінігі арқылы анықтап, айқындап, жетілте көрсетеді. Бұл соңғы түрде де әсерлеп ұлғайту қосылатын кездер бар. Бірақ дәл бір түрдегі ұлғайту адамға айна қып көрсету емес, мысқыл емес. Хайуанаттардың ерекше сырына, жұмбақ бітім жайына, өзгеше өмір тәсіліне, жат сырына таңдану болады. 

 

Біз тексеретін бір топ  ертегілерде өзге хайуандар ішінде тағы да қасқыр кездеседі. Бірақ оларда қасқыр өзге елдердің ертегісіндей анық қасқырдың өз бейнесіне жақын суреттеледі. Ондағы аңның бәрі де ескі үнді жұртының, ескі орыс ертегісінің ішінде суреттелген аңдарша адам қауымындағы өрескел, қорқау мінездеріне мысал, аллегория ретінде бейнеленген болады. Арнаулы бір келеңсіз бітім, тұлғаның қалпында кейіптеледі. Бұл алуандас мол ертегінің көптен көбі мысқыл ажуаның өзін де еңбек тартыс тәжірибесінен алады. Айналадағы жанды-жансыз дүниеге адамның іс-әрекеті, еңбек тартыс арқылы қатынасуы адам қауымы мен табиғат арасындағы мысқыл етерлік ұқсастықты байқатады.  

 

Көп ел ертегілеріндей, қазақта  даталай ертегілерде бірнеше  аң-хайуан бірге жүреді. 

 

Мысалы, қасқыр мен түлкі, қасқыр, аю және түлкі, кейде қасқыр, түлкі, арыстан, түйе аралас жүреді ("Арыстан, қасқыр, түлкі, түйе"7, "Түйе, қасқыр, жолбарыс"8). Бұларды ертегінің әдісінше біріктіретін әңгімелік себеп, мотив - оқыстан кезігу болады. Әрбір аң айнымас мінез иесі болады. Арыстан - әр зорлықтың, асқақ күштің иесі; қасқыр - тойымсыз қомағайлық, жемтік мінез иесі; түлкі - пәле басы және жауырыны жерге тимес, аяр алдамшы, өзінен өзгенің бәріне іші қас, сырты дос болып жүреді. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп, ұшқан құс, жүгірген аңның бәрін мазақ етіп, алдап соғып жүреді. Бұл және әр кезде хайуанаттар жайындағы әңгімелердің күлдіргісі болып араласады. Оған сөйлеген аңның бәрі "түлкі-түкім" деп, айласынан еріксіз именіп, жағына сөйлейді. Өзінше, бір алуан келеңсіз, ақылсыз қара күштің иесі болып аю жүреді. Орыс халқының ертегісіндей, қазақ ертегісінде аю күлкі, масқара болып қалғыш, өрескел бітімде болады. 

 

Момын, жазықсыздан, кең  тазалықтан осы хайуандар арасында жүріп жем болатын түйе бар. Қазақтың бұл алуандас ертектерінде ("Түлкі, аю, қойшы"9) көбінше қойшы аралас жүреді. Ол кейде түлкіні өзіне серік етіп, аюдай алып күштерді айласыз, қара күшті тәсілмен ұрып жүреді. Түлкі мен адам алдасып айлакестік салыстыратыны да осы қойшы, түлкі, аю әңгімесінде болады. Көптің есесін жеп жүрген түлкі адамнан алданып, өзі жер қабады. 

Информация о работе Ертегінің тәрбиелік мәні