Суда еритін витаминдер

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Октября 2013 в 20:12, курсовая работа

Краткое описание

Витаминдер - адам мен жануарлардың тіршілігіне, олардың организміндегі зат алмасудың бірқалыпты болуы үшін аз мөлшерде өте қажетті биологиялық активті органикалық қоспалар.Яғни химиялық табиғаты әр түрлі органикалық заттарды айтады. Витамин латынша vіtа – өмір, тіршілік; vitman – тіршілік амині деген мағынаны білдіреді. Олар тағамдық заттармен организмге түсіп, зат алмасуға, организмнің өсіп-өнуіне әсерін тигізеді. Организмнің қорғаныштық қабілетін арттыруда витаминдердің атқаратын міндеті өте зор. Егер тамақтану дұрыс жолға қойылмаса, яғни күнделікті пайдаланатын тағамдарымызда организмдерге қажетті витаминдер мөлшері жеткіліксіз болса, онда организм әлсіреп, ол әр түрлі ауруларға шалдығады, оның өсіп-өнуі мен жетілуі нашарлайды. Витаминдер, сол сияқты, жоғары дәрежелі өсімдіктер мен микроорганизмдердің қалыпты өсуі мен дамуы үшін қажетті заттар. Организмге тағамдар арқылы келіп түсетін белоктардың, майлардың, углеводтардың және минералдық тұздардың алмасуын жылдамдататын және реттейтін де витаминдер. Соңғы кезде витаминдерді классификациялап үлкен 4 топқа бөледі:
1)алифатикалық витаминдер қатары (аскорбин қышқылы);
2)алицикдды витаминдер қатары;
3)ароматикалық витаминдер қатары;
4)Гетероциклды витаминдер қатары.

Прикрепленные файлы: 1 файл

мб курс.docx

— 38.62 Кб (Скачать документ)

Бұл витамин тағамның барлық түрінде кездеседі, өсімдіктерде аз мөлшерде, ал жануар тектес азықтарда, (бауырда, бүйректе, етте, ірімшікте, балықта), ашытқыда өте көп мөлшерде болады. Өсімдік тектес азықтардың ішінде дәнді дақылдардың дәндерінде, бұршақ тектестерде, өсімдіктердің көгінде мол болады. Адам организмінде В6 витаминін ішек микроорганизмдері синтездейді.

                                  Биомедициналық қызметі

Кейінгі кезде В6 витаминінің  азот метаболизмінде атқаратын маңызы өте зор екендігі анықталып отыр. Организмдегі азот алмасуының басты реакцияларын катализдейтін 20-дан астам ферменттердің құрамына В6 витамині кофермент ретінде енеді. Осы ферменттердің ішінде: трансаминаза – амин тобын (-NH2) аминқышқылдарынан α-кетоқышқылдарына қайтымды тасымалдауын, ал, декарбоксилаза – карбоксил тобын (-СО2) аминқышқылдарынан қайтымсыз бөліп, биогенді аминдер түзілуін катализдейді. Пиридоксальфосфат кофермент ретінде серин мен треониннің декарбоксилденуіне, триптофанның, кинурениннің тотығуына, күкіртті амин қышқылдарының алмасуына, серин мен глициннің бір-біріне айналуына және гемоглобин гемінің алғы заты δ- аминолевулин қышқылының синтезіне, т.б. көптеген реакцияларды катализдейтін ферменттердің құрамына енеді.

                              В6 авитаминозының белгілері

Пиридоксин авитаминозында амин қышқылдары мен белоктардың алмасуы бұзылады, қанның түзілуі нашарлайды, жалпы мөлшері азайып, анемия ауруы пайда болады. Жас балалар мен мал төлінің бойларының өсуі баяулап, салмақтарын жоғалтады. Жас сәби балалар пиридоксині аз жасанды тамақпен тамақтанғандықтан, В6 авитаминозымен жиі ауырады, ондайда балалардың терісі қабынып, нерв жүйесі зақымданады. Адамдар РР витаминімен емдегенде жазылмайтын, ал пиридоксинді қабылдағанда тез жазылатын, пеллаграға ұқсас, тері қабынатын аурумен ауырады. Туберкулезге шалдыққан адамдар пиридоксин авитаминозымен жиі ауырады, себебі, науқастарға пиридоксиннің антагонисі – изоникотинилгидразид (изониазид) дәрісі беріледі.

ІІ.6.В12 витамині (цианкобаламин, антианемиялық)

В12 витамині басқа витаминдерден  тек химиялық құрылымының күрделігімен ғана емес, құрамында организмге өте қажет кобальт микроэлементінің болуымен ерекше, сондықтан кобаламин деп аталады. В12 витаминінде кобальт циан тобымен және координациялық байланыспен коориндік циклдік жүйесімен байланысқан.Адам организмінде коферменттік қызмет атқаратын В12 витаминінің екі түрі бар, олар: метилкобаламин – цитоплазмада, дезоксиаденозилкобаламин – митохондрияда шоғырланған. Американдық ғалымдар Джордж Мино мен Уильям Мэрфи 1926 жылы шала піскен бауырды ас құрамына енгізгенде қатерлі анемияны жазатындығын анықтаған. 1948 жылы Эдвард Рикс пен Ролкерс кристалды түрде В12 витаминін жас бауырдан бөліп шығарды. Тек 1955 жылы Ходжкин химиялық құрылымын және кеңістіктегі конфигурациясын физикалық әдіспен (рентгеноструктуралық зерттеу) анықтады. Ал қолдан 1961-1971 жылдары Р.Б. Вудворд синтездейді. В12 витамині суда, спиртте, төменгі органикалық қышқылдарда, фенолдарда жақсы ериді, ал бензолда, хлороформда, ацетонда ерімейді. Жоғары температура әсеріне тұрақты, кристалдары t≈210-220°С қараяды, t≈300°С жұмсарады. В12 витамині жарықта активтілігін жояды, ал қараңғыда өте ұзақ сақтауға болады. Цианкобаламинді микроорганизмдер ғана синтездейді, өсімдіктер мен жануарлар организмдері синтездей алмайды. Күйіс қайыратын малдың қарнында микроорганизмдер әрекетінің әсерімен түзіледі. В12 витамині оптикалық активті зат. Бұл витамин адам организміне ас арқылы түседі. В12 витамині бауырда, етте, сүтте, жұмыртқада, жануардан алынатын азықтарда болады.

                                 Биомедициналық қызметі

В12 витамині кофермент ретінде  кобамид ферменттер тобы құрамында  азоттың, көмірсулардың, нуклеин қышқылдары мен майлардың алмасуына қатысады. Метилкобаламин кофермент ретінде енетін ферменттер метиониннің биосинтезін жеделдетеді. 5’ – Дезоксиаденозилкобаламин коферменті бар ферменттер сутегі атомдарын және әр түрлі химиялық топтарды (гидроксилдік, амин, карбонил тиоэфир т.б.) тасымалдауға қатысады. В12 витамині жануарлардың өсіп өнуіне, орталық жүйке жүйесінің қызметіне, қан түзілуіне қажет. Әсіресе, қанның қызыл түйіршіктерінің жетілуіне өте үлкен әсер етеді, гемоглобин құрамына кіретін порфириндер түзілуіне қажет. В12 витамині организмде липотроптық қызмет атқарып, бауырды майланудан сақтайды, метионинмен қамтамасыз етеді. В12 витаминін байлап, ішек қабырғаларынан өткізетін белоктан тұратын ішкі фактор бар (Касл факторы). Егер бұл фактордың синтезі бұзылса, ас арқылы организмге витамин мол түссе де, авитаминоз ауруы пайда болады.

                                В12 авитаминозының белгілері

В12 витамині авитаминозында организм қатерлі анемия (пернициоздық анемия) Аддисон-Бирмер ауруына шалдығады. Пернициоздық анемияда қанда мегалоциттер – көлемі үлкен жетілмеген қызыл түйіршіктер көбейіп, олардың қан айналымындағы жалпы саны азаяды. Ауру адам күніне 100-200 мкг В12 витаминін қабылдаса, екі жұмадан соң сауығады. В12 витамині организмде гомоцистеиннен метиониннің синтезделу процесін тездетеді, авитаминозында зәрде гомоцистеин көбейеді де, метионин азаяды. Бұл витамин метилмалонил-КОА-ның сукцинил-КОА-ға айналуын тездетеді. Авитаминозында метилмалон қышқылы организмде жиналып, нерв ұлпаларына улы әсер етеді, жұлында дегенерациялық өзгерістер байқалады, асқазан сөлінің қышқылдығы төмендейді.

ІІ.7.В15 витамині (пангам қышқылы, антианоксикалық)

В15 витамині алғаш рет 1950 жылы ірі қара малдың бауырынан, кейіннен көптеген өсімдіктердің тұқымдарынан бөлініп алынады, сондықтан бұл витаминді пангам (грек. пан – барлық жерде, gamі – тұқым) қышқылы деп атайды. Пангам қышқылы табиғатта өте кең таралған. Химиялық құрылымы, құрамы синтездік жолмен дәлелденген.

В15 витамині суда жақсы еритін, эфирде, хлороформда, бензолда ерімейтін кристалды ақ түсті борпылдақ зат. Осы уақытқа дейін бұл витамин адам организмінде синтезделетіндігі, немесе ас арқылы түсетіндігі белгісіз. В15 витаминінің тағам көздері: бауыр, әр түрлі өсімдік дәнде–рі, ашытқы т.б.

                                       Биомедициналық қызметі

В15 витаминінің биомедициналық маңызы толық зерттелмеген. Пангам қышқылы организмді оттегінің жетіспеушілігінен (аноксия) сақтайды, ұлпалардағы тотығу процесінін энергетикалық мүмкіншілігін арттырады. Витамин құрамындағы глюконат қалдығы бұлшық ет пен бауырдағы гликоген синтезіне ықпал етеді, ал метил топтары оның метил топтарын тасымалдауға қатысатынын байқатады. Пангам қышқылы гуанидилсірке қышқылының метилденуіне, одан креатин мен холиннің пайда болуына әсер етеді. Бұл витаминді организмге енгізгенде креатин мен креатинфосфаттың мөлшері бұлшық етте көбейеді, бауырда холинфосфатидтердің синтезі жеделдейді. Пангам қышқылы майлардың алмасуына ықпал жасап, олардың бауырда жиналуына кедергі келтіреді (липотроптық қасиеті). Қазіргі кезде В15 витамині клиникалық, авиациялық, спорттық медицинада қолданылып жүр. Кальций пангаматы инфаркттың алдын алу және инфаркттан кейінгі емдеу кезінде қолданылады. Пангам қышқылы организмге шамадан тыс функциялық ауыртпалық түскен кезде, жүректің бұлшық еттерінде креатин мен креатинфосфаттың азаюына кедергі келтіреді

ІІ.8.С витамині  
(аскорбин қышқылы, антискорбуттық)

С витамині орта ғасырда  кең тарап, эпидемиялық орын алған  құрқұлақ – «цинга» ауруынан сақтайтын  болғандықтан антицингалық, антискорбуттық (голланд. Скорбут – ауыздағы жаралар) деген физиологиялық атаулар берілген. Құрқұлақ ауруының себебі көп уақытқа дейін белгісіз болып, тек 1907-1912 жылдары тәжірибелі түрде құрқұлақ ауруы мен тағамда С витамині жетіспеуінің арасында тікелей байланыс бар екендігі анықталды. Антицингалық фактор 1920 жылы С витамині деп аталады. Ол тек екі жылдан кейін ғана таза түрінде бөлініп алынады. 1927 жылы химиялық құрылымы анықталып, оған аскорбин қышқылы деген атау беріледі. С витамині 1932 жылы синтезделді.

С витамині су мен метил  спиртінде жақсы, этил спиртінде  нашар еритін, бензол, ацетон, эфирде, хлороформда ерімейтін ақ кристалды  ұнтақ. Аскорбин қышқылының организмде атқаратын физиологиялық қызметі сутек атомдарын бөліп шығарып L – дегидроаскорбин қышқылына дейін тотығуына және оларды қосып алып, қайта тотықсыздануына байланысты. Аскорбин қышқылы мен дегидроаскорбин қышқылдарының аралық туындылары – монодегидроаскорбин қышқылы мен дегидроаскорбин қышқылының анионы өте әрекетшіл заттар, олар глютатион, НАДФ, ФАД, цитохромдар т.б. көптеген оксидоредуктазалардың коферменттерімен тез әрекеттеседі. Аскорбин қышқылы жануарлар мен өсімдіктердің барлық ұлпалары мен органдарында тотыққан немесе аскорбиноген (байланысқан) түрінде кездеседі. Аскорбиногеннің организмге физиологиялық әсері азырақ болса да, ол әр түрлі физика-химиялық әсерге өте төзімді. С витаминінің тағам көздері: қара қарақат, итмұрын, қызыл бұрыш, қырыққабат, шетен, лимон т.б.

                                  Биомедициналық қызметі

С витаминінің ең басты  биологиялық ролі оның организмде тотығу-тотықсыздану процесіне қатысатындығында. Аскорбин қышқылының организмге әсер ету механизмінде, оның биологиялық активті белоктар және жалпы белоктардың әрекетшіл HS – тобын тотығудан сақтау мүмкіншілігіне өте үлкен мән беріледі. Бұл функцияны аскорбин қышқылының тотыққан түрі атқарады. С витамині коллаген синтезінде пролин мен лизиннің, бүйрек үсті безінің гормондары кортикостероидтардың, триптофанның және басқа да көптеген заттардың гидроксилдену реакцияларына қатысады. Аскорбин қышқылының ұлпаларда тирозин мен гемоглобиннің тотыға ыдырауына, қанның қызыл түйіршіктері мен гемоглобин синтезіне үлкен әсер ететіндігі белгілі. С – витамині белоктар, көмірсулар, нуклеин қышқылдарының алмасуына қатысады. Сонымен қатар, аскорбин қышқылы дәнекер ұлпаның коллаген мен хондромукоид белоктарының, бауырдағы гликогеннің түзілуіне, қарын шырынының бөлінуіне әсері бар. Норадреналин мен серотонин нерв импульстерін өткізуге қатынасады, ал аскорбин қышқылы норадреналиннің дофаминнен синтезделуіне қатысып, біріншіні тотығудан сақтайды.

                              С авитаминозының белгілері

Аскорбин қышқылы адамдар, маймылдар, теңіз шошқалары, кейбір жоғары сатыдағы құстар организмінде синтезделмейді, сондықтан адам организміне ол тағаммен ғана түседі. С витамині авитаминозының басты белгісі – ол клетка аралық бекітуші, дәнекер заттардың жиналуының нашарлауы. Бұл жағдай қан тамырлары қабырғаларының беріктігін және дәнекер ұлпаның синтезін төмендетеді. Витамин организмде жетіспегенде құрқұлақ ауруы пайда болады, қан азаяды, ішек зақымданады, ет пен теріге қан кетеді, бауыр мен сүйектер де өзгеріске ұшырайды. Құрқұлақ ауруында қызыл иек қанталап, тіс ұнтақталып, босап, түсе бастайды, асқазан қызметі нашарлап, қарында бөлінетін шырынның шамасы азайып, қарын мен ішектің функциясы нашарлайды, сондай-ақ, кейбір гормондардың қызметі төмендейді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                       ІІІ. Қорытынды

Егер тамақтану дұрыс  жолға қойылмаса, яғни күнделікті пайдаланатын тағамдарымызда организмдерге қажетті  дәрумендер мөлшері жеткіліксіз  болса, онда организм әлсіреп, ол әртүрлі  ауруларға шалдығады, оның өсіп-өнуі мен жетілуі нашарлайды. Дәрумендер организмге тағамдар арқылы келіп түсетін белоктардың, майлардың, көмірсулардың және минералдық тұздардың алмасуын жылдамдатады және реттейді . 
 Дәрумендер – адам ағзасы үшін қажет, химиялық структурасы әртүрлі биологиялық белсенді заттар. Олар адам ағзасына күнделікті тұтынатын тағамдардан беріледі. Дәрумен жетіспеушілігі – құнарсыз тағамдармен тамақтанудан туындайды. 
 Дәрумендер – ерекше органикалық заттар. Адам олардың өте аз мөлшерін ғана пайдаланады. Бірақ дәрумендерсіз біздің орга-низміміздегі мүшелердің қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес. Дәрумендер организмнің тіршілік қабілеті үшін қажетті зат, ол адамның дене және ой еңбегін арттырады, оның өсуі мен дамуын, ауруға қарсы тұруын қамтамасыз етеді. Тағам құрамында дәрумендер жеткіліксіз болса, организмнің жұмысы нашарлап, қатты ауруға шалдығады. Дәрумендер өсімдік пен жануар өнімдерінен алынатын азық-түліктерде болады. Адам әр түрлі тағам ішу арқылы өзіне қажетті дәрумендерді алып отырады. 
Дәрумендерді А, В, С, D, және т.б. латын әріптерімен белгілейді. 
Барлық дәрумендерді әдетте екі үлкен топқа бөледі: 
1) суда еритін дәрумендер: оларға – В тобының дәрумендері мен С (аскорбин қышқылы); 
2) Майда еритін дәрумендерге А, D, К, Е, тағы басқалар жатады. 
 Дәрумендердің адам организмі үшін биологиялық мәні өте зор. Олар организмдегі зат алмасу процестерін жақсартады, организмнің әр түрлі жұқпалы ауруларға қарсы күресу қабі-летін күшейтеді және адамның жұмыс істеу қабілетін жақсартады. Сонымен қатар әрбір дәрумендердің организмде ерекше орындайтын өз міндеті бар.

 

 

 

 

 

                                      Жоспары:

І.Кіріспе

ІІ.Суда еритін витаминдер және олардың түрлері

ІІ.1.В1 витамині (тиамин, аневрин, антиполиневриттік)

ІІ.2.В2 (рибофлавин, өсу витамині)

ІІ.3.В3 витамині (пантотен қышқылы, антидерматиттік)

ІІ.4.В5 (РР) витамині (никотин қышқылы, никотинамид)

ІІ.5. В6 (пиридоксин, антидерматиттік)

ІІ.6.В12 витамині (цианкобаламин, антианемиялық)

ІІ.7.В15 витамині (пангам қышқылы, антианоксикалық)

ІІ.8.Свитамині (аскорбин қышқылы, антискорбуттық)

ІІІ.Қорытынды

ІҮ.Пайдаланылған  әдебиеттер

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                              ІҮ.Пайдаланылған әдебиеттер:

1. http://referaty-v.kz/

2.http://mercurschool.kz/load/biologija_valeologija_zoologija_anatomija_medicina/suda_eritin_vitaminder/1-1-0-1285

3.Балалар энциклопедиясы, III-том

4.  Қазақ Энциклопедиясы

5. Биология:Жалпы білім  беретін мектептің 8-сыныбына  арналған оқулық. Алматы: Атамұра, 2008. ISВN 9965-34-812-Х 

6. Патологиялық анотомия терминдерінің, орысша – латынша – қазақша түсініктеме сөздігі.- Ақтөбе. ISBN 9965-437-40-8

7.Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9



Информация о работе Суда еритін витаминдер